Экономика: болжамдар ішінара расталмады

325

0

 Өткен жылдың соңында Халық­аралық валюта қоры 2019 жылға арналған экономикалық бол­жамын жариялап, осы жылы әлем экономикасы бұрын-соңды болмаған қиындықтарға тап болатынын айтқан еді. ХВҚ мәліметінше, 2019 жылы сауда соғысы салдарынан әлемдік экономика 1,52 трлн доллар табысынан айырылатынын болжады. Бұл өз кезегінде жаһандық нарықтың 17 процентке қысқаруына және жалпы ішкі өнімнің 1,9 процентке азаюына алып келеді.

Халықаралық валюта қоры сарапшыларының пікірінше, 2018-2020 жылдар аралығында әлемдік экономиканың жылдық өсімі 3,7 процент болады. Бірақ бұл өсім жыл өткен сайын баяулап, 2022-2023 жылдарға қарай 3,6 процентке тұрақтайды. Яғни, әлемдік экономика ұзақ уақыт рецессиялық кезеңде болады. 2014 жылдан бері дағдарыстың шылауында келе жатқан Қазақстан үшін ХВҚ-ның бұл болжамы жақсы емес екендігі айтпаса да түсінікті.

Сарапшылар Қазақстан экономикасы 2019 жылы 2008-2009 жылдардағы дағдарыстан да ауыр қиындықтарға тап болады деген еді. Себебі Қазақстан қай уақытта болса да мұнай бағасы  мен сырттан келетін инвестицияларға тәуел­ді болып келеді. Ал келесі жылы әлемдік экономикалық тербе­лісте сырттан келетін инвести­циялар көлемі азайып, мұнай ба­ғасы құлдырауы мүмкін. Жалпы, соңғы айларда АҚШ-тың қаржы-несие саясатын күшейтуі дамушы елдердің экономикасына оңай тимейді. Вашингтонның қысымынан бірінші кезекте Аргентина мен Түркия экономикасы теңселді. Жоғарыда аталған екі елдің екеуінің де ұлттық валютасы құлдыраудың әлемдік рекордын орнатты. Құнсыздану марафонынынан қазақтың теңгесі де қалыс қалмайды.

Иә, халықаралық валюта қоры осындай болжамдарды жария еткен болатын. Уақыт жылдам, әне-міне дегенше 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығының алдын ала қорытындысын шығарған жайымыз бар. Халықаралық валюта қоры айтқандай, Қазақстан үшін айтылған болжамдардың бірқатар теріс сценарийлері расталмады. Мұнай бағасы ойдағыдай болды. Инвестиция артты. Экономиканың өсімі 4 процентті, жылдық өлшем бойынша инфляция 5,2 процентті құрады. Теңге әзірге бұрынғы деңгейін сақтап қалды.

Бұл – Қазақстанға қа­тысты деректер. Ал әлемдік экономикадағы жағдай бұрынғыша күрделі күйінде қалып отыр. АҚШ пен Қы­тайдың арасындағы сауда текетіресінің әзірге немен аяқталатынын болжау қиындық келтіруде. Бұл орайда бұрынғы болжамның расқа айналатын сыңайы байқалады.

 

Ж.Әлмахан.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<