Мектеп медицинасы: балалар саулығын сақтаудың басты қадамы

792

0

Ұрпақ саулығы – ел дамуының маңызды басымдықтарының бірі. Сондықтан балалар жеңілдік санатына кіреді және мемлекет есебінен МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Оларға сақтандыру қорымен шарт жасасқан медициналық ұйымдар тегін қызмет көрсетеді. Былтыр елімізде мектеп медицинасына шамамен 26,1 млрд теңге қарастырылған.

Бұл – білім беру ұйымдарындағы және мектеп жасына дейінгі балаларға медициналық көмекті ұйымдастыруды көздейтін сала. Бір сөзбен айтқанда, жас ұрпақтың денсаулығын қорғау және нығайту, аурудың алдын алу, денсаулық жағдайын жүйелі бақылау, яғни, білім беру ұйымдарындағы балаларды қажетті медициналық қызметтермен қамтамасыз ету.  Өңірде мектеп медицинасының қызметі қандай?

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек,  барлық БСМК ұйымдарына қарасты 289 мектеп  болса, оның  278-і медпунктпен қамтамасыз етілген. Оның 55-і қала мектептерінің үлесінде. Бүгінде мектептердің құрал-жабдықтармен жарақталуы 82,3%-ды құрайды. Мектептердегі медпункттерде барлығы 424 мейірбике жұмыс істейді. Олардың қызметін емханалар үйлестіреді. Осы орайда қаладағы іргелі медициналық мекеменің бірі – №3 емхана маманымен тілдескен едік.

– 2017 жылы елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгені белгілі. Осыған байланысты оқушылар мен тәрбиеленушілерге медициналық көмек көрсету қызметі білім беру жүйесінен алынып, денсаулық сақтау саласына берілді. Мектеп медицинасының қызметіне вакциналау, жыл сайынғы профилактикалық тексеру, тіс дәрігерінің тексеруі кіреді. Сондай-ақ дәрігерлер саламатты өмір салтын ұстану жөнінде іс-шаралар өткізеді. Егер профилактикалық тексеруде патология анықталса, онда бала тіркелген жері бойынша емханаға тереңдетілген медициналық тексеруге жіберіледі. Балаларды вакциналау ата-аналарының келісімімен Ұлттық егу күнтізбесі бойынша жүргізіледі. Шұғыл жағдайларда жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін балаларға алғашқы көмек көрсетіледі. Біздің №3 қалалық емханаға 10 мектеп қарайды. Мектеп медбикелері балалардың дене қызуын өлшеп, профилактикалық тексеруге барғандарға стоматолог кеңесінен бөлек әр маманға қаралу үшін жолдама дайындайды. Нақтырақ айтқанда, 15598 балаға КМАЖ бойынша бөлек-бөлек жолдама шығарады, – дейді №3 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Нұрия Жұмағалиева.

Осылайша мектеп медицинасы оқушылардың денсаулық жағдайын үздіксіз бақылауға, қажет болған жағдайда уақытылы алғашқы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

№3 емханаға қарасты білім ұясының бірі – Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі. Онда 4 мыңға жуық бала бар. Сәті түскенде мұндағы медпунктке барып, жұмыс барысымен таныстық. Есіктен енгенім сол, менімен қабаттаса бірін-бірі жетектеген екі бала да кірді. Бірі – қыз, екіншісі – ұл. Кірген бойда оқушы қыз: «Апай, мына баланың басы ауырып тұр, қарап жіберіңізші» деді. Әсілі, сынып старостасы болуы керек. Мейірбике  баладан қашаннан бастап ауырғанын сұрады. Тағы бір-екі сұрақ қойды. Баламен сөйлесе жүріп, оның қызуын тексеріп, тамағын қарады. Дене қызуы қалыпты екен. Мейірбике шамалы бақылап көруге, егер ауырғаны қоймаса, қайта келуге кеңес берді. Бұл мейірбике Әсел Жарылқасынова екен. Келесі бөлмеден мейірбике Зухра Абасилова көрінді. Ол – осы жерге жауапты маман.

Шағын екі бөлменің іші тап-таза, жинақы. Қажетті құрал-жабдықтары түгел. Жауапты маманның айтуынша, мұнда балаларға негізінен алғашқы көмек көрсетіледі және профилактикалық тексерістер жүргізіледі.

– Мектепте медициналық пункт 2010 жылы ашылды. Мен 2011 жылы жұмысқа келдім. Сонан бері осы жерде істеймін. Бұрын медициналық пункт білім бөліміне қарайтын, 2017 жылдан бастап денсаулық сақтау саласына беріліп, емханаға қарайтын болдық. Осының негізінде қызметіміз де кеңейді. Көріп отырсыз, балалар өздері көмек сұрап келіп жатыр. Бірі басым ауырды десе, келесі бірі дене қызуының көтерілгенін айтып келеді, енді бірі ішім ауырды деп келеді. Ойнап жүріп құлап қалуы мүмкін, аяғын, қолын сындырып алып жатады немесе жарақаттанып қалады. Сондай жағдайда алғашқы көмек көрсетеміз. Осы жерде Ұлттық күнтізбеге сәйкес оқушыларға екпе салынады. Оны алдын ала өзіміз жоспарлап, емханадан бригада шақыртамыз, – дейді Зухра Мәделханқызы.

Медпунктте жалпы 4 мейірбике бар. Олар екі мезгілге бөлініп жұмыс істейді. Алғашқы көмекке қажетті, ауруды басатын дәрілер.  Керек болған кезде жедел жәрдем шақыртылады.

– Қандай көмек жасасақ та, яғни, екпе салатын болсақ та, жедел жәрдем шақыртсақ та, міндетті түрде ата-анасының рұқсатын аламыз. Ата-анаға ескертусіз, олардың рұқсатынсыз ештеңе істей алмаймыз. Оған құқымыз жоқ. Бала болған соң түрлі жағдайларға кезігіп жатады. Осындай кездерде міндетті түрде алғашқы көмек көрсетеміз, болмаған жағдайда жедел жәрдем шақыртамыз.

Қызметкерлер саны әр мектепте әртүрлі. Негізінен мектептегі бала санына байланысты, – деп атап өтті мейірбике.

Сұхбаттасып отырғанда тағы бір бала келді. Іші ауырып тұр екен. Мейірбике ішін басып көріп, ыстығын тексерді. Не ішіп-жегенін сұрады. Дене қызуы қалыпты екен. Қайтарып жіберді.

– Бұлар  осылай өздері келе бере ме? – дедім. Зухра апай «иә» деді күліп.

– Балалар бұл кабинетті жақсы біледі. Сәл мазасы болмай тұрса келеді. Майлы тамақты көп жеп қоюы мүмкін, болмаса чипсы, кириешки, тәтті сусындарды көп ішеді. Сонан асқазанға күш түсуі мүмкін. Соның салдарынан мазасызданады. Одан бөлек, қазіргі кезде балалардың көбінің басы ауырады. Оны күнделікті жұмыс барысында, профилактикалық тексерулер кезінде де байқаймыз, – деді ол.

Баланың ит-мысыққа құмар болатынын білеміз. Сол ит-мысықтардан  ауру жұқтыру жағдайы жиі кездеседі екен. Сондай-ақ, маусымдық жұқпалы аурулар кезінде де талапқа сай әрекеттер жасалады.

Сонымен бірге өздеріне ұнамайтын сабақтарына қатысқысы келмесе де басының ауырғанын, ішінің бүргенін сылтауратып, сабақтан қайтып кетуді ойластырып келетіндер де бар екенін мейірбике жасырмады.

– Бала емес пе, кейде өздеріне ұнамайтын немесе қиын сабақтарға қатысқысы келмесе де басым ауырды, ішім ауырып тұр деп келе береді. Біз де психологпыз ғой, кімнің шынымен ауырып, кімнің өтірік ауырып тұрғанын біле қоямыз, – дейді Зухра Мәделханқызы  күліп.

Мейірбикенің айтуынша, профилактикалық тексерулер балалар арасында аурудың алдын алу, ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді. Осы орайда өткізілген тексерулерді саралай келе балаларда көз ауруының,  бас ауруының жиі кездесетінін айтады.

– Мәселен, былтыр «Д» есепке 500 бала, биыл 534 бала есепке алынды. Оның басым бөлігі – көз және бас ауруымен ауыратындар. Сонымен бірге тіс жегісі және гастрит, яғни, асқазан ауруы көп. Мысалы, гастритпен биыл 63 бала есепке алынды. Миопиямен, яғни, көз ауруымен 282 бала есепте тұр. Онан бөлек, өт, ішек аурулары да жиі кездеседі. Біз осыларды анықтап, құжатын емханаға жібереміз. Емханада әрі қарай бала емделуі тиіс,– дейді Зухра Абасилова.

Сондай-ақ, жоғары сынып оқушыларын әскерге дайындау да осы кісілердің міндетіне кіреді. Құжат әзірлеу – үлкен жұмыс. Оның үстіне кейінгі кезде мектептерде бастауыш сынып балаларына тегін ыстық тамақ беріле бастағанын білеміз. Сол тағамдардың құнарын, талапқа сай даярлануын, гигиеналық нормаға сай болуын күнделікті қадағалау да мейірбикелердің тікелей қызметіне жатады.

Айналасы 30-40 минуттың ішінде үш-төрт бала түрлі шағыммен келді. Мейірбикелердің айтуынша, медпунктке күніне жиырмаға жуық бала қаралады екен.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<