Жағдайға байланысты әрекет ету – қалыпты жұмыс

613

0

Әлемде коронавирус індетімен күрес жалғасуда. Бұл бағыттағы жұмыстар біздің елімізде де жүзеге асырылуда. Кейінгі күндері  санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталуына байланысты  облыс «жасыл аймақ» қатарына еніп отыр. Дегенмен сақтық шараларына салғырт қарауға әлі ерте.

Індет тіркелгелі бері өңірде коронавирус инфекциясымен 19019 науқас есепке алынды. Өткен тәулікте 15 жағдай анықталды. Жалпы емделіп шыққаны  96 процентті құрайды (18216 адам). Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде  облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов және облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымованың қатысуымен өткен брифингте айтылды. 

Облыс бойынша инфекциялық стационарда 173 науқас, реанимациялық төсек-орында 19 науқас ем қабылдауда.

Медициналық құралдармен жабдықталу індет басталған тұста 66 процентті құраса, биылғы 10 айдың қорытындысымен 76 процентке жетті. Эпидмаусым басталғанда аймақта барлығы 76 өкпені жасанды желдету аппараты (ИВЛ) болды. Бүгінде медицина ұйымдарында 251 ИВЛ аппараты бар. Одан бөлек, 686 оттегі концентраторы (индикатор – 586 дана), 8 компьютерлік томограф (индикатор – 8), 66 рентген (индикатор – 25) және 26 «High flow» аппаратымен қамтылған. Режимді түрде 6 оттегі шығару станциясы (оның 2-уі 2020 жылы көпбейінді облыстық және Қазалы ауданаралық ауруханаларында іске қосылды) жұмыс жасауда.

Коронавирус инфекциясына қарсы күресте маман тапшылығын жою үшін аймағымыз 84 жас маманмен толықты. Қажеттілігіне қарай қалалық мекемелерге 50-і, аудандық мекемелерге  34-і жолданды. Дегенмен, эпидемияға қарсы шаралар кезінде мамандықтарына қарамастан, барлық медициналық қызметкерлері жұмылдырылып, науқастарға қызмет көрсетті. Облыста эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аурудың таралуы бір деңгейде сақталуда. Аталған індетпен күреске облыстың медициналық ұйымдары  толығымен дайын. Алдағы уақытта да жұмыстар жалғасын табатын болады, –деді Балжан Шәменова.

Індетті ауыздықтар бір ғана жол бар, ол – вакциналау. 1 ақпан-8 қараша аралығында облыста вакцинаның 1-компонентімен егілгендер саны – 363 117, халықтың қамтылуы  83,1 процентті құрады, 2-компонентті 294 576 (67,9%) тұрғын салдырды. Қазіргі кезде  облыс бойынша 20 медициналық мекемеде (қала бойынша 11, аудан бойынша 9) егу жұмыстары сағат 08.00 мен 18.00 аралығында үзіліссіз  жүргізілуде.

Брифингте сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов балаларда белең алған ауруларға байланысты атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

– Өздеріңізге белгілі, ауа райының тұрақсыздығына, күннің салқындауына байланысты жедел-респираторлы вирустық инфекция (ЖРВИ), тұмау ауруларының таралуы күрт артып отырады. Тыныс алу аурулары күрт өскен жағдайда ауруханада негізгі емдеу орындарына қосымша төсек-орын саны ұлғайтылады. Соған сәйкес кешеден бастап көпбейінді облыстық балалар ауруханасы мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасындағы төсек-орындардың толуына байланысты, қалалық босану орталығынан 40 төсекке арналған орын өз жұмысын бастады. Ол жерде дәрі-дәрмекпен, мамандармен, кислородты концентратормен толық қамтамасыз етілген, яғни, аталған бөлімдерде балалардың денсаулығын жақсартуға жағдай жасалған. Төсек-орындарды ұлғайтып, көшіруде арнайы көліктер ұйымдастырылды. Мұның барлығы – халықтың қамы үшін жасалып жатқан шаралар, яғни, жағдайға байланысты әрекет ету – қалыпты жұмыс, – деді ол.

Мәліметтерге сүйенсек, биылғы 10 айда ЖРВИ, тұмау, пневмония аурушаңдығымен облыс бойынша 3327 бала емделіп шыққан, былтыр 2433 бала емделген. Қыркүйек айында жедел жәрдемге түскен 18 жасқа дейінгі балаларға шақыртулар саны 11475-ті құраса, қазанда бұл көрсеткіш 17105-ті құрап,  шақырту саны 32,9 процентке жоғарылаған. Ауруханаға тасымалдау  2 айды салыстырғанда 24 процентке артқан. Оның ішінде ЖРВИ диагнозымен шақыртулар саны 51 процентке көбейген. Аталған аурумен ауруханаға жатқызылғандар 54 процентке артқан. ЖРВИ-мен 5 жасқа дейінгі балалар арасында ауруханаға жатқызу қыркүйек айымен салыстырмалы 54,5 процентке өсіп отыр. Пневмониямен ауруханаға жатқызылғандар саны қазан айына 100 жағдай тіркеліп, оның 84 процентін 5 жасқа дейінгі балалар құрады.

Тұмаудың эпидахуалын тұрақтандыру және ауру деңгейін төмендету үшін жыл сайын жергілікті бюджеттен вакцинаға қаражат бөлінеді. 2021-2022 жылдардағы эпидмаусымға бөлінген қаражат көлемі 70,9 млн теңгеден 78,6 млн теңгеге дейін көтеріліп, 80186 доза вакцина алынған. Облыс бойынша 82383 азамат  егумен қамтылды.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<