«Қайсар» ширек финалда

533

0

Қызылорданың ­«Қайсары» футболдан ­Қазақстан кубогының ширек финалына жолдама алды. Бұл мүмкіндікке өз алаңында Оралдың «Ақжа­йық» командасын жеңгеннен кейін қол жеткізді.

Биыл кубок ойындары өзгеше форматта өткізілді. Премьер-лигада сынға түсіп жүрген он төрт клуб пен бірінші лиганың іріктеу кезеңінен іркілмей өткен екі команда төрт топқа бөлінді. «Қайсар» С тобында «Астана», «Ақжайық» және «Ақтөбемен» ширек финалға берілетін екі жолдаманы сарапқа салды.

Жерлестеріміз ел біріншілігінде сәтсіз ойын көрсетіп келгені жасырын емес. Ал, кубок ойындарында жанкүйерлер олардың жинақы қимылы мен өзгеше ойын өрнегіне куә болды. Алты ойынның үшеуінде жеңіске жетсе, екеуінде тең түсіп, біреуінде қарсыласына есе жіберді. Осылайша өз тобында 10 ұпаймен екінші орынға көтерілді. Көш басында – елордалық «Астана», олардың да еншісінде 10 ұпай бар.

Алтыншы турдағы «Ақжайықпен» кездесуге дейін аталған топта жарысты жалғастыруға үш команданың мүмкіндігі болды. «Қайсар» ширек финалға шығуы үшін міндетті түрде оралдық қарсыласын жеңуі тиіс еді. Ойынның алғашқы минуттарынан қызылордалық футболшылар қарсыластар қақпасы маңынан табылып, есеп ашатын бірнеше мүмкіндікті жіберіп алды.

Ойынның 25-минутында қызыл­ордалық Арман Кеңесов алаңның орталық бөлігінде бірнеше қарсыласын алдап өтіп, алыстан шірене тепкен добы «Ақжайық» қақпасында тулап жатты. Бұдан кейін оралдық футболшылар таразы басын теңестіруге ұмтылған еді. Алайда, өздерінің қақпасына екінші голды соқтырып алды. Оны 38-минутта Елжас Алтынбеков еншісіне жазды.

Жолдаманың қолдан сусып бара жатқанын ұққан «Ақжайық» ойыншылары екінші кезең басталғаннан толассыз шабуылдар ұйымдастырды. Қызылордалық қорғаушылар лайықты тойтарыс берді. Кейбір сәтте «Қайсардың» қақпашысы Марсель Исламқұловтың шеберлігі көзге түсті.

Ойынның бітуіне санаулы уақыт қалғанда тепкен доп өздерінің айып алаңында «Ақжайық» қорғаушысының қолына тиді. Төреші ойланбастан пенальти белгілеп, оны қызылордалық клубтың жартылай қорғаушысы Кларенс Битанг шебер орындады.

Осылайша кездесуде «Қайсар» қарсыласын 3:0 есебімен тізе бүктіріп, ширек финалға берілетін жолдаманы иеленді. Енді жерлес­теріміз жарыстың аталған сатысында Алматының «Қайрат» командасымен шеберлік байқасады. Ширек финалдың алғашқы ойыны 21, 22 тамыз күндеріне белгіленсе, қарымта кездесу 22 қыркүйекте өтеді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<