Мүгедектігі бар адамдар неге көбейді?

783

0

Бүгінде әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз,  баласының еміне көмек сұрап зар жылаған ана мен саулығына сауға сұраған науқас жанның бейнежазбасынан көз сүрінеді. Рамазан айы мен Құрбан айт секілді діни мерекелерді айтпағанда, жай күндердің өзінде мұндай жарнамалардың жиі алдымыздан шығуы нені білдіреді? Елімізде ауру бала, мүгедек адамның соншалықты көп болғаны ма? Әлде ұлт саулығын қорғайды деген медицинамыздың халі мүшкіл ме?

Олай дейін десек, жыл сайын бұл салаға құйылып жатқан қаржының есебі жоқ. Түрлі бағдарламалар да қабылданып, ауқымды шаралар атқарылуда. Сонда кінәрат неде? Әрісін айтпағанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ел. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ұлт саулығына басымдық беріп, медициналық инфрақұрылымды жақсарту, әсіресе, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау қызметін дамыту жөнінде айтып, бұл бағытта ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырды. «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын. Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған» делінген Жолдауда.

Жалпы Презденттің жыл сайынғы Жолдауларында, түрлі ауқымды басқосулар мен жиындарда сөйлеген сөзінде денсаулық сақтау саласын дамыту, ұлт саулығын жақсарту жөнінде үнемі айтылып, нақты тапсырмалар беріліп келеді.  Сонда әлгіндей аянышты жарнамалардың жиілеуінің себебі неде? Ауруды тап басып анықтағанымызбен емдеуге келгенде еңсеміз түсе ме? Мүмкін олқылық оңалтуда шығар?  Сұрақ көп, жауап ше?

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыс бойынша департаменті медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша  өңірде «Мүгедектігі бар адамдардың орталықтандырылған деректер банкі» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде тіркелген мүгедектігі бар адамдардың жалпы саны – 31775, оның ішінде ересектер – 26143, балалар – 5632. Облыстағы жалпы халық саны (832488 адам) бойынша мүгедектердің үлес салмағы 3,8%-ды құрайды. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 2700 адамға алғаш рет мүгедектік топ тағайындалған. Бұл көрсеткіш 2020 жылы  2052 адамды құраса, 2021 жылы 2221 адам болған. Есепті кезеңде 10000 халыққа шаққандағы алғашқы мүгедектіктің қарқынды көрсеткіші 32,5% құраған (2020ж – 25,2%, 2021ж – 26,9%) (республикалық көрсеткіш – 27,4%).

–    Былтыр алғашқы мүгедектіктің қарқынды көрсеткіш деңгейінің 2020, 2021 жылдармен салыстырғанда едәуір өскені байқалады. Кейінгі 3 жылдың қорытындысы жастық, жыныстық, нозологиялық құрамы бойынша мүгедектіктің жасарғанын, еңбекке қабілетті жастағы адамдардың алғашқы мүгедектікке шығу басымдығын көрсетеді.

Қала, аудандар бөлінісінде алғашқы мүгедектік белгілеу көрсеткіші Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы, Жалағаш, Сырдария аудандарында жоғары деңгейде екені анықталды. Ал қалалық медициналық ұйымдар бойынша алғашқы мүгедектік белгілеу көрсеткіші №1, №6, №3 қалалық емханаларда, «Alexey Sultan Akhmet» ЖШС, «Сенім» ЖШС, №4 және  №5 қалалық емханаларда өсу байқалады, – дейді департамент басшысының медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері жөніндегі орынбасары Тілеукүл Мырзахметова.

  Ересектер арасындағы алғашқы мүгедектіктің нозологиялық құрамы бойынша бірінші орында жүрек-қан айналым жүйесі аурулары, екінші орында қатерлі ісіктер болғанымен, кейінгі жылдары көз аурулары салдарынан  мүгедектер саны өсуде. Сонымен қатар жарақаттар салдарынан алғашқы мүгедектікке шығу да 9,8%-дан 11,6%-ға өскені анықталды.

