Қызылордада 100 % ұжымдық иммунитет қалыптастырған мекемелер бар

596

0

Қызылорда қаласы бойынша білім бөліміне қарасты біршама білім беру мекемелері 100 пайыз ұжымдық иммунитет қалыптастырды.

Атап айтар болсақ, №179, 215 және «Нұрбесік», «Бөбек», «Қарлығаш» балабақшалары толық құрамда 100 пайыз вакцина алды. Білім беру мекемелеріндегі ұстаздар вакцина алуды сәуір айында бастаған болатын. Ұжым арасында вакцинация туралы жалпы түсіндіру ғана жүргізілді, бірақ соған қарамастан мұғалімдер саналы түрде өз еркімен екпе салдырды.

№179 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Жұмагелдиев Алтынбек әріптестерін өздері секілді жаппай вакцина алуға шақырды.

«Мектеп ұжымдарының басшыларына, әріптестеріме қазіргі эпидемиологиялық жағдайды түсіне отырып, саналы түрде вакцина алуға шақырамын. Біздің мектептің ұжымының тәжірибесіне қарай отырып, басқа ұжымдарға да осындай жағдай қалыптастыра аламыз дей ойлаймын», – деді ол.

«Бізге ата-аналар сенім артып, балаларын сеніп тапсырып отыр. Сондықтан оқу саласында олқылықтарға жол бермеуге тиіспіз. Әр педагог бірінші өз денсаулығын ойлауы тиіс. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігі басты орында. Әрбір ұжым мүшесі саналы түрде түсінуі керек. «Кемедегінің жаны бір» дейді халқымыз. Педагогтің басты міндеті білім беру, оқушыға тәлім-тәрбие беру. Бұл ұстаз бен оқушының арасында бетпе-бет жүргізілетін үрдіс. Соған тезірек оралайық», – дейді №215 орта мектептің бейінді оқыту ісі жөніндегі орынбасары Жадыра Нұржақыпова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<