Өз бейқамдығың өзгеге кесір болмасын

906

0

Қызылордада коронавирус инфекциясы табылған алғашқы науқас тіркелгелі үш айдай уақыт өтті. Содан бері вирус құрығына талайлар ілікті. Қазір көрінбейтін, бірақ тым қауіпті «жаумен» күресте дәрігерлерге сенім артып отырмыз. Оның үстіне соңғы күндері эпидемиологиялық жағдай күрделеніп кетті. Медицина қызметкерлері биылғы кґсіби мерекені денсаулық күзетінде қарсы алуда. Олар мерекеге, тіпті демалыс, күн мен түнге қарамастан өз міндеттерін қалтқысыз атқаруда. Кеселмен күрестің алғы шебінде жүрген облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының инфекционист-дәрігері Қанат Жукешов – сол саулық сақшыларының бірі.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында бокс аталатын бөлім бар. Негізінен бұрын мұнда аса қауіпті аурумен, айталық Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы инфекциясымен, тез таралатын қызылшамен ауырған науқастар емделетін. Қазір коронавируспен сырқаттанған 70-тен астам пациент бокста және тағы осындай екі бөлімге жатқызылған. Қауіптілігі жоғары осы бокс бөлімінде қызмет ететін Қанат Талғатұлы коронавирус жұқтырған науқастарды емдеуде өз өмірін де қорғау қажеттігін алғашқы күні-ақ түсінді. Бірақ тәуекел етті. Соның арқасында қазірге дейін 200-ден астам науқас отбасымен қауышты, үйлеріне оралды.

–        Бастапқы кезде «енді қалай болады?» деген түсінік­сіздеу сезім болды. Екі ай өткеннен кейін ғана жағдайға толық үйрендік. Төтенше жағдай кезінде бір ай бойы үйге бармадық, балаларымызды көрмей, күні-түні ауруханада кестемен санаспай еңбек еттік. Себебі, науқастар таңертең де, түсте де, түнде де жеткізілетін. Мұндайда уақытқа қарауға мұршамыз қайдан болсын? – деді дәрігер.

Айналаға зер салсақ, әлі де болса вирусқа сенбей, алыпқашпа ақпарат таратып жүргендер бар. Ал мұндай керітартпа көзқарас кеселдің қиын­дығын көбейтпесе, азайт­пайтыны белгілі.  Дәрі­герден мұның да себебін сұрадық.

– Инфекция бар. Мұны біз ғана емес, бүкіл әлем мойындады. Ел бойынша 80-нен астам адам осы ауру себебінен өмірден озды. Олар біреудің әкесі, анасы, енді бірінің ағасы, әпкесі еді. Әр адам, әр отбасы коронавирус инфекциясымен кездесіп, осындай жағдайға тап болғанда ғана сенеді, ауру туралы толық айта алады. Алғашқы науқас тіркелген уақыт, кезекшіліктегі міндетімізді атқаруға барып, үйге қайтпай қалған күніміз есімізде. Наурыздың 29-ы болатын. Науқас 14 күн ем алып, 15-16-сы күндері екі рет тест сынамасы арқылы тексерілді. Он жетінші күні сауыққанын білген соң, үйге шығардық.

Вирус жұқтырған адамның алдымен дене қызуы көтеріледі, дәм, иіс сезу қабілеті нашарлайды. Жөтел, ентігу пайда болады. Бірақ, мұның ешбірі кездеспейтін, мүлде белгі байқалмайтын науқастар да бар. Адамдардың сенім­сіздігі осындайда пайда болып, дау туындатады. Қауіптілігі сол, өзінде коронавирус белгілері кездеспеген науқас жақындарына жұқтырып үлгереді. Әсі­ресе, қант диабеті, эндо­кри­нологиялық аурулары бар адамдар үшін бұл дерт аса қауіпті. Сондықтан халық көп жиналатын жерлерге бармауға, қауіпсіздік талаптарын сақтауға кеңес беремін, – деді ол.

Ал, зерттеу жұмыс­тары­ның жайын сұрағанымызда инфек­ционист-дәрігер әр пациентке жеке көңіл бөлінетіні, 14 күн бойы иммунитеті, ағзасының ерекшелігіне байланысты жеке ем тағайындалатыны туралы айтты.

Қарбалас уақытта сауалымызды жауапсыз қалдырмаған дәрігерге «вирустың таралуы қай кезде тоқтайды?» деген қарапайым сұрақты да қоюды жөн көрдік. «Вакцина шыққан кезде ғана» деген дәрігердің қысқа жауабы сала мамандарына артылған міндеттің қазіргі салмағы тіпті ауыр екенін аңғартты.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<