«Артспорттағы» ахуал қалай шешіледі?

824

0

Өткен жылдың мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық және спорт үйірмелерін жан басына қаржыландыру бағдарламасы қолға алынды. Алайда жыл өтпей бұған байланысты кейбір проблемалар көлденеңдеді. Өтінімдер күрт көбейіп, өнім берушілер саны артып кетті. Осының салдарынан облыста биылғы жылға қаралған қаржы небәрі төрт айдың төлемін өтеуге ғана жеткен.

Облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемовтің айтуынша, өңірде үйірмелер спорт саласында былтыр маусым айында басталса, шығармашылық бағытта тамыздан бері жас өрендерге есігін ашты. Сол арқылы спорттағы 13 үйірмеде 2492 бала бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік алса, шығармашылық бойынша 16 үйірмеге 4820 бала қатысты. Нәтижесінде былтыр аталған жұмыстарға 228 млн теңге қаржы жұмсалды.

– Айта кетерлігі, биыл өңірде өтінімдер саны күрт өсіп кетті. Спорт саласы бойынша 53 өтінім беруші тіркелсе, онда 7591 жеткіншек үйірмеге қатысуға мүмкіндік алды. Ал шығармашылық саласында 60 өнім берушіге артып, онда 15619 бала тіркелгені нақтыланды. Аталған үйірмелерді жыл соңына дейін қамтамасыз ету үшін 2,4 млрд теңге қажет. Ол өткен жылға бөлінген қаржыдан 17 есе көп. Сондықтан қосымша 132 өнім берушінің өтінімі бойынша ваучер тіркеу 24 ақпаннан бастап тоқтатылған. Биыл облыстық бюджеттен шығармашылық және спорт бойынша мемлекеттік тапсырысқа 1,4 млрд теңге қаралған. Бюджетті нақтылау кезінде оның 200 млн теңгесі қосымша бөлінді. Бұл қаражат 4 жарым айдың төлемін өтеуге ғана жетті, – деді басқарма басшысы.

Статистикалық мәлімет бойынша, облыста 4-17 жас аралығындағы 243,3 мың бала бар. Олардың 23,2 мыңы үйірмемен қамтылған. Бұл – шамамен 9,5 пайыз.

Мамандар «Артспорт» бағдарламасын сүйемелдейтін нормативтік-құқықтық актінің толық жетілмеген түрінде қабылданғанын айтады. Оның ішінде тәуекелдердің ескерілмеуі, өзге де бағдарламалармен интеграцияланбауы секілді жағдайлар бар. Сондай-ақ, бақылау жұмысын жүргізуге кедергі келтіретін себептер де жоқ емес. Атап айтқанда, олардың тиісті нормативтік актілердің талаптарын бұзу, нақты деректерден ауытқу, бала жасының әдістемеге сәйкес келмеуі, жеткіншіктердің нормативтен тыс бірнеше үйірмеге тіркелуі секілді проблемалар кездеседі. Осындай жағдайларға байланысты елімізде аталған үйірмелерді қаржылай қамтамасыз ету өзекті мәселеге айналды.

– Облыс әкімінің Қызылорда қаласы мен аудандар тұрғындарымен кездесуінде бұл түйткіл бірнеше мәрте көтерілді. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында осыған байланысты тиісті тапсырмалар берді. Соған сәйкес құқық қорғау және мемлекеттік аудит органдары тарапынан тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, облыс әкімдігі тарапынан тиісті сала мамандарынан жасақталған мониторингтік жұмысшы тобы құрылды. Нәтижесінде талдау, зерделеу жұмыстары атқарылуда. Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қолданыстағы қағидаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, бағдарламаны жетілдіру мәселесі сарапталуда. Қолданыстағы нормативке сәйкес бірқатар кәсіпкермен келісім жасалып, сол ұсыныс негізінде 18 өнім беруші жұмысын уақытша тоқтатты. Алдағы 2023-2025 жылдарға арналған үшжылдық бюджетте бағдарламаға республикалық бюджеттен трансферт бөлуге өтінім жолданды, – деді Руслан Рүстемұлы.

Кәсіпкерлер тарапынан аталған мақсатта бөлінген қаржының уақытылы аударылмауына байланысты сыни пікірлер айтылуда. Бұған орай басқарма басшысының орынбасары Ерділдә Сұлтанбеков түсіндіріп берді.

– Өздеріңізге белгілі, биыл мәдениет, дене шынықтыру және спорт басқармалары біріктірілді. Сол себепті есепшот уақытша жабық болды. Бөлінген қаржының уақытылы аударылмауына осы жағдай әсер етті, – деді ол.

Аталған бағдарламаның балалардың бос уақытын тиімді пайдалануына оң ықпалы бар. Дегенмен әлі де піспеген тұстары кездеседі. Сондықтан ұсыныс-пікірлер айтылуы мүмкін.

–  Әрине, біз өз тарапымыздан бағдарламаның ойдағыдай жүзеге асуына мүдделіміз. Кәсіпкерлерге артық талап қоя алмаймыз. Мәселен, олардың әрбірі ғимараттарды жалға ала отырып, өзінің жұмысын жүргізуіне болады. Бұл жұмыстың басталғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Кеткен кемшіліктерді саралап, алдағы уақытта нәтижелі іс жасауға жол ашылады деген ойдамын. Жалпы, бұл жағдай тек біздің облысымызға ғана тән емес. Еліміздің барлық аймағында кездесіп отыр. Сондықтан іс жүйелі түрде жалғасын табады деген сенімдемін, – деді Руслан Рүстемұлы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<