Майнерлерге салынатын салық 10 есе өсуі мүмкін

1370

0

Цифрлық майнингке 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық салына бастадыНҰР-СҰЛТАН, 15 ақпан – Sputnik. 

Қазақстанда цифрлық майнингке тұтынылған электр энергиясының әр 1 киловатт-сағатына 10 теңге салық салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, ведомство майнингке салықты бірнеше есе ұлғайту бойынша тиісті тәсілдерді пысықтап жатыр.

«Бүгінгі таңда шамамен 640 МВт электр қуатын ресми тіркелген майнингтік компаниялар тұтынады. Сонымен қатар «көлеңкелі» майнингті тұтыну ресми тіркеуді талап етеді», – деді министр үкімет отырысында.

Бұл ретте майнингтік компаниялар электр энергиясын тікелей энергия өндіруші ұйымдардан немесе реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардан тұтынады. Мұның басты себебі – тарифтің тартымдылығы, деп мәлімдеді Қуантыров.

Осыған байланысты министрлік тұтынған электр энергиясының 1 киловатт-сағатына салық ставкасын 1 теңгеден 10 теңгеге дейін ұлғайтуды көздеп отыр.Сондай-ақ майнингтік фермалар үшін неғұрлым жоғары тарифтер белгілеу үшін оларды энергия өндіруші ұйымдар тұтынушыларының жеке тобына бөлу жоспарлануда.

Айта кетері, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап цифрлық майнингке салық салына бастады. Қазір Қазақстанда жұмыс істейтін майнингтік фермалар тұтынған электр энергиясының әр 1 киловатт-сағатына 1 теңгеден төлейді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<