Жаңа инфекция қауіпті ме?

629

0

Қазақстанда коронавирустың таралуына қарсы ВАК-тің мәліметінше, өткен тәулікте елімізде індет жұқтырған 6 жағдай тіркелді. Нақтырақ айтқанда, Нұр-Сұлтанда және Алматыда 3 адамнан коронавирусқа шалдыққан. Жалпы елде ауру жұқтырғандар саны 1 305 697-ге жетті.

Оның алдында  5 адамнан ауру анықталған болатын. Оның 3-і Алматы қаласында тіркелсе, 2-і Шымкент қаласында нақтыланды.

Роспотребнадзордың Орталық ғылыми-зерттеу эпидемиология институтының директоры Василий Акимкин коронавирус инфекциясы маусымдық ауруға айналуы мүмкін екенін мәлімдеді, – деп жазады Egemen.kz  РИА Новости-ге сілтеме жасап.

– Коронавирустың маусымдық разрядқа өтуі әбден мүмкін. Содан кейін біз жыл сайын тұмаудағы сияқты оған вакцина таңдап, салдырамыз,– деді сарапшы «Жұқпалы аурулар – өзекті проблемалар, емдеу және алдын алу» VIII ведомствоаралық ғылыми-практикалық конференция барысында.

Оның айтуынша, қазір отандық ұлттық мәліметтер базасы қалыптасқан. Онда коронавирустың 130 мыңнан астам геномы бар. Бүгінде «Омикрон» штамының 45-тен астам мутациясы кездеседі.

– Әлемдік практикада тіркелген барлық генонұсқа Ресей аумағында болды. Алайда олардың тек екеуі – «Дельта» мен «Омикрон» ғана көп таралды,– деді Василий Акимкин.

Коронавирусты жеңдік пе дегенде, әлемде жаңа инфекция пайда болды. ДДҰ мәліметі бойынша, қазір маймылшешек деп аталатын індет әлемнің 15 шақты елінде анықталып, аурудың 92 жағдайы расталды. Тағы 28 адам карантин аймағында.

Негізі маймылшешек ауруы Орталық және Батыс Африканың шалғай аудандарында жиі кездеседі. Дей тұрғанмен, бұл дерт өркениетті елдерге де таралуда. Маймылшешек дерті бұрыннан бар. Бұрын ол адам өміріне аса қауіп тудырмайтын, алайда медицина ғалымдары «қазіргі вирустың қалпы өзгеше» деп алаңдап отыр.

Оксфорд университетінің Пандемия ғылымдары институтының директоры, профессор Питер Хорби: «Біз мүлдем жаңа жағдайда тұрмыз, бұл вирус бізді таңғалдырып отыр. Тез арада қажетті шара қолданбасақ, өте қауіпті» дейді. Маймылшешекпен ауыратын науқастарды емдеген доктор Хью Адлер де «Бұл біз бұрын көрген маймылшешек емес», деп әріптесінің сөзін растады. Еуропаның денсаулық сақтау ұйымдары дерттің Ұлыбритания, Испания, Португалия, Германия, Бельгия, Франция, Нидерланд, Италия және Швецияда тіркелгенін мәлімдеді. Ұлыбританияда алғашқы жағдай осы жылдың 7 мамырында тіркелген еді. Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі Саджид Джавид қазірде 20 жағдай анықталғанын хабарлады. Осы елдің билігі елді шешек ауруына қарсы вакцинамен қамтып жатыр. Екпе маймылшешек инфекциясының «жоғары деңгейі» бар адамдарға егіле бастаған. Сонымен қатар жергілікті El País газеті Испанияның денсаулық сақтау органдары індетпен күресу үшін мыңдаған екпе сатып алғанын жазды. Ал Виктория денсаулық сақтау департаменті Аустралиядағы алғашқы жағдай Ұлыбританияға барғаннан кейін ауырып қалған ер адамда болғанын мәлімдеді.

Медицина ғалымдары вирустың атына сай тек маймылдардан ғана емес, жабайы жануарлар, кеміргіштерден жұғатынын айтады. «Дертке шалдыққан науқастардың терісінде бөртпе пайда болып, сулы көпіршіктерге айналады, кейін қыртыстана бастайды» деп сипаттады дәрігерлер. Аурудың басты белгілері – дене қызуы, бас ауруы, ісіну, бұлшықет ауыруы және шаршау. Дертпен күресу 14 күннен 21 күнге дейін созылады.

– Маймылшешекке қарсы арнайы вакцина жоқ, бірақ жалпы шешек ауруына қарсы егілетін екпе дерттен 85% қорғайды, өйткені екі вирус өте ұқсас. Қалай болғанда да бұл ауруды жұқтырудың жаңа жағдайлары тіркеле береді. Өйткені ол жұқпалы, – деп мәлімдеді Лондон медицина мектебінің профессоры Джимми Уитворт.

Дегенмен, ғалым өзге медицина ғалымдарының күдігін сейілтіп отыр.

–    Бұл дертті COVID-19 індетімен салыстыруға болмайды. Маймылшешек ауруы жаңа вирус емес, бұрыннан белгілі. Біз оның емдеу әдістерін білеміз, шешекке қарсы вакцина бар. Бұл негізінен жеңіл ауру, бірақ ол балалар, жүкті әйелдер мен иммундық жүйесі әлсіз адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін,– деді Д.Уитворт.

Алайда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы аймақтық директоры Ханс Клюге: «Жазғы маусым қашанда қауіпті. Әсіресе жаппай жиналыс, фестиваль, түрлі кештер кезінде вирусты жұқтыру деңгейі жоғары. Әл бермей кетуі мүмкін», деп ескертеді. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тағы да жаңа 50 жағдай тіркелуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Маймылшешек дертінің тарихына көз жүгіртер болсақ, вирус алғаш рет маймылдан табылған. 1970 жылдан бері Африканың 10 елінде індет тұрақты тіркеліп келеді. Аса қауіпті дерт қатарына жатпаса да, Оңтүстік Африка елдеріндегі өлім көрсеткішінің себебі болып келеді. 2003 жылы АҚШ-та індеттің 81 жағдайы тіркелді. Науқастар елге әкелінген ұсақ сүтқоректілер және иттермен жақын қарым-қатынаста болған кезде жұқтырған. Ал 2017 жылы Нигерия ең қиын індетті бастан өткерді. Бұл елде 172 жағдай тіркеліп, қайтыс болғандардың 75 проценті 21 мен 40 жас аралығындағы ер адамдар болды.

Бельгия әлемде тарап жатқан жаңа індет – маймылшешек ауруына шалдыққан науқастарға арналған міндетті карантин енгізген алғашқы ел болды. Бұл туралы ел үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады. Карантин 21 күнге созылады. Үкімет мұндай шешімді 22 мамырда қабылдады.

Сондай-ақ, Израиль мен Швейцарияда маймылшешек жұқтырудың алғашқы оқиғалары расталды. Екі елде де ауруды бірінші жұқтырғандар жақында ғана шетелден келген. Израильде инфекцияның бірнеше жағдайы зерделену үстінде. Маймылшешек Орталық және Батыс Африкада жиі кездеседі. Бұл аймақтан тыс жерде оның қоздырғышын көбінесе сол жерде болған адамдар мен жануарлар тасымалдайды. АҚШ, Канада, Австралия және Еуропада маймылшешектің жаңа жағдайлары зерттелуде. Осы аптада АҚШ, Канада, Испания, Португалия, Ұлыбритания, Франция, Италия, Швеция және Австралия билігі де өз аумағында аурудың өршуін растады.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<