Өңірдегі бала мүгедектігі – медициналық-әлеуметтік сараптаманың өзекті мәселелерінің бірі. Мәселен, былтыр 18 жасқа дейінгі балалар арасында мүгедектікке 945 бала шыққан. 2021 жылы  бұл көрсеткіш 748 болған, яғни, есепті кезеңде 197 балаға көбейген. Балалар арасында алғашқы мүгедектікке шығудың нозологиялық құрылымы бойынша бірінші орында – жүйке жүйесі аурулары. Оның салдарынан алғашқы мүгедектікке шыққандардың үлес салмағы 31,6%-дан 35,4%-ға  өскен. Екінші орында –  туа біткен даму ақаулары, деформация және хромосомдық ауытқулар. Ол бойынша танылған мүгедектігі бар балалардың үлесі 35,2%-дан 29%-ға төмендегені байқалады. Үшінші орындағы  тыныс алу органдарының аурулары 5,7%-дан 7,7%-ға өссе, төртінші орында тұрған эндокриндік аурулар, тамақтану және зат алмасудың бұзылуы аурулары 3,6%-дан 4,2%-ға өскені байқалады.

–    Биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша  облыстағы мүгедектігі бар адамдардың жалпы саны 32012, оның ішінде ересектер – 26043, мүгедектігі бар балалар – 5969. Биылғы 3 айда 664 қызмет алушыға алғаш рет мүгедектік тобы тағайындалды. Есепті мерзімде 10 мың адамға шаққандағы алғашқы мүгедектіктің қарқынды көрсеткіші 7,9% құрады (2022ж. I тоқсан –7,2%, 2021ж. I тоқсан –7,1%, 2020ж. I тоқсан – 7,3%). Республикалық көрсеткіш – 7,1%. Талдау көрсеткендей, кейінгі 3 жылда аталған көрсеткіштің өсуі байқалады. Алғаш рет мүгедектік тағайындалған 409 ересек адамның 293-і (71,6%) жұмысқа жарамды жастағылар болса, 77-сі (28,4%) – зейнеткерлер. Қала, аудандар бөлінісінде алғашқы мүгедектік белгілеу көрсеткіштері Қызылорда қаласы, Арал, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарында елеулі өскені байқалады. Ересектер арасында алғашқы мүгедектікке шығудың нозологиялық құрылымын талдап, өткен жылмен салыстырғанда бірінші орында тұрған қан айналымы жүйесінің аурулары салдарларынан алғашқы мүгедектікке шыққандар 24%-дан 26,4% -ға өскен. Екінші орында – қатерлі ісік аурулары. Оның көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 21,1%-дан 21,8%-ға өскен. Үшінші орында – көз аурулары. Ол бойынша алғаш рет танылған мүгедектік 13% болып, былтырмен салыстырғанда  бір деңгейде. Төртінші орындағы жарақаттар салдарынан алғашқы мүгедектікке шығу 12%-дан 10,5%-ға төмендеген. Нақтырақ айтқанда, биылғы I тоқсан қорытындысымен ересектер арасында қан айналымы жүйесінің аурулары және қатерлі ісік аурулары салдарынан алғашқы мүгедектікке шыққандардың өткен жылмен салыстырғанда өскені байқалады, – дейді Тілеукүл Мырзахметова.

Сондай-ақ, маман алдыңғы 2 жылмен салыстырғанда биылғы 3 айда алғашқы мүгедектіктің I-II ауыр топтарының өскенін, ал III топтың төмендегенін айтады. Бұл көрсеткіш алғашқы куәландыруға келген науқастардың аурудың асқынған түрлерімен, ауыр дәрежеде тіркелетінін білдіреді.

18 жасқа дейінгі балалар арасында мүгедектікке 254 бала шыққан, былтырғы 3 айда бұл көрсеткіш 212 болған, яғни, есепті кезеңде 42 балаға көбейген. Балалар арасында алғашқы мүгедектікке шығудың нозологиялық құрылымы бойынша  салыстырғанда бірінші орында жүйке жүйесі ауруларының салдарынан алғашқы мүгедектікке шыққандардың үлес салмағы 30,2%-дан 36,6%-ға өскен. Екінші орындағы туа біткен даму ақаулары, деформация және хромосомдық ауытқуларынан танылған мүгедектігі бар балалардың үлес салмағы 33,5%-дан 30,3%-ға төмендегені байқалған. Ал үшінші орындағы тыныс алу органдарының аурулары 4,7%-дан 10,2%-ға өссе, төртінші орыннан көрінетін психикалық бұзылулар және мінез-құлықтың бұзылуы 2,4%-дан 3,9%-ға өскен.

