Құжаттарды өңдеу уақыты қысқарды

372

0

Облыстық қазынашылық департаменті өткен жылы 649 мемлекеттік мекемеге қызмет көрсетті.  Оның 58-і республикалық бюджеттен және 491-і жергілікті бюджеттен, 73-і жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінен қаржыландырылатын мекеме болса, қалған 19-ы – квазимемлекеттік сектор субъектілері.

Бұл мекемелер бойынша департамент республикалық және жер­гілікті бюджеттерді атқару, қолма-қол ақ­шаны басқару, алдын ала және ағымдағы бақылау, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің келісім-шарттарын тіркеу, құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алуды қазынашылық қолдау және бюджеттің IV деңгейін енгізу, сондай-ақ Қаржы министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық жос­парын орындау бойынша  жұмыстар ат­қарды. Атап кетерлік жайт, 2018 жылмен салыстырғанда мемлекеттік мекемелер саны 59-ға көбейген немесе 9,9%-ті құрап отыр.

Өңірлік коммуникациялар қыз­метінде өткен кезекті брифингте облыс бойынша қазынашылық департаментінің басшысы Әуезбек Дүйсенбаев осындай мәліметтер келтірді. Оның айтуынша, есепті кезеңде «Қазынашылық-Клиент» ақпараттық жүйесінде мемлекеттік мекемелердің бюджеттік қаржы­лары­ның мақсатты жұмсалуын қадағалап, олардың атқарылуы жөніндегі операцияларын жүргізу барысында қазынашылық департаменті арқылы барлығы 583987 қаржылық құжат қабылданып, оның 575948-і өңделген. Ал 8039 құжат ресми хат арқылы орындаусыз кері қайтарылған, ол қабылданған құжаттардың 1,3%-ін құрайды. Бұл республикадағы үздік көрсеткіш саналады.

Департамент басшысы құжат­тар­дың орындаусыз кері қайтарылуының негізгі себептерін атады. Оған анықтамалардың бірыңғай бюджеттік сыныптамаға, жиынтық анықтамаға сәйкес келмеуі, төлем мазмұнындағы қате, қаржыландыру жоспарларында қаржының жетпеуі, төлем тағайындау кодындағы және шығыс ерекшелігі кеткен қателіктер мен растаушы құжаттардың дұрыс рәсімделмеуі және тағы басқа кемшіліктер жатады.

2020 жылдың қаңтары мен қыркүйек айы аралығында облыста орталықтандырылған мемлекеттік сатып алу пилоттық жобасы іске асырылуда. Ә.Дүйсенбаев соған сәйкес, департамент пилоттық жоба шеңберінде бірыңғай ұйымдастырушының ау­мақтық бөлімшесі ретінде пилоттық жобасының орталық мемлекеттік органдар қатысушыларының аумақтық бөлімшелері үшін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырумен айналысып жатқанын жеткізді.

Брифингке қатысушылар стра­тегиялық жоспарға сәйкес, қаржылық құжаттарды өңдеу уақыты жыл сайын қысқарып келе жатқанынан хабардар болды. Егер 2017 жылға дейін төлемге берілген шотты өңдеуге 8 жұмыс сағаты кетсе, 2017 жылы 7 сағат, 2018 жылдан бастап 6 сағатқа дейін қысқарған. Департамент басшысы ұжымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, оның алдын алу, күнделікті бақылауда ұстау және кадрды басқару жұмыстарын оңтайландыру, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру бойынша жұмыстар ұдайы жүргізілетінін мәлімдеді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<