ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТАН ТУРНИР БАСТАЛДЫ

495

0

 Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуында із қалдырған  Мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевты еске алуға арналған тоғызқұмалақтан халықаралық турнир басталды.

 Айтулы  дода биыл он бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Былтырдан бастап халықаралық мәртебеге ие болған турнирге қатысушылардың саны жыл санап артып келеді. Ойыннің мақсаты – Елбасы бастамасы аясында  ұлттық рухты жаңғыртуға ықпал ететін тоғызқұмалақты облыс көлемінде дамыту, халық арасында кеңінен насихаттап, спорттық шеберлік пен зияткерлік қабілетті қалыптастыру. Турнирге Қазақстанның екі командасымен қоса Қырғызстан, Қытай, Ауғанстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Түркия, Ресей сынды мемлекеттерден барлығы 220 ойыншы қатысады. Турнирдің ашылу салтанатында  тоғызқұмалақтан  Қазақстан Республикасының бас бапкері және еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жарыстың бас төрешісі Жақапбаева Айнұр Әбсадыққызы құттықтау сөз сөйлеп, ойыншыларға жылы лебізін білдірді. Сонымен бірге, «Ең үздік жергілікті федерация» номинациясымен  Қызылорда облыстық  тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығының президенті Ергешбаев Әбдіқадір Нәлқожаұлын  марапаттады.

 Жарыс классика бойынша 9 турда, жас ерекшелігі бойынша 4 топта өткізіледі. Зияткерлік сайыста еліміздің құрама командасының чемпиондары, ҚР еңбек сіңірген спорт шеберлері Хәкімжан Елеусінов,  Әсел Далиева, Әлем чемпиондары Ғалымжан Темірбаев, Нұрбек Қабиев, Диана Кенина, Лина Каримова өнер көрсетсе, Қырғыстаннан Азия чемпионы Анарбек Жамекеев қатысады.

Жастардың қызығушылығын тудырған дода 6-наурызға дейін жалғасатын болады.

                                                                                          

                                                                                           Жансая ҚЫДЫРБАЙ,

                                                                        Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 

                                                                                                         4-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<