Қаржы нарығын реттейтін жаңа агенттік Алматыда орналасады

386

0

ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев жаңадан құрылатын Қаржы нарықтарын реттеу мен дамыту агенттігі Алматыда орналасатынын айтты,  – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жаңа агенттікті құру Ұлттық банкті қайта ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылатын болады. Оның аясында берілетін қызметтер мен өкілеттіктер Ұлттық банктен ауысады. Осы орайда шатат бірліктерін қайта бөлу ескерілген. Біздің бүгінгі штаттан 500-ге тарта адам жаңа агенттікке ауысатын болады. Мамыр, алдымыздағы маусым айының ортасында барлық жұмыстарды Қаржы министрлігімен аяқтаймыз», – деді Е. Досаев ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында.
 Сонымен қатар ҰБ басшысы жаңадан құрылатын Қаржы нарықтарын реттеу мен дамыту агенттігі Алматы қаласында орналасатынын атап өтті. Осы орайда Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «болашақта Ұлттық банктің Нұр-Сұлтан қаласына көшуі жоспары бар ма?» деп сұрады. Өз кезегінде Ерболат Досаев Ұлттық банкті елордада орналастыру жоспары ескерілгенін жеткізді.
 Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгінгі жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
 Осы орайда қаржы нарығын реттеу мен дамыту, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау функцияларын ҚР Президентіне тікелей есеп беретін жаңа мемлекеттік орган – Қаржы нарықтарын реттеу мен дамыту агенттігіне беру ұсынылады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<