– Биылғы алғашқы тоқсан қорытындысында балалар арасында жүйке жүйесі ауруларынан, туа біткен даму ақаулары, деформация және хромосомдық ауытқулар салдарынан алғашқы мүгедектікке шыққан балалардың үлесі төмендемей отырғаны, тыныс алу органдары ауруларының өткен жылмен салыстырғанда екі есеге өскені, психикалық бұзылулар және мінез-құлықтың бұзылуы ауруларының қайта өсу үрдісі байқалады. Талдау барысында сондай-ақ, алғашқы мүгедектікке шығудың мынадай себептері анықталды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарағанда былтыр облыс бойынша жалпы аурушаңдық көрсеткішінің 2021 жылмен (692023) салыстырғанда өскені байқалады (708568). Оның ішінде ересектер арасында 451043-тен 471361-ге, атап айтқанда, ересектер арасында қан айналымы жүйесінің аурулары 23471-ден 23787 адамға, көз аурулары мен оның қосалқы аурулары 15164- тен 15415 адамға және жарақат 18230-дан 19720 адамға өскен. Сәйкесінше, ересектерде бұл аурулар салдарынан алғашқы мүгедектік белгіленгендер көбейгені байқалады. Ал жалпы аурушаңдық көрсеткіші бойынша балалар арасында жүйке жүйесі ауруларының 2021 жылмен салыстырғанда 11231-ден 11495-ке, туа біткен даму ақаулары, деформация және хромосомдық ауытқулар 1845-тен 2264-ке, эндокриндік, тамақтану және зат алмасудың бұзылуы аурулары 3462-ден 3525-ке өскен. Осы орайда өңірдегі алғашқы мүгедектікке шығу көрсеткішінің артуына жалпы аурушаңдықтың көбеюі негізгі себеп болып отыр. Аурушаңдықтың өсуіне экологияның кері ықпал ететіні жоққа шығарылмайды. Талдау нәтижелері көрсеткендей, ересектер арасында алғашқы мүгедектікке шығу көрсеткіштерін құрайтын нозологиялар бойынша пациенттерде бұл ауру түрлері кеш анықталады. Асқыну дәрежесінің ауырлауы бойынша мүгедектіктің 1-2 ауыр топтары өскен. Медициналық емдеу іс-шараларының уақытылы көрсетілмеуінен асқынулар мүгедектікке әкеліп соғатынын көрсетеді, – дейді Тілеукүл Тәңірбергенқызы.

Аурудың алдын алып, бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсетуде емханалардың ролі ерекше екені белгілі. Кейінгі жылдары оларға жүктелген міндет, атқаратын қызметі тіпті күшейді десек қателеспейміз. Осы орайда   қаладағы іргелі медициналық мекеменің бірі – №3 қалалық емханаға бардық. Ондағы дәрігерлік консултативтік кеңес төрайымы  Гүлнара Битаевамен жолығып, ол кісіге жоғарыда айтылған сұрақтарымызды қойған едік.

–    Шынында кейінгі кезде қоғамда ауру да, мүгедектік те өсіп отырғаны байқалады. Мысалы, біздің емхана бойынша былтыр 1105 мүгедек болған, қазіргі кезде олардың саны 1161-ге жетіп отыр. Оның 425-і – бала, 736-сы – ересектер.  Былтыр емханаға тіркелген тұрғындардың бір бөлігі жаңадан ашылған емханаға ауыстырылды. Соның өзінде мүгедектік азаймай отыр. Былтыр 218 науқас алғаш мүгедектік алды. Ал 2021 жылы 196 болған. Оның ішінде ересектер – 112, балалар – 106. Биылғы алғашқы тоқсанда 57 науқас алғаш мүгедектік алса, соның 28-і балалар үлесінде, 29-ы – ересек. Жалпы қазіргі кезде емхана 50432 тұрғынға қызмет көрсетеді. Нозология бойынша сараласақ, ересектер арасында қан айналым жүйесінің аурулары, яғни, жүрек, инсульт, инфаркт аурулары,  қатерлі ісік және көз аурулары алдыңғы орында. Ал балаларда тыныс жолы аурулары бірінші орынға шығып тұр. Былтыр бірінші орында туабітті ақаулар болған. Екінші орында туабітті ақау, үшінші орында ДЦП, яғни, сал аурулары. Бұған не себеп десек, меніңше біріншіден, шала туған балалардың көбеюі деп ойлаймын. Қазір 500 грамдық шала туған баланы есепке алып, оны әрі қарай емдеп, адам қатарына қосады. Бірақ ол балада бәрібір қандай да бір ауру қалады. Туабітті ақаулардың артуы, тыныс жолы ауруларының көбеюі содан деп ойлаймыз. Екіншіден, науқасты диспансерлік есепке алғаннан кейін оларға оңалту шаралары жүргізілуі керек. Міне осы жағы жетіспейді. Біздің өңірде оңалту орталықтары бар, дегенмен олар жеткіліксіз. Бір бала кемінде жылына екі рет арнайы ем-дом алуға тиіс. Бізде кезекті ұзақ күтіп қалатын жағдайлар болады. Сал ауруы, туабітті ақаулар ұзақ әрі жүйелі емді қажет етеді. Сондықтан ата-аналар кезекті ұзақ уақыт күткісі келмейді. Оған қоса оңалтуға тек мүгедектігі барлар ғана емес, диспансерлік есепте тұратын өзге де балалар, науқастар жіберілетінін ескерсек, жағдайды түсінуге де болады. Мысалы, биыл мүгедектігі бар балалардың Талсуаттағы оңалту орталығына 76-сы жіберілді. Былтыр 49 бала оңалтудан өткен. Пандемияға байланысты оңалту шаралары азайып қалған еді, қазір қалыпқа келді. Жеке клиникалар да көптеп ашылып жатыр. Бірақ олар ақылы, сондықтан көбінің қаржысы жете бермейді.

