Соңғы уақытта экономикадағы күтпеген тосын жағдайлар салдарынан АҚШ долларына қатысты теңге бағамы біршама құнсызданғаны мәлім. Осыған орай Қазақстан Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Қазақстанда 2019-2020 жылдары инфляция деңгейі 6-8% дәліздің жоғары шегінде қалыптасатынын мәлімдеді. Банк төрағасы бұл орайда 2018 жылы инфляцияның бұрынғы көлемде қалыптасатынын, ол одан кейінгі жылдары өсімнің жоғары деңгейде болатынын айтты.
Д.Ақышев оның себептерін Ресейге қарсы жарияланған санкциялардың, осыған орай теңгенің құнсыздануы, әлеуметтік шығындардың, несие көлемінің өсімі салдарынан болып отырғанымен түсіндірді. Банк төрағасы тамыз айында инфляцияның өсімі 0,2% болғанын, оған азық-түлік емес тауарлар бағасының қымбаттауы әсер еткенін мәлімдеді. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, сарапшылар Қазақстанда инфляция өсімінің алдағы жылдары болжанған көлемінен жоғары болатынын атап көрсетеді.
Сондай-ақ, Ұлттық банк болжамына сәйкес Қазақстанның ішкі жалпы өнім өсімі 2018-2019 жылдары тиісінше 3,5 және 2,6 процент болады. Болжамға сәйкес 2018 жылы өсім негізінен ішкі тұтыну көлемінің және тұтыну несиелерінің берілу көлеміне қарай қалыптасатын болады. Керісінше, 2019 жылы экономика өсімі баяулайды, себебі оның өсіміне қатысты жоғарыда аталған алғышарттар азаятын болады.
Сонымен бірге Ұлттық банк болжамы бойынша Қашағанда мұнай өндіру көлемінің өсімі Қазақстанның экспорт әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Ұлттық банк Қазақстан экономикасының бұрынғысынша сыртқы факторларға әсері мол екенін атап көрсетеді. Мұнай бағасы әзірге экономиканың өсіміне басты әсер ететін факторлардың бірі болып қала береді.
Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіне алдынала есеп бойынша Қазақстанның халықаралық резерві 87,3 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлап, бас қаржы ұйымының алтын-валюта қоры үсіміздегі жылдың 8 айындағы дерек бойынша 30,8 млрд доллар болғанын мәлімдеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<