Ұлттық банк: Тамыз айында инфляция 0,5% болды

617

0

Ұлттық банк тамыз айындағы өңірлердегі инфляция үрдістерін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттың банктің мәліметінше, 2021 жылғы тамызда инфляция 0,5% (шілдеде – 0,7%) болған. Азық-түлік тауарларының бағасы бір айда 0,1%-ға (шілдеде – 0,7%), азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 0,6%- ға (шілдеде – 0,5%), ақылы қызметтер бағасы 0,8%-ға өсті (шілдеде – 0,8%).

«Жылдық инфляция 8,7% құрады (шілдеде – 8,4%). Өңірлер бойынша айлық инфляцияның өсімінің бәсеңдеуі 13 өңірде, жеделдеуі 2 өңірде байқалып, 2 өңірде бағаның өсу қарқыны өзгеріссіз қалды», делінген хабарламада.

Ұлттық банктің мәліметінше, бағаның өсу қарқынының жеделдеуі Түркістан облысы мен Алматы қаласында тіркелеген. Бұл өңірлерде тамыз айындағы баға өсімі сәйкесінше 1,0% және 0,8% болған. Маңғыстау облысы мен Атырау облысында бағаның өсу қарқыны өзгеріссіз қалды (сәйкесінше 0,6% және 0,5%). Айлық инфляцияның ең айқын баяулауы Қарағанды облысында байқалды (1,1%-дан 0,2%-ға дейін). Жылдық инфляция 6 өңірде жалпы республикалық деңгейден жоғары болды, олардың ішінде ең үлкен мән Маңғыстау және Түркістан облыстарында байқалды (тиісінше, 9,7% және 9,5%).

Қазақстанда азық-түлік тауарлары бір жылда 11,4%-ға (шілдеде – 11,0%-ға) қымбаттады. Ең төменгі өсу Алматы қаласында (10,3%), ең жоғары өсу – Маңғыстау облысында (13,2%) байқалды. Ел бойынша азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 7,3%-ға (шілдеде – 7,2%-ға) өсті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының ең жоғары өсуі Атырау облысында (8,0%), ең төмен өсуі – Павлодар облысында тіркелді (6,4%).

Елімізде ақылы қызметтер 6,6%-ға (шілдеде – 6,1%-ға) қымбаттады, Павлодар облысында бағаның өсуі 8,5% құрады, Батыс Қазақстан облысында ақылы қызметтер бағасы әлдеқайда төмен қарқынмен өсті (5,6%).

Тамызда айлық тұтыну бағасының индексіне азық-түлік тауарлары инфляциясының қосқан үлесі (0,11 п.т.) азық-түлікке жатпайтын тауарлар (0,15 п.т.) мен ақылы қызметтер (0,20 п.т.) инфляциясының қосқан үлесінен төменірек болды.

«Ет және ет өнімдеріне бағаның өсу қарқыны айтарлықтай төмендегенімен, оның азық-түлік инфляциясына қосқан үлесі ең жоғары болып қалып отыр (0,11 п.т.), жемістер мен көкеністер бағасының 4,7%-ға арзандауына байланысты еттен басқа тауарлардың қымбаттауы азық-түлік инфляциясына ешқандай үлес қосқан жоқ. Жемістер мен көкеністердің инфляцияға қосқан кері үлесі (-)0,16 п.т. Жалпы ел бойынша азық-түлік бағасы 0,1%-ға өсті (шілдеде – 0,7%). Түркістан облысында азық-түлік тауарларының бағасы 0,9%-ға жоғарылады, сонымен қатар Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында 0,1%-0,4% шегінде азық-түлік бағасының төмендеуі орын алды», делінген хабарламада.

Азық-түлік бағасының ең жоғары өсімі орын алған Түркістан облысында нан өнімдері мен жармалар бағасы өсті, әсіресе қара бидай наны (14,3%) мен қарақұмық (5,2%) қымбаттады, ел бойынша бұл тауарлар 2,0% және 1,8% қымбаттады. Ет және ет өнімдеріне баға Қазақстанда 1,3%-ға жоғарыласа, құс еті 3,7%-ға қымбаттады. Өңірлер бойынша қарастырсақ ең жоғарғы өсім Қарағанды облысында (2,4%) тіркелді, мұнда еттің барлық түрі қымбаттады. Құс етінің қымбаттауы барлық өңірде орын алды, ең жоғарғы өсім Ақтөбе (6,7%), Қызылорда (6,6%) және Түркістан (6,5%) облыстарында, ал ең төменгі өсім Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың айлық инфляцияға қосқан үлесі шілде айындағыдай 0,15 п.т. құрады. Елде бір айда бағаның өсуі 0,6% (шілдеде – 0,5%) болды. Тұрғын үйлерді күтіп ұстауға арналған материалдар бағасы 1,6%-ға жоғарылады, әсіресе НұрСұлтан қаласында (5,5%), Маңғыстау және Атырау облыстарында (3,1%-дан). Маңғыстау облысында дизель отынының бағасының көтерілуі басқа өңірлерге қарағанда жоғарырақ болды (3,8%), ал ел бойынша өсім 1,3% құрады. Көптеген өңірлерде жанармай бағасы арзандады, нәтижесінде Қазақстан бойынша оның бағасы 0,2% -ға төмендеді.

Ақылы қызметтер бағасының өсуі тамыз айында айлық инфляцияға ең көп үлес қосты – 0,20 п.т. (шілдеде – 0,23 п.т.), бір айдағы бағаның өсу деңгейі өзгеріссіз қалды – 0,8%.

«Ақылы қызметтердің айтарлықтай қымбаттауы Алматы қаласында орын алды (1,7%), мұнда тұрғын үйді жалға алу 14,7%-ға қымбаттады, ал ел бойынша өсім 4,2% құрады. Шығыс Қазақстан облысында суық су тарифі және су бұру қызметі сәйкесінше 8,6% және 7,8%-ға қымбаттады. Өңірлердің басым бөлігінде газ қымбаттады. Үйлестіру желілері бойынша тасымалданатын газ 7,3% – 12,0% шамасында қымбатады, тек Қызылорда облысында 5,9%-ға арзандады, бірақ мұнда баллондағы сұйытылған газ 4,3%-ға қымбаттады. Нұр-Сұлтан қаласында баллондағы газдың бағасы 8,5%-ға, ал Шығыс Қазақстанда 7,7%-ға көтерілді. Нәтижесінде елімізде үйлестіру желілері бойынша тасымалданатын газ 4,0 %-ға, баллондағы сұйытылған газ 2,8%-ға қымбаттады», деп мәлім етті Ұлттық банктен.





 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<