Ауыр атлетика алыптары

680

0

Қазір жанкүйерлер Рахат Бекболат, Айсамал Сансызбаева, Айзада Мүптілдә сынды ауыр атлеттердің есімін жақсы біледі. Сыр топырағында дүниеге келген саңлақтар талай дүбірлі додада еліміздің атын абыроймен қорғап жүр. Бірі ересектер арасында бәсекеге түссе, тағы бірі жастар мен жасөспірімдер арасында жеңімпаз тұғырынан көріне бастады.

Бұл облыста ауыр атлетика дамуының жоғары көрсеткішін айғақтайды. Әрдайым толағай табысқа кенеліп жүрген жастар Илья Ильин, Рүстем Сыбаев, Александр Зайчиков сынды үздіктердің жолын лайықты жалғастыруда. Алдағы міндет – сол жақсы үрдісті жалғастыру, талантты өрендердің шығуына қолайлы жағдай жасау. Жақында өткен ауыр атлетикадан бапкерлер кеңесінде аталған тақырып кеңінен таразыланды. Оған елімізге еңбек сіңірген бапкер Вилорий Пак басшылық жасады.

Былтыр облыстың ауыр атлетикасы үшін табысты жыл болды. Облыстың аға бапкері Альберт Хакимуллиннің айтуынша, қызылордалық өрендер түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарды.

Қуанарлығы, Рахат Бекболат бір жылда екі жас деңгейі бойынша Әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Алдымен мамырда өткен 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы дүбірлі додада 102 келіде қоссайыста 377 келіні (175+202) еншісіне жазып, жеңімпаз тұғырынан көрінді. Одан кейін қазан айында 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты. Ал Айсамал Сансызбаева (87 келі) сол жылы 20 жасқа дейінгі жасөспірімдеде қыздар арасында еліміздің туын көкте желбіретті. Ол қоссайыстың қорытындысында 258 келіні (113+145) бағындырды.

Былтыр 7-17 желтоқсанда Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында жалауы желбіреген ересектер арасындағы Әлем чемпионатында тағы бір жерлесіміз Айзада Мүптілдә (87 келі) төртінші орынға тұрақтады. Сол жылы сәуір айында ол Азия біріншілігінде қола жүлдеге қол созған еді.

Қызылордалық ауыр атлеттер республикалық аренада сәтті ойын көрсетті. Ересектер арасында 4 алтын, 6 күміс, 8 қола медаль қоржынға түсті. Мұндай биіктен жастар мен жасөспірімдер көрінді. Толағай табысқа кенелген саңлақтар білікті мамандар тарапынан жоғары бағасын алды. Бұл – Сыр өңірі бапкерлерінің жемісті еңбегі. Еліміздің ауыр атлетикасында қызылордалық жастардың үлес салмағы қай кезде де төмен түскен емес.

Әрине, алдағы уақытта жасалатын іс-шаралар саны аз емес. Биылғы жылдың күнтізбесінде қаншама жарыстар күтіп тұр. Бұл орайда дайындық барысы қалай? Жергілікті жанкүйерлерге қуанышты жаңалық, биыл ауыр атлетикадан ересектер арасындағы жігіттер ұлттық құрамасы тізгінін Нұржан Смаханов ұстады. Бұған дейін білікті маман туған топырақта жемісті қызмет етті. Талантты өрендерді тәрбиелеп шығарды. 

Белгілі спортшы, облыстық ауыр атлетика федерациясы президентінің орынбасары Илья Ильин аталған шешім қызылордалық бапкерлерге артылған үлкен сенім екенін атап өтті.

– Сыр өңірінің ауыр атлетикасы қай кезде де жоғары бағаланады. Бүгінге дейін қаншама таланттар түлеп шықты. Олардың әрбірінің жеңісінде жергілікті мамандардың өлшеусіз еңбегі бар. Жергілікті тұрғындар Нұржан Смахановтың тәжірибелі маман екенін жақсы біледі. Ұзақ жылдан бері шәкірт дайындау ісінде белсенді қызмет етті. Келешегінен үлкен үміт күттірген таланттарға жол ашты. Олардың ішінде жасөспірімдер арасында бірнеше мәрте Әлем чемпионы атанған Рахат Бекболат та бар. Қызылордалық маманға жасалған бұл сенім еліміздің ауыр атлетикасын дамытуға оң септігін тигізеді деген ойдамын. Сондай-ақ, облыс спортының дамуына да серпін алып келеді, – деді Илья Ильин.

Оның айтуынша, Нұржан Смаханов ұзақ жылғы еселі еңбегінің нәтижесінде әлемдік деңгейдегі білікті бапкерлер қатарына қосылды. Республикалық ауыр атлетика федерациясы қызылордалық маманның осындай қасиетін жоғары бағалады. Ендігі кезекте оған алдағы дүбірлі додада өзін қабілет-қарымын дәлелдеуге мүмкіндік туды. Бұл орайда оған артылған жүк жеңіл емес.

Айта кетерлігі, биылдан бастап ауыр атлетикадан еліміздің ұлттық құрамасы ерлер және әйелдер болып  екіге  бөлінді. Оның ерлер құрамасына Нұржан Смаханов жетекшілік етсе, әйелдер құрамасы тізгінін қостанайлық Иван Сивохин ұстады.

Ауыр атлеттерді көптеген ірі жарыстар күтіп тұр. Олардың барлығы Халықаралық ауыр атлетика федерациясы аясында өткізіледі. Мамыр айында Грекияда жасөспірімдер арасында Әлем чемпионаты жалауын көтереді. Сол айда Мексикада жасөспірімдер арасында әлемдік дода өткізіледі. Шілдеде Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты болса, тамызда Түркияда Ислам ынтымақтастығы ойындары басталады. Одан кейін қазақстандық спортшылар қыркүйекте Қытай жерінде өтетін Азия ойындарында бәсекеге түссе, қараша айында сол елде болатын Әлем чемпионатына жиналады. Биылғы жарыстар күнтізбесін желтоқсандағы Филиппинде өтетін Азия чемпионаты түйіндейді. Ендеше, қазақстандық мамандар өз шәкірттерінің жоғары биіктен көрінуіне бар күшін салады. Бұл орайда қызылордалық мамандардың қосатын үлесі зор.

Жиын барысында Илья Ильин облыстық ауыр атлетика федерациясы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Аталған ұйымға көп жылдан бері жетекшілік жасап жүрген белгілі кәсіпкер Темірхан Кенжебаев бапкерлер мен спортшыларға тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Жиырма жылға жуық уақыт ішінде оларды қаржылай демеп жүр.

Қолдау болған жерде нақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Бұл орайда облыстың ауыр атлетикасы өзгеге өнеге етуге тұрарлық.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<