Сала жылды қорытындылады

801

0

Жұқпалы кесел жайлаған кейінгі екі жыл еліміздің қай саласына да ауыр тигені белгілі. Әсіресе, денсаулық сақтау саласы үлкен сынақты бастан өткерді. Алайда атқарылған жұмыстар да аз емес.

Көпбейінді облыстық аурухананың мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменованың қатысуымен облыстық денсаулық сақтау басқармасының  алқа мәжілісі өтті. Жиында басқарма басшысы Сәбит Пазылов былтыр салада атқарылған жұмыстарды баяндады.

Жалпы облыстың бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарына 804124 тұрғын (2021ж 1 қаңтар – 794935) тіркелген. Оларға  18 стационарлық, 21 амбулаториялық-емханалық медицина ұйымы көмек көрсетеді.

– Өздеріңізге белгілі, 2020 жылдың наурыз айынан бастап, күні бүгінге дейін СОVID-19 инфекциясымен күресіп келеміз. Індетпен күрес шаралары аясында біршама жұмыстар жүргізілді. Былтыр  тамыз айында 200 төсек-орынға арналған модульдік аурухана іске қосылды. Одан бөлек, тұрғындардың бастапқы медициналық-санитариялық көмекке БМСК-ға қолжетімділігін арттыру үшін Астана шағын ауданында №3 қалалық емхана филиалы ашылды. Жаңақорған ауданындағы  Жаңарық елді мекенінде дәрігерлік амбулатория  іске қосылды. Арал, Қазалы, Шиелі аудандарында 6 медициналық бекет  қолданысқа берілді, – деді басқарма басшысы.

Медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін 1,1 млрд теңгеге құрал-жабдықтар алынды. Нәтижесінде, көрсеткіш 70,1%-тен 77%-ке жоғарылады. Шалғай елді мекендер  тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін Арал және Шиелі аудандарына лизинг арқылы 2 жылжымалы медициналық кешен алынды. Қазіргі кезде облыс бойынша 7 жылжымалы медициналық кешен бекітілген жоспарға сәйкес жұмыс жасауда. Жыл қорытындысымен 122183 тұрғынға медициналық көмек көрсетілген.

Маман тапшылығын болдырмау үшін  84 дәрігер жұмысқа қабылданып, олардың 24-і елді-мекендерге жолданды. 2020 жылы 110 дәрігер тартылса, олардың 39-ы ауылдық жерлерге жіберілген. Сондай-ақ,  2016 жылдан бастап өңірге аса қажетті медицина мамандарын даярлау бойынша 111 резидентке облыс әкімінің гранты тағайындалды. Қазіргі кезде 47 жас түлек емдеу ұйымдарында қызмет атқаруда. Ал биыл 25 резидент келеді деп күтілуде.

– Бұдан бөлек, 2017-2021 жылдар аралығында медицина саласында сұранысқа ие «Жалпы медицина» мамандығы бойынша маман даярлауға  облыс әкімінің 127 гранты бөлінді. Бұл шаралар өз кезегінде  2024 жылдан бастап аймақты дәрігерлермен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Сәбит Бексейітұлы.

Оған қоса, кадрлар біліктігін арттыру, тәжірибе алмасу мақсатында эпидемиологиялық ахуал тұрақталған кезде бас дәрігерлер мен орынбасарлар, яғни, 14 маман  Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктерінде   тағылымдамадан өткен.

Облыста жедел жәрдем қызметін 79 топ атқарып отыр. Былтыр шақырулар 455750-ді құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,7%-ке жоғарылаған.

Медициналық-санитарлық авиация бойынша 7 санитарлық автотранспорт, 2 ұшақ және 1 тікұшақ көмек көрсетеді. Ауыр науқастарға медициналық авиация көрсеткен көмек саны 1,3% -ке өсіп, 708-ді құраған.

Мамандандырылған және жоғары технологиялық-медициналық көмек түрлері де кейінгі жылдары қарқынды дамуда. Жоспарлы түрде жолданған науқас  саны  4045-ті құраса, оның ішінде жатқызылғаны – 3707.

– Өткен жылы салада атқарылған жұмыстарды сараладық. Жеткен жетістіктеріміз де жетерлік. Мұның бәрі Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласын қолдауының және тұрғындардың медицина қызметкерлеріне деген сенімінің арқасы деп білемін. Алдағы жылы да тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады, – деді басқарма басшысы.

Жиын соңында алдағы міндеттер айқындалып, жоспарлар нақтыланды.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<