Әлеумет. Тұлға. Құндылықтар

555

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және Астана күніне орай «Қазіргі сын-қатерлер, дәстүрлер мен инновациялар: «Әлеумет. Тұлға. Құндылықтар» тақырыбында І Халықаралық форум өтті. Екі күнге созылған форумға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, аймақ дамуын баяндады және қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Ежелден Сырдария – көшпелі өркениеттің бесігі. Мұнда түрлі мәдениеттер қалыптасып, мемлекеттер құрылды. Тарихқа жүгінсек, бұл жерден қазақтың төрт астанасы орын тепкен. Біздің дәуірімізге дейін ХIV ғасырда негізі қаланған сақтардың астанасы Шірік-Рабат, IХ-ХI ғасырлардағы Оғыз мемлекетінің бас қаласы Жанкент, ХIV-ХVI ғасырларда Ақ Орда мен Қазақ хандығының астанасы  Сығанақ пен Қызылорда қаласы  1925-1929 жылдары Қазақ Кеңес Республикасының астанасы болған. Кезінде жал-жал толқыны жағаға ұрған Арал теңізі планетамыздағы ең үлкен теңіздердің қатарында болғаны белгілі. 1960 жылдардан бастап Арал аймағын игеру қолға алынып, Сыр мен Әму бойындағы мемлекеттердің игерілетін жер көлемі еселеп ұлғайып, халқының саны артты, қажеттілік көбейді. Екі өзен бойында суды қажет ететін күріш, мақта дақылдарының қарқынды дамуынан Аралға құйылатын су мөлшері азайды, тұздылығы артты. Тыңайтқыштарды, химиялық пре­парат­тарды толассыз пайдалану салдарынан Арал өңірі экологиялық апатқа душар болды. Бұл адамзат баласының қолдан істеген қателігі ретінде әлемге танылды. Мәселелер тек экологиялық күрделі жағдайға ғана емес, әлеуметтік-эко­но­микалық дамуға да қатысты еді. Осындай күрделі кезеңде, 30 жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен тәуелсіз Қазақстан мем­лекеті дүниежүзілік картада өз орнын қалыптастыра білді. Бүгінде еліміз шекарасы нақтыланған, Әнұраны көкте қалқып, Көк Туы желбіреген, Елтаңбасы қалыптасқан, тілі, төл теңгесі, әскери күші бар, жаңа елордасы бой көтерген іргелі мемлекет, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ аймақ басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді сүю, жерді сақтау, қазақ тілінде сөйлеу және әр азаматтың елдің дамуына атсалысуы турасында айтқан сөздері маңызға ие екенін жеткізді.

– Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы нақты істер мен бастамалар жүзеге асатын уақытқа айналуы тиістігін айтты. Бүгінгі форум соны негіз етіп отыр, ел дамуына, аймақтың өркендеуіне жол ашатын ұсынымдар жинақталарына сенім мол. Форум жұмысына сәттілік тілеймін, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Басқосуда шетелдік және отандық же­текші ғалымдар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері онлайн байланысқа шы­ғып, әлеуметтік-экономикалық проб­ле­маларды анықтау, оны шешу жолын қарастырды. Арал маңы тұр­ғын­дарының экологиялық қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету, облыстың индустриалды-инновациялық даму кон­текстінде білім, ғылым, өндіріс және бизнестің интеграциясы, қоғамдағы әлеуметтік және рухани құбылыстар туралы түрлі түсініктерге талдау жасау, қазіргі социумның құндылығын дамыту бағыттарын талқылады. Гази Түрік университетінің профессоры Хулия Хасапоглу «Тәуелсіздік жылдарындағы Түркия мен Қазақстанның мәдени байланысы» тақырыбында, Ұлыбри­таниядағы Борнмут Университетінің Phd докторы Вячеслав Филимонов тақырып аясында баяндама жасады. Сондай-ақ, форумда ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы басшысы Артур ван Дизен, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар ісі және отбасы комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов тәуел­сіздік жылдарындағы жетістіктер, соның ішінде жастар саясатының алға басуы, жастардың дамуы мен олардың келешегін кемел ету жолындағы пікірлерін ортаға салды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова білім саласындағы беталысты баяндау барысында жаңа мамандықтар атласын құру, өңірдің ерекшелігіне қарай  мамандарға қосымша дағдыларды игеру туралы айтты.

– Биылдан бастап университетте жаңа академиялық бағдарламаларды жасау және жаңарту бағытында «Ұлттық ұстаз онлайн академиясы» сарапшыларының қатысуымен «Инновациялық-кәсіпкерлік университеттің жаңа архитектоника академиялық бағдарламалары» тақы­рыбында оқыту семинары өткізілді. Нәтижесінде 7 инновациялық білім беру бағдарламасы әзірленді. Жаңа заманның жаңа мамандарын даярлауға ерекше күш салынып келеді. 85 жылдық тарихы бар іргелі оқу орны заман ағымынан қалыспай, технологиялар мен әдістерді игере отырып, алға қарыштап дамуды басты миссиясына балайды. Табысқа жетудің жолы оңай емес, бірақ бір арнаға тоғысқан талап пен мақсат нәтиже береді, – деді университет ректоры.

Форум барысында «Үздіксіз білім – табыс пен мансаптық өсу негізі» атты семинар, облыс әкімі жанындағы әйел­дер істері және отбасылық-демогра­фиялық саясат жөніндегі комиссия­ның ұйымдастыруымен «Әйелдер көш­басшылығы: бүгін және ертең» тақы­рыбында шеберлік сабақтары қамтылды. Ашық пікір алаңы тың тәжірибе алмаса отырып, дамуға бастайтын жан-жақты ұсыныстарды жинақтауға жол ашты.

Мөлдір Қалымбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<