Адам өмірінің ең қымбат қазынасы – денсаулық. Денсаулық күзетінде тұрып, талай жанның үмітін қайта тірілтіп, сырқат жүрегіне жылу сыйлайтын жандар – дәрігерлер. «Ақ халатты абзал жан» деген қанатты сөз бекер айтылмаса керек. Осындай жүрегі кең, қолы шипалы, кәсібіне адал дәрігерлердің бірі – Ләззат Жұбанова.
Ләззат Серікқызының өмір жолы – еңбек пен ізденістің, табандылық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Ол 1996 жылы Әйтеке би кентіндегі Қ.Сәтбаев атындағы №216 орта мектепті бітірген соң медицина саласын таңдайды. Осы жылы Ақтөбе медицина институтына түсіп, жүрегі қалаған мамандығын қызыл дипломмен бітіріп шықты. Ал 2003 жылы Батыс Қазақстан медицина академиясын аяқтап, кәсіби маман ретінде үлкен өмірге жолдама алады.
Ол 2003-2004 жылдары терапевт-кардиолог мамандығы бойынша интернатурадан өтіп, тәжірибесін шыңдайды. Ал 2004 жылдан бастап Қазалы ауданы Жетес би ауылдық емханасында аймақтық терапевт болып қызметін бастады. Бұл дәрігер үшін ең маңызды кезеңдердің бірі еді. Себебі Әйтеке би кентіндегі халықпен етене араласып, олардың денсаулығына тікелей жауап беру үлкен білім мен төзімділікті талап етеді.
Ләззат Серікқызы 2016 жылға дейін аталған емханада табан аудармастан еңбек етіп, аймақтық терапевт ретінде талай науқастың алғысына бөленді. Оның сырқатқа қойған диагнозы, айтқан әрбір кеңесі – өмірлік маңызы бар шешім болатын. Осы жылдар ішінде ол тек тәжірибе жинап қана қоймай, өз ісінің нағыз шеберіне айналды.
Кейінгі жылдары дәрігердің кәсіби ауқымы кеңейе түсті. 2017-2018 жылдары аудандық емханада кардиолог дәрігер әрі функционалист ретінде жұмыс істеп, жүрек ауруларын анықтаудың заманауи тәсілдерін меңгерді. Ультрадыбыстық зерттеу, холтер мониторингі, тредмил тест сынды күрделі диагностикалық әдістерді игеріп, науқастарға сапалы қызмет көрсетті.
2018-2019 жылдары ауданаралық аурухананың терапия бөлімінде терапевт және узист қызметін атқарды. Бұл кезеңде оның тәжірибесі бұрынғыдан да толығып, жүрек-қан тамырлары ауруларын тереңірек зерттеп, емдеуде жаңа деңгейге көтерілді.
Ләззат Жұбанованың кәсіби жолындағы маңызды белестердің бірі 2019 жылдың қыркүйек айы болды. Осы уақытта Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде төрт ауданға – Қазалы, Қармақшы, Байқоңыр және Арал аудандарында қызмет көрсететін кардиология және ангиография бөлімі ашылды. Ол 15 төсек-орынға арналған бұл бөлімге меңгеруші болып тағайындалды. Бұл – оның көп жылғы еңбегінің, кәсіби біліктілігінің жоғары бағалануы.
Бүгінде кардиология бөлімі 45 төсек-орынға дейін ұлғайып, өңірдегі маңызды медициналық орталықтардың біріне айналды. Ал Ләззат Жұбанова сол бөлімнің білікті меңгерушісі ретінде абыройлы қызмет атқарып келеді. Оның жетекшілігімен жүздеген науқас дер кезінде ем алып, өмірге қайта оралуда. Солардың бірі – мен. Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген аталы сөз бар. Мен де көзбен көріп, көңілге түйгенімді шынайы құрметке лайық жандарға осы жазбам арқылы шексіз ризашылығымды білдіргім келеді
Дәрігердің өмірі тек қызметпен ғана шектелмейді. Ол – өнегелі отбасының тірегі, аяулы ана. Отағасы Талғат Елбосынов та медицина саласының қызметкері, дәрігер. Бұл – бір мақсат, бір мұрат жолында тоғысқан жандардың жарасымды одағы. Жарасымды жұп шаңырақта үш бала тәрбиелеп отыр. Халық арасында дәрігердің шынайы бағасы – оның емделушілерінің алғысы.
Ләззат Жұбанова сынды мамандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Себебі олар күн сайын адам өмірі үшін күресіп, әрбір жүректің соғуына себепкер болып жүр.
Әділбай ТӨЛЕЕВ,
Қамыстыбас ауылдық округі тұрғыны.
Арал ауданы





