Паралимпиада: бір алтын, бір күміс

834

0

Жапония астанасы Токиода өтіп жатқан Жазғы Паралимпиада қазақстандық спортшылар жоғары жетіс­ті­гімен жанкүйерлерді қуан­тып отыр. Бүгінге дейін олар бір алтын, бір күміс медаль алып үлгерді.

Алдымен Давид Дегтярев пара пауэрлифтингтен ерлер арасында 54 келі салмақта сынға түсті. Ол сайыс барысында 174 келіні бағындырып, жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл сал­мақта француз Бурлон Аксель (165 келі) күміс жүлделі болса, қола жүлде грек Бакочристос Димитриос­ке (165 келі) бұйырды.

Сондай-ақ, кеше пара дзюдошы Әнуар ­Сариев кү­міс жүлдегер атанды. Аты­рау­лық спортшы финалда 60 келіге дейінгі салмақта әзер­байжандық Вугар Ширинлимен татамиге шықты. Белдесу барысында алдымен В.Ширинли вазаримен алға шықты. Іле-шала Ә.Сариев таразы басын теңестірді. Жекпе-жек соңына таман әзер­байжандық дзюдошы тағы бір вазари еншілеп, жеңіп кетті.

Айта кетейік, Ә.Сариев бұған дейін Рио Паралимпиадасына да қатысып, одан жүлдесіз қайтқан болатын. Енді, міне, күміс медальға қол жеткізіп отыр.

Токиодағы Паралим­пиа­даға дейін Қазақстан құра­масы сапынан екі спортшы жүлдеге қол жеткізді. 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында Зульфия Габидуллина еркін мәнерде 100 метрге суға жүзуден чемпион атанды. Сол жолы тағы бір қазақстандық Раушан Қойшыбаева пауэрлифтингтен әйелдер арасында 67 келіде күміс жүлдегер атанды.

Дүбірлі дода 24 тамыз және 5 қыркүйек аралығында өткізіледі. Аталған жарыста еліміздің атынан барған 26 спортшы спорттың 7 түрінен сынға түседі.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<