Біз осы неге бейқамбыз?

577

0

Соңғы кездері қалада жедел жәрдем көлігінің дабылын жиі еститін болдық. Бұл ақ халатты абзал жандардан араша сұрайтындардың артқанын байқатады.


Шілде айының өзінде 46 мың қоңырау түскен. Орта есеппен алғанда, тәулігіне 1400-1500 шақыру болады. Оның үстіне өткен мамыр-маусым айымен салыстырғанда ол 8 мыңға артқан.

Тарқатып айтсақ, шақыру жоғары тыныс жолы аурулары бойынша 34%, пневмония 56,2%, жедел-респираторлы вирусты инфекция 37,5% артқан. Ал, коронавирус инфекциясы 52% көбейген. Дәрігерлер салқын су ішіп, дене температурасы жоғарылаған, тонзилит, фарингит, трахеит диагнозына шалдыққандар көбейгенін айтады. Сонымен қатар созылмалы ауруы бар науқастар да жиі көмекке шақыра бастаған. Оның қатарында қант диабеті, жүректің ишемиялық ауруы тіркелген науқастар бар.


Коронавирустың балалар арасында кең етек жайғаны да алаңдатады. Инфекция анықталған тұрғындардың 10 процентін балалар құрап отыр. Мәселен, осы айда Covid-19 инфекциясына байланысты 480 шақыру орындалған, оның 47-сін балалар құрайды. Сондай-ақ, пневмония диагнозына қатысты 1296 шақыру түскен. Жедел жәрдем шақырушылардың 68 проценті тасымалданып, оның 90 проценті ауруханаға жатқызылды.

Науқастар тақ күндері қалалық көпбейінді ауруханаға, ал жұп күндері облыстық инфекциялық ауруханаға жеткізілуде. Оның ішінде балалар облыстық балалар ауруханасына тасымалданады. Бастысы, алғашқы көмекке асығатын мамандар тұрғындардың қоңырауын жауапсыз қалдырмай, дереу тіркеп, дәрігерге хабарлауда барын салуда. Осындай қарбалас уақыт, күрделі кезеңде олардың әр минуты маңызды, өйткені ол адам өмірімен байланысты. Тек біздің қазіргі міндетіміз жауаптылық таныту және вакцинациядан өту болып отыр.


Бұл орайда екпеге қатысты аз-кем дерек кел­тірсек. Бүгінде облыста I компонентті 225 мың­нан астам адам қабылдаған, II компонент 160 мыңнан аса тұрғынға егілген. №6 қалалық емхана аумағындағы облыстық орталықтандырылған вакцина сақтау қоймасы 1 ақпаннан бастап жұмы­сын жалғастыруда.


Емхана орынбасары Нұргүл Жалыбекқызымен тілдескенімізде ол бүгінге дейін 267 700 I-тур, 228 335 II-тур QazVac, Hayat-Vax, CoronaVac, Спутник V / Гам-КОВИД-Вак вакциналары келгенін айтты. Біз барған күні де Спутник V вакцинасы I-турының 17 мың дозасы жетті. Байқағанымыздай, жаңадан әкелінген вакциналарды арнайы жұмыс бригадасы күтіп алады. Алгоритм бойынша қоймаға жеткізілген жүктің көлемі мен саны, сериясы, сақтау мерзімі және сапалық нормасының құжаттық есепке сәйкестігін тексереді.


– Спутник V -18, -25, -26, қалған вакциналар +2, +6 градустағы арнайы температуралық режимде сақталады. Қоймадағы тоңазытқыштардың барлығы мамандардың көмегімен қажетті күйге келтірілген. Мамандар жұмысқа кіріспес бұрын және жұмыс күнінің соңында міндетті түрде мұздатқыштардың темпера­турасын журналға тіркейді, – дейді Н.Жалыбекқызы.

Бүгінде 7 аудандағы және қаладағы емханаларға аталған қоймадағы вакциналар таратылуда. Қала аумағында олар активті тер­моконтейнерлер арқылы тасы­малданады. Ал, аудандарға авто­рефрижератор көліктер арқылы тер­моконтейнерлерге логгер аппаратын салып, «суық тізбекті» үзбей жеткізеді.

Жеткізілгеннен кейін жауапты мамандар қабылдап, компьютер арқылы температуралық режимі сақталғаны жөнінде логгердегі деректерді тіркейді.


Ауруханаларды оттегі бал­лондарымен қамту ісінде де жүйелілік барын айта кетсек. Жақында облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ағынды оттегі терапиясы аппаратының 10 данасы келді.

Бұл жолы жаңа аппараттарды «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы табыстаған. Меди­циналық құрылғыларды Гонконг елінен алдыруға мекеме өз қар­жысы есебінен 24,5 млн теңге жұмсаған. Қазір «Ұлттық орталық кардиохирургия орталығы» АҚ мамандары аталған аппараттарды тыныс алу жеткіліксіздігі бар науқастарға қолдануды ұсынып отыр. Бұған дейін де компания Қазалы ауданаралық ауруханасына оттегі станциясын орнатуға 58 миллион теңге бөлген еді. Осыған қарап, өңірде кеселмен күрес күшейтілгенін байқауға болады. Бірақ, оны білсек те, көбіміз қаннен-қаперсіз жүрміз. Осы біз неге бейқамбыз?


Мөлдір Қалымбет,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<