Ауырмаудың жолы – алдын алу

882

0

Жіті ішек инфекциялары – бактериялар, вирустар, қарапайымдылар тудыратын, балалар мен ересек адамдарда ішек қызметінің бұзылуымен (диарея) сипатталатын жұқпалы ауру. Ішек жұқпасы  әлемде ең көп таралған инфекциялардың қатарына жатады. Жұқпалы жіті ішек ауруларының бас көтеретін мезгілі – жаз айлары. Ішектің ауруға шалдығуы,  іштің бұзылуы организмнің кейбір тағамдарды қорыта  алмауымен  байланысты.

Инфекция гигиеналық тазалықтың төмен болуынан, азық-түліктен, жуылмаған көкөністерден, пісірілмеген сүттен, сапасыз тағамдар пайдаланғаннан, шала пісірілген тағамдарды қолдану, сондай-ақ, ауызсуды қайнатпай ішкеннен, лас суға түскеннен жұғады.

Аурудың алғашқы белгілеріне іштің жиі-жиі өтуі, дене қызуының көтерілуі, сәбилердің емуден бас тартуы, асқа тәбеті болмау, шөлдеу, құсу, бас ауру, жалпы әлсіздік, селқостық, мазасыздық, ауырсыну жатады. Науқастың жиі құсып, іші өткен сайын жағдайы ауырлай түседі. Өйткені, организм өзіндегі тіршілікке қажетті су мен тұзды көп жоғалтады. Жоғарыдағы аталған клиникалық белгілер пайда болса, міндетті түрде дәрігерге көріну керек. Мұндай кезде дәрігер келгенге дейін біраз уақыт кетеді. Сондықтан мүмкіндігінше ем жасай бастаған жөн. Ол үшін сұйықты мол, көбірек ішкізген жөн. Антибиотик қолдануға болмайды, өйткені аурудың клиникалық сипатын өзгертеді, мұның өзі дұрыс диагноз қоюды қиындатады.

Жоғалған сұйықтың орнын толтыру үшін ана сүті (нәрестелерге), айран, күріш суы, сұйық шай, кисель, қайнатылған және салқындатылған су, тұзды-минералды су ерітіндісі – «Регидрон» ұнтағының 1 пакеті қайнатылып, бөлме температурасында суытылып 1 литр суға дайындалады. Дайын ерітіндіні әр 3-5 минут сайын ішу керек. Егер құспаса, аз-аздан жиі ішкізуге болады. Ерітінді әр күнге жаңадан дайындалады.                                                                                                                         

Ішек инфекцияларының алдын алу үшін азық-түлік  сапасы өте маңызды. Бактериялар өміршеңдігін сақтап қана қоймай, асқазан-ішек жолына кір қол, ластанған су, сапасыз азық-түлік арқылы түсіп, қарқынды түрде көбейеді. Әсіресе, тұтынар алдында термиялық өңдеуден өтпейтін тағамдар өте қауіпті. Ондай тағамдарға салаттар, винегреттер, сондай-ақ жеміс-жидек жатады. Жаз және күз маусымында сүт өнімдерінде бактериялар көбейеді.

Кішкентай нәрестелерді аурудан сақтау үшін қарапайым санитарлық-гигиеналық ережелерді ұстанып, тамақтандырар және тамағын дайындар алдында қолды жақсылап сабындап жуу керек. Кей жағдайларда ауру өте ауыр түрде өтіп, өмірге қауіп тудыруы мүмкін. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз ешқашан да маңызын жоймайды.

Назым ЖАЙПАНОВА,

№1 қалалық емхана жұқпалы аурулар кабинетінің мейірбикесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<