ЖАСТАРҒА ЖАРҚЫН ҮЛГІ

464

0

Қызылорда қаласындағы «Евразия» спорт кешенінде Сыр елінің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан Қуанышбек Сәдібекұлын еске алуға арналған шағын футболдан облыстық турнир өтті.
Қ.Сәдібекұлының туғанына биыл 70 жыл. Белгілі Сыр елінің перзенті өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге зор еңбек сіңірді. 1996-2012 жылдар аралығында облыстық кәсіподақтар кеңесіне басшылық жасады, ҚР Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесі атқару комитетінің алқа мүшесі болып,  халық үшін жасаған ізгілікті істерімен есте қалды.
Айтулы турнирге 12 команда қатысты. Спортшылар сақадай сай әзірлікпен келіпті. Ә дегеннен алаңға шыққан ойыншылар өзара кім мықтыны анықтауға кірісті. Ала доптың аламаны ойын өткен сайын қыза түсті. Әсіресе, финалдық ойындар өте тартысты өтті. Қиқулаған дауыстар өз командаларына қолдау көрсеткен жанкүйерлердің ерекше ықыасын байқатты. Шабуылдаушылар да сәті келгенде аянып қалмады. Қарсылас команданың қақпасынан саңылау табуға тырысты. Әйтеуір, не керек, екі күнге созылған турнир осындай қызықты сәттерімен есте қалды.
Турнир қорытындысы бойынша «Орион» футбол командасы 3-орынды иеленсе, «Сан Мұнай Гас» командасы 2-орын алды. Ал, қарсыластарының барлығын тізе бүктірген «Азамат» командасы 1-орынды қанжығасына байлап, жарыс жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, 4-орыннан көрінген «Яксарт» командасы да, жекелеген ойыншылар да марапаттан құр қалмады.

Мадияр МАХАМБЕТ,
Қорқыт ата атындағы
ҚМУ-дың 4-курс студенті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<