Әр тамшы судың сұрауы сезілді

583

0

Табиғи, экономикалық және өзге де себептерге байланысты Сырдария өзенінде кейінгі жылдары су тапшылығы өзекті болып тұр. Әсіресе, дарияның төменгі ағысындағы Қазақстан үшін мәселе күрделене түсті. Аталған түйткілді шешу бағытында еліміздің Үкіметі және облыс басшылығы тарапынан тиісті іс-шаралар қолға алынып отыр. Сенбі күні облыс әкімдігінде өткен су тапшылығы жағдайында егістікті сумен қамтамасыз ету мәселесіне арналған селекторлық мәжілісте бұл мәселе кеңінен талқыланды. Оған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов қатысты.

Мәжіліс барысында аймақ басшысы Сырдарияның тө­мен­гі ағысында вегетациялық кезең күрделі су тапшылығы жағдайында өтіп жатқандығына тоқталды. Әсіресе, бұл өңір диқандарының күріш егу және оны суға бастыру кезеңіне сәйкес келіп, оған қатысты мәселе қиын жағдайда екендігін айтты. Қазір Сырдария өзенінің бастапқы бөлігі саналатын қырғыз жерін­дегі Нарын аймағында табиғи құбы­лыстарға байланысты су өткен жылдан 2 млрд текше метрге аз. Ол еліміздегі «Шардара» су қоймасына жоғары бөліктен түсетін су мөлшерін азайтты.

– Биыл облыс бойынша 188,2 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспар­ланған. Айта кетейік, мол суды қажет ететін күріш егісінің көлемі былтырғыдан  5,1 мың гектарға қысқартылып, 84,4 мың гектарға егу межеленді. Су мәселесіне байланысты күріш егу және оны суға бастыру жағдайы қиын тиіп тұр. Былтыр дәл осы кезеңмен салыстырғанда күріш егу 5,1 мың гектарға және суға бастыру 7,4 мың гектарға артта келеді. Бұл түйткілді шешу мақсатында тиісті іс-шаралар қолға алынды. Осыған байланысты Су ресурс­тары комитеті мен облыс әкімдігі тарапынан вегетациялық кезеңде су тапшылығының алдын алу бойынша атқарылатын бір­лес­­кен жұмыс жоспары бекі­тіл­ген. Каналдар арқылы су алу режимінің кестеге сай орын­далуына мониторинг жүргізіледі. Осы мақсатта жұмыс­шы тобы құрылған, – деді облыс әкімі.

Келесі кезекте сөз алған Серік Қожаниязов еліміздегі бірқатар өңір­лерде су ресурстарына бай­ланысты проблема кездесіп отыр­ғанын алға тартты. Олардың арасында Сырдария өзеніне байла­нысты ахуалы күрделі. Ел Үкіметі тарапынан тиісті іс-шара­лар жасалуда. Қырғызстан жеріндегі «Тоқтағұл» су қоймасы негізінен энергетикалық режимде жұмыс істейді. Сондықтан бұл бағытта көр­шілес мемлекеттер тарапынан оларды электр энергиясымен қамтамасыз етуде нақты шаралар жасалуда. Халықаралық келісім-шарт қолға алынған. Қазақстан мен Өзбекстан су мәселесіне байланысты тауар алмасу ретінде алдын ала электр энергиясын жөнелтуге көңіл бөлді. Еліміз ма­мырдың соңына дейін Қыр­ғыз­станға 370 млн, Өзбекстан 250 млн киловатт сағат электр энер­гиясын беруді жоспарлап отыр. Оны қырғыздар тамыз айында қайтарады. Есесіне су аса қажет болатын жаз айларында төменгі бөлікке 370 млн текше метр су жібереді.

– Сырдария өзенінің бастапқы бөлігінде «Тоқтағұл» су қоймасы орналасқан. Дарияның деңгейі соған тікелей тәуелді. Онда негізінен жылына 15 млрд текше­ метр су жинауға мүмкіндік бар. Алайда, биыл «Тоқтағұлда» бар-жоғы 7-8 млрд текше метр су бар. Оған Тянь-Шань тау­ла­рын­дағы мұздықтардың аз болуы кері әсерін тигізген. Бұл Қырғызстаннан бастап Өзбек­стан, Тәжікстан, Қазақстан мемле