Балалар арасында түрлі аурудың артуының тағы бір себебі аналардың денсаулық көрсеткішінің төмендігімен де байланысты. Қазіргі кезде ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдердің денсаулық индексі өте төмен деңгейде. Екінің бірі қаназдықпен, түрлі инфекциялық аурулармен ауырады. Әйелдің бойындағы ауру міндетті түрде балаға беріледі. Сондықтан олардың денсаулығына мән беруіміз керек. Одан бөлек, қазір әйелдер нәрестелерін емізбейді, жасанды сүтпен, қосымша тамақтармен тамақтандырғанды жөн көреді. Бұл бала денсаулығына зиянын тигізуде. Әйтпесе мүгедектігі бар жандарға көрсетіліп отырған әлеуметтік көмектер өте көп. Жәрдемақыдан бөлек, қажетті тұрмыстық заттар, құралдар тегін беріледі, – дейді Гүлнара Есенгелдіқызы.

Дәрігердің айтуынша, бір отбасында екі, үш  мүгедек бала тәрбиеленетін жағдайлар кезігеді. Әсіресе аутизм, көз аурулары кейінгі кезде белең алып отыр. Маман ол аурулардың басты себебі – гаджет екенін айтады.

–    Қазір оңалту орталықтары аз емес. Оларға кезекпен жіберіледі. Мүмкін қолжетімділік аздау болып қалатын шығар. Бірақ қажет еткен жанды, баланы көмексіз қалдырмаймыз. Көпшілікте «шетел медицинасы керемет» деген түсінік бар, олай емес. Әрине, ағза алмастыру секілді кейбір күрделі операцияларды жасауда, кейбір сирек кездесетін ауруларды емдеуде шетел медицинасының мүмкіндігі мол шығар, бірақ өзіміздің отандық медицина да жақсы дамып келеді. Тек тұрғындарға бұл жөнінде дұрыс, нақты ақпарат жетпей жатуы мүмкін. Жылдан жылға балаларды оңалту көмегі артып келеді. Керісінше, балалар арасында түрлі ақаулардың, аурулардың анықталуы да артып отыр. Өзім акушер-гинекологпын. Бұрын жүктілікті уақытынан бұрын үзу көрсеткіші көп болатын. Қазір олай емес, туа біткен ақау бола тұра, өмір сүру мүмкіндігі болса біз жүктілікті үзбейміз. Негізі қандай ақау болса да ата-анасының рұқсатынсыз шешім қабылданбайды. Туабітті ақауы бар балалардың өмір сүру ұзақтығы да жыл сайын ұзарып келеді.  Алдағы уақытта да оңалту шараларына көңіл бөлінеді, – дейді №6 қалалық емхана бас дәрігері Жаннат Қожарипова.

Ал жуырда ғана журналистерге арнап брифинг берген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова аймақта ерекше балаларға жасалып жатқан жұмыстарға да тоқталған болатын.

–    Өңірде ерекше балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы былтыр ашылған болатын. Бүгінгі күнге дейін  онда 2500-ге жуық бала ем алды. Ал оның 25,3 пайызы – мүгедектігі бар балалар. Осы ретте  ерекше балалардың толыққанды ем алуы үшін «Қамқорлық» орталығын бірнеше аудандарда ашуды жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Алла ешкімді баламен сынамасын деп тілейік. Себебі  «баламның табанына кірген тікен маңдайыма қадалсын» дейтін әрбір ата-ана үшін перзентінің ауруынан асқан қасірет жоқ.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<