«Кәсіпкерлер табыссыз қалмауы керек»

1469

0

Фердоуси Қожабергенов, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

Пандемия бизнестегі бәсекені азайтып, кәсіп жүргізуге қолбайлау болғаны рас. Тұтас әлемді алаңдатқан бұл жағдайдан шығудың тиімді шешімдері қарастырылуда. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың бастамасымен өңірлік деңгейде «Облысты 2023 жылға дейін экономикалық дамыту жоспары» жасалып, бүгінде жаңа жобаларды іске асыру басталып та кетті. Күрделі кезеңде кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілуде? Осы орайда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергеновті сөзге тарттық.


– Фердоуси Әбілқа­сым­­ұлы, бизнес­ке басты кедергі болған індеттің тарала бастағанына да жылға жуықтады. Кәсіп­кер­ліктің қазіргі халі қалай? Мәсе­ленің түйінін қалай тар­қаттыңыздар?


– Бұл ахуал кәсіпкерлік субъектілерінің 74 про­цен­ті­нің қызметіне үлкен өзгеріс әкелді. Бөлшек сауда, туризм, қоғамдық тамақтану, мейрамхана бағыты бойынша бизнесін жүргізген 10 мыңға жуық кәсіпкердің қызметі тоқтап қалды. Бірінші кезекте халыққа аса қажетті қызмет түрлері бойынша кә­сіпкерлік нысандары жұмыс істеді. Әрине, мұндай сәтте бағытты бірден өзгерте қою оңай емес. Сондықтан жұмыс орын­дарының қысқаруы, өнім өндірісінің төмендеуі бол­ғаны белгілі.
Бұл ретте бизнесті қол­дау үшін кәсіпкерлерге са­лық жеңілдіктері бері­ліп, несие төлемдері ке­йінге қал­дырылды және кре­дит­терді жеңіл шарттармен қайта қаржыландыру мүм­кіндігі қарастырылды. Сон­­­дай-ақ, мемлекеттік бағ­дар­­ламалардың несиелендіру шарт­тары оңтайландырылып, бюджеттен біршама қаржы бөлінді. Облыс әкімінің бас­тамасымен өңірлік деңгейде «Облысты 2023 жылға дейін экономикалық дамыту жос­пары» іске асырылды. Бұл құжат қызметі тоқтатылған кәсіпкерлік субъектілерін қай­та жандандыруда өз тиім­ділігін көрсетті.


– Жоспардың басты мақ­саты отандық өнімдердің үлесін көбейту емес пе?


– Иә, жоспарды жүзеге асыруға басты себеп – облыс нарығына өз өнімдерімізді шы­ғару, үлесін арттыру. Сон­дықтан барлық аудандар бо­йынша жан-жақты зерттеу жүр­гізілді. Экономиканың түрлі салаларында тауарлар мен азық-түлік өнімдерін өндіру бойынша 265-тен астам жоба әзірленіп, бизнеске ұсынылды. Былтыр жалпы құны 7,1 млрд теңгені құрайтын 89 жоба іске асырылып, мыңнан аса адам жұмысқа орналасты.
Бүгінде облыс тұрғындары тұтынатын азық-түлік тауар­ларының басым бөлігі сырттан келеді. Соған жан-жақты талдау жүргізілді. Қазір жос­пар бойынша макарон, ет, ұн өнімдерін өндіру секілді жобалар іске асырылуда. Арал ауданында балық өнімдерін қайта өңдеу, Қармақшы ауданында макарон өнімдерін өндіру, Шиелі ауданында шұжық өңдеу цехтары іске қосылды. Мұндай жаңа жобалардың жүзеге асуы жергілікті өнім өндіру көлемін ұлғайтып, тауардың тұрғындар үшін тиімді бағада дүкен сөрелеріне жетуіне әрі жұмыссыздықтың алдын алуға көмектеседі деп ойлаймын. Бұл бағытта алда әлі де ауқымды жұмыс атқарылмақ.


– Бірқатар тойхана иесі өндіріс пен саудаға бет бұрды. Бұл жұмыстар қалай жүр­гізілуде?


– Пандемия тойханалар қызметіне тоқтау қойды. Қазір облыс әкімдігімен бірге тойхана иелерін басқа салаға ба­ғыттау жұмыстары атқа­ры­луда. Кәсіп­керлер жұмыссыз және табыссыз қалмауы керек.
«Облысты 2023 жылға дейін экономикалық дамыту жос­пары» аясында өңірдегі 128 тойхананың 16-сы қызметтерін өзге салаларға бағыттады. Ай­талық, Арал ауданында ор­наласқан «Ақниет», «Алмаз» тойханалары сауда нысанына, «Хан шатыр» асханаға, «Нұрсұлтан» мейрамханасы кондитерлік өнім өндіретін цехқа, Қармақшы ауданында орналасқан «Алтын Ғасыр» отбасыға арналған киімдер сататын сауда орталығына, «Мәлике Ана» балалар ойын алаңы мен кондитерлік өнім­дер өндіретін цехқа, «Мирас» құрылыс материалдары дүкеніне ауыстырылса, «Айқын» тойханасы құс шар­уа­шылығына бейімделді. Сол секілді жұмыстар Қызыл­орда қаласында да жүргізіліп, «Ұлытау» тойханасы шырын, сусын және «Orda» тойханасы автоматтандырылған ла­ваш шығару өндірістерін іске қосуда. Қазір мұндай жұ­мыстар барлық аудандарда жүр­гізілуде.


– Тойхана басшыларының өз қызмет­­терін басқа ба­ғытқа ауыстыруға қызығу­шылықтары жоғары секілді…


– Иә, өндіріс саласымен бірге тойхана иелері мал, құс шаруашылығымен де айналысуда. Осы ретте, облыс әкімдігі тарапынан тойхана қызметінің бағытын ауыстыруға ниет білдірген кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы» мем­лекеттік бағдарламалары және «Қызылорда» өңірлік инвес­тициялық орталығы арқылы жан-жақты қолдау көрсетілетін болады. Айта кету керек, «Облысты 2023 жылға дейін экономикалық дамыту жоспары» бойынша экономиканың басым секторларын, яғни тамақ, жеңіл өнеркәсіп салалары мен құрылыс материалдарының өндірісі секілді бағыттарын кеңінен қамту көзделіп отыр. Бұл бағыттағы шараларды атқаруға арнайы жұмыс тобы құрылып, тиісті жұмыстарды бастап та кетті.


– Ауылдардағы кәсіп­кер­лерді қаржы­ландыру бағы­тында тиімділігін дәлелдеген «Қы­зыл­орда» өңірлік инвес­ти­циялық орталығының қыз­меті 2025 жылға дейін ұзар­тылды. Қаржы қандай сала­ларды дамытуға бөлінді?


– Иә, бизнесті несие­ле­ндіру бағытында үлкен сұ­ранысқа ие өңірлік инвес­тициялық орталық қызметі облыс әкімінің қолдауымен қосымша 5 жылға ұзартылды. Бұл – аймақтағы кәсіпкерлерді қолдаудағы маңызды қадам. «Даму» қоры арқылы 1 млрд, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 200 млн және облыстық бюджеттен 488 млн теңге қаржы тартылды. Нәтижесінде 251 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Оның 55 проценті мал және өсімдік шаруашылығы, 16 проценті сауда, 10,1 проценті тасымалдау қызметі және 5,2 проценті тамақ өнеркәсібі мен тамақтану салаларын қамтыды. Жалпы орталықтың өзге қаржы ұйымдары мен банк­терден ерекшелігі – несие­лен­діру шартының жеңілдігі мен қаражаттың ауылдық жердегі кәсіпкерлерге бағыт­талуында.
Бұдан өзге, шағын және орта бизнеске екінші деңгейлі банктер арқылы кәсіпкерлік саласындағы бағдарламалар аясында 20 млрд теңге несие ұсынылды. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие портфелі 9 млрд теңгені құрайтын 239 жоба субсидияланып, 658 жобаға 4,8 млрд теңге көлемінде кепілдік берілді. Былтыр бұл бағдарлама бойынша көрсе­тілген қолдау шаралары бірнеше есеге артты. Қазалы, Жалағаш аудандары мен Қызылорда қаласы бойынша белсенділік жоғары.
Сондай-ақ, өңір кәсіп­кер­леріне «бір терезе» қағи­датымен қызмет көрсету мақ­сатында «Бизнеске ар­налған Үкімет» платформасы іске қосылып, жыл ішін­де кәсіпкерлерге 13488 қыз­мет көрсетілді. Айта кету қажет, әзірленген бизнес-жос­пар­лардың 800-ден астамы шамамен 750 млн теңге көле­мінде қайтарымсыз грант және шағын несиелермен қар­­жы­лан­дырылды. Жыл көле­­мінде көрсетілген бұл қолдау шара­ларының арқа­сында пандемия салдарынан зардап шеккен шағын және орта бизнес субъек­тілерінің қызметі толық­қанды қайта іске қосылып, жандандырылды.
Ал биыл мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін бюджеттен 6 млрд теңге қарастырылды. Бұл қара­жат арқылы облыс­та 1600-ден аса жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған аза­мат­тарға қайтарымсыз грант, 900-ге жуық шағын биз­неске микрокредит және 200-ден астам тұрақты бизнес­ке несиелер беру жоспарлануда. Сондай-ақ, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы арқылы 2 мыңнан аса тұрғын кәсіпкерлік негіздеріне оқы­тылады деп күтілуде.


– Облыс орталығында көрсеткіштің жоғары болуы заңдылық. Қай аудандар шағын және орта бизнес бо­йынша көш басында?


– Алдымен айта кету керек, өңіріміз рес­публика көлемінде тіркелген кәсіп­керлік субъек­тілерінің өсім қарқыны бо­йынша бірінші, ал белсенді субъектілер бойынша екінші орынға тұрақтады. Бұл салада көр­сеткіш нақты цифрлармен бағаланатыны белгілі. Өткен жылдың қорытындысымен об­лыста шағын және орта кәсіп­­керлікте тіркелгендер саны 4,3 процентке ұлғайып, 54700-ді құрады. Белсенді кәсіп­­керлердің саны жыл қоры­тын­дысымен 2360-қа артып, тіркелген кәсіпкерлердің 88,9 процентін құрап отыр.
Жалпы, облыс аумағында Қазалы, Жаңақорған аудандары алдыңғы қатарда болса, кәсіпкерлер санының азаюы Арал және Жалағаш аудандарында байқалды. Өткен жылдың 9 айында кәсіпкерлік бойынша жұмыспен қамтыл­ғандар саны 4 процентке ұлғайды. Бұл ретте, Арал ауданын қоспағанда, облыстың барлық аумақтарында өсім бар. Сонымен қатар, кәсіп­керлік арқылы 252,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл оның алдыңғы жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 16,8 процентке төмен. Мұның басты себебі карантинге байланысты кәсіпкерлік субъектілерінің жұ­мысын тоқтатуы екені белгілі. Облыс бойынша өнім өндірісі төмен болғанымен, 2 ауданда өсім бар екенін айта кету керек. Қармақшыда 45,2%-ке, ал Сырдария ауданында 26%-ке артық өнім өндірілген.


– Баршаға белгілі, 2018-2020 жылдар облыста жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылдары болып жарияланды. Бұл кезеңде қандай нәтижелі көр­сеткіштерге қол жеткіздік?


– Бастаманың басты мақ­саты – жұмыс орындары мен салық базасын ұлғайта отырып, өңірде кәсіпкерлікті дамыту. Экономиканың осы сек­торына қабыл­данған қолдау шараларының нәти­жесінде үш жылда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілерінің саны 9,4 процентке, белсенді субъек­тілердің саны 29,9 процентке, кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар са­ны 12 процентке артты.
Шағын және орта бизнесті дамыту бағытындағы жұмыс­тардың басты нәтижесі сек­­тордың жалпыөңірлік өнімдегі үлесін барынша ұлғайтумен айқындалады. Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәй­кес, 2025 жылға қарай облыста шағын және орта бизнестің жалпыөңірлік өнімдегі үлесін 25 процентке жеткізу міндеті қойылған. 2019 жылдың қорытындысымен оның үлесі 14,2 проценттен 17,8 процентке ұлғайды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 18 процентке жеткізу күтілуде.
Айта кету қажет, жалпы үш жылда бизнеске әртүрлі көздерден шамамен 146 млрд теңге қаржы бағытталды. Оның ішінде, Ұлттық банк ұсынған мәлімет бойынша, тек екінші деңгейлі банктер жалпы облыс бойынша шағын бизнеске 78,9 млрд теңге несие берді. Оның 41 млрд теңгесі кәсіпкерлік саласындағы бағдарламалар аясында шағын және орта бизнестің 1100-ден астам жобасына бағытталды. Ал, қаржы ұйымдары 3700-ден астам жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар және кәсіпкерлерге 14 млрд теңгеден астам шағын несиелер табыстады. Бизнеске бағытталған мұндай қолдау шаралары нәтижелі көрсеткіштерге жетуімізге негіз болды.


– Эпидахуал республика бойынша құбылмалы. Егер кәсіпкерлік нысандары қайта жабыла қалса, жағдай қалай болмақ?


– Коронавирус бойынша көрсеткіш әлем бойынша ауытқып тұрғаны белгілі. Мұндайда, әрине, қамсыз отыруға болмайды, қандай жағдайға да дайын болуымыз қажет. Эпидахуал күрделенсе былтырғыдай кәсіпкерлік нысандарына бірден әсер ететіні де жасырын емес. Сондықтан, тәжірибені ескере отырып, тұрғындарға да, кәсіпкерлерге де қолайлы болуын қамтамасыз етеміз.
Былтырғыдай сауда, қо­ғамдық тамақ­тану сала­ла­­рындағы кәсіпкерлер «тұ­ты­нушыға дейін жеткізу» қағидатымен жұмыс жасайды. Тауарларды сатып алу арнайы сайттармен қатар, Instagram, Facebook әлеуметтік желілері мен мобильді қосымшалар арқылы жүргізіледі. Қызметі тоқтатылған кәсіпкерлердің саласын «Облысты экономи­калық дамыту жоспары» аясында өзге бағыттарға алмас­тыру, өндірістік бағыттағы жобаларды іске асыру жал­ғас­тырылатын болады.
Эпидахуалмен қатар бізде тағы бір түйткіл бар. Ол – өңірдің негізгі табысы болып табылатын мұнай қорының тау­сылып, өндіріс көлемінің азаюы. Мемлекет басшысы 26 қаңтарда өткізілген Үкіметтің кеңейтілген отырысында об­лыстың бұл күрделі кезеңінде шағын және орта бизнес пен қызмет көрсету саласын дамыту маңызды екендігін атап өтіп, Үкіметке облысқа нақты қолдау көрсетуді тапсырды.
Биыл мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін бюджеттен 6 млрд теңге қаржы қарастырылды. Мемлекет бас­­шысының тапсырмасына сәй­кес, жыл көлемінде бұл қара­жаттардың көлемін қо­сымша ұлғайту көзделуде. Сонымен бірге, микро және шағын бизнесті дамыту мақсатында қала және аудандармен бір­лесіп, шағын өнеркәсіптік ай­мақтар құру мәселесі қолға алынатын болады.
Мемлекеттің қолдау шараларына қолжетімділікті қам­­­­­тамасыз ету, «бір терезе» қа­ғи­датымен қызметтерді ау­дан орталығынан алуға жағ­дай жасау үшін «Бизнеске арнал­ған Үкімет» платформасы аудандарда да іске асырылуы көзделуде.
Жалпы бұл бағыттағы шаралар облыс әкімі бекіткен «Қызылорда облысында кәсіп­керлікті қолдау және дамы­тудың 2021 жылға арналған іс-шаралар жоспарында» қам­тылған. Облыста кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында бұл шаралар кеңінен атқарылатын болады.

Әңгімелескен
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<