«ҚАЗАҚТЫҢ БАЛУАНДЫҒЫН ПАШ ЕТКІМ КЕЛЕДІ»

607

0

дейді дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Бауыржан Жауынтаев
Жер шарының әр қиырынан келген үздіктер дүниежүзілік дүбірлі дода барысында жеңісті қолдан бергісі келмейді. Онда мықтының мықтысы, жүйріктің жүйрігі, білектінің білектісі ғана топ жара алады. Спорт осындай ерекшелігімен қызықты көрінеді. Соңғы жиырма жылдан астам уақыттан бері қазақ елінің намысын қорғап жүрген үкілі үмітті жастарымыз бізді жерге қарата қойған жоқ. Сан алуан бәйгені еншілеп, елде отырып тілеуін тілеп, тақымын қысқан ағайынды осылайша көл-көсір қуанышқа бөлеп жүрген мықтыларды сан мәрте көзіміз көрді. 
Рас, кейбір спорт түрлерінен бүгінгі күнге дейін қоржынымыз бос болып келгені де жасырын емес. Әсіресе түп-төркіні жапон жерінен бастау алатын дзюдо біз үшін көп жылдар бойы шағылмайтын жаңғақ, алынбайтын асу, бағынбайтын белес сияқты көрінетін. Бүгінде татами төріндегі тайталаста қарсыласын қапы қалдырып, толағай табысымен елді қуантқан балуандар да шыға бастағаны қуантады. Мәселен, ересектерде Максим Раков, жастардан Елдос Сметов әлем чемпионы атанып, беделді бәсекенің төрінде тұрып, еліміздің Туын көкте желбіретіп, Әнұранды орындатты. Жақында осындай үлкен табысқа жасөспірімдер арасында 55 келі салмақта қызылордалық Бауыржан Жауынтаев та қол жеткізді. Біз өрімдей өренмен жүзбе-жүз кездесіп, дүниежүзілік додадан алған әсерімен бөліскен едік.

– Әлем біріншілігіне баратын құрама тізіміне қосылғанда қандай көңіл күйде болдың? Алған әсерің қандай?
– Спортшы осындай додалар арқылы өседі емес пе?! Әрбір халықаралық сын біздің тәжірибемізді арттырады. Шеберлігімізді шыңдайды. Ал әлем біріншілігі секілді бәсекенің маңызы өте зор. Онда төрткүл дүниенің кіл мықтылары жиналып, әрбір салмақта жеңімпазды анықтайды. Сондықтан мен бұл біріншілікке тыңғылықты әзірлік жүргіздім. Бапкерлердің ақыл-кеңесіне құлақ түрдім. Олқы соғып жатқан тұстарым болса, соларды түзеуге көңіл бөлдім. Әрине, мұндай мүмкіндік кез келген спортшыға бұйыра бермейді. Әрбір қол жеткізген табысың өзіңе деген сеніміңді нығайтып, үлкен белестерге жетелей түседі ғой. Дзюдо Жапониядан бастау алғанымен, қазіргі таңда әлемнің барлық еліне таралып, спорттың бұл түрінен қаншама шеберлер шығып жатқаны белгілі. Сол себепті дәл қазір әрбір қарсылас сені қапы қалдырып кетуі ғажап емес. Мен осындай тыңғылықты дайындығым арқылы әлем чемпионы атағына қол жеткіздім деп ойлаймын. Бірақ бірден айта кетейін, бұл атақ маған оңайлықпен бұйыра қойған жоқ. Қаншама тартысты белдесу өткіздім. Өзімнің жігерімді қайрай түстім. Қайратыма міндім. Нәтижесі белгілі. Алтынмен апталдым. 
– Әлем біріншілігінде саған қандай қарсылас қолайсыз болды? Қай белдесуіңді ерекшелеп айтар едің?
– Әрбірі де маған оңайға соққан жоқ. Аянбай тер төктім. Қарсыластың осал тұстарын іздедім. Соны тап басып, оларды тізе бүктірдім. Әуелі перулік балуан Патино Вилаграмен татами төрінде тайталасқа түскенмін. Оны өз әдісіме салып, біраз аунатып та алдым. Төрешілер шешімімен жеңіс маған берілді. Келесі кезекте Украинадан келген Каро Марандян жолықты. Екеуміздің белдесуіміз көп ұзай қойған жоқ. Небәрі бірінші минутта оны таза жеңіспен орта жолда қалдырдым. Одан кейінгі белдесуде жеңіске жетсең, жартылай финалға жолдама алу мүмкіндігі берілетін еді. Қарсыласым америкалық Адонис Диас болатын. Нағыз бабың мен бағың сыналар сәт. Намысқа тырыстым. Татами үстінде ширақ қимылдап, америкалық балуанға қарсы әдіс қолдануға көңіл бөлдім. Ойлағаным жүзеге асты. Оны иппон әдісімен жеңіп кеттім. Жартылай финалда да осал балуан жолыққан жоқ. Грузиядан келген Эрекл Архозашвили де сен тұр, мен атайын деген секілді ширақ қимылдайтын шебер екен. Жүлде қол созым жерде тұр. Жеңілсең, қаншама төккен терің, еңбегің мен бапкерлер сенімі далаға кеткенмен бірдей емес пе? Осындай оймен белдесуге тас-түйін дайындалып шықтым. Соның нәтижесінде мен ақтық сынға жолдама алдым. Финалдық белдесу де шиеленісті өтті. Италиялық Элиос Манзи де қолда тұрған алтыннан айрылуды қалайды дейсің бе? Екеуміз біраз тайталастық. Ол 2011 жылы кадеттер арасында әлем біріншілігінің күміс жүлдесіне ие болған. Белдесу қосымша уақытқа дейін созылды. Қосымша уақытта төреші мені жеңімпаз деп таныды. Осылайша жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, елімнің абыройын асқақтатып қайттым. Соған қуаныштымын.
Бұдан бұрын қандай табыстарға қол жеткізіп едің? Ел біріншілігінде қанша мәрте чемпион атандың?
– Ел біріншілігінде бес мәрте алтын медаль иеленгенмін. Былтыр мені бапкерлер жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігіне алып барды. Бұл дода да қытайлық Тайпейде өтті. Одан да олжалы оралдым. Азия чемпионы атандым. Халықаралық деңгейдегі аламанға алғаш қатыссам да, жанкүйер сенімін ақтап қайтқаным өзіме деген сенімімді нығайта түсті. Бұған дейін былтыр Якутияда өткен «Азия балалары» ойындарында қола жүлдегер болсам, Чехияның Теплице қаласында Еуропа кубогының чемпионы атандым.
– Дзюдо күресін таңдауыңа не себеп болды? Сені несімен қызықтырады?
– Мен осыдан он жылдай бұрын спортқа келдім. Ата-анам Қызылорда қаласында орын тепкен Жалаңтөс баһадүр атындағы спорттағы дарынды балалар мектеп-интернатына алып келді. Сосын дзюдо үйірмесіне жазылдым. Бұл менің отбасымның ортақ шешімі болды. Алғашқы бапкерім – Қален Қалиұлы. Әлі күнге дейін сол кісіден тәлім алып жүрмін. Менің осындай жетістікке жетуіме бапкерімнің қосқан үлесі зор.
– Өзіңе қандай балуанды үлгі тұтасың?
– Маған жапон жігіті Тадахиро Номураның шеберлігі өте ұнайды. Одан біздің үйренетініміз көп-ақ. Оны өте мықты дзюдошы деп айта аламын. Бұл балуан – Олимпиадада үш мәрте чемпион атанған жампоз. 
– Қолың боста немен айналысқанды ұнатасың?
– Мен алдыма үлкен мақсат қойғанмын. Әлі де жоғары жетістікке қол созуды қалаймын. Сол бағытта аянбай тер төгемін. Сондықтан мен үшін ең басты әуестігім – дзюдо. Қолым қалт ете қалған жағдайда танымал спортшылар жайындағы фильмдерді көргенді ұнатамын. Әрине, олардың арасында өзім үлгі тұтатын Тадахиро Номура да бар. Футбол ойнаймын. Бір мезет компьютерлік ойындарға да көңіл бөлемін. Кітап оқимын.
– Отбасың жайлы қысқаша айта кетсең?
– Мен 1997 жылы 14 маусымда Қармақшы ауданы Қуаңдария ауылында дүниеге келдім. Биыл спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатты тәмамдадым. Әкем Сабыржан мен анам Шамшырақ қарапайым еңбек адамдары. Кезінде әкем мен оның ағасы Батыржан күреспен айналысқан екен. Бірақ кәсіби деңгейде шұғылдана қоймаған. 
– Енді жастар арасында күресетін шығарсың?
– Әрине. Бұл бәсекелерде де жанкүйер сенімін ақтауға тырысамын. Жоғары табыстарға қол жеткізуді қалаймын. Қазақтың балуандығын паш еткім келеді.
Әділжан ҮМБЕТ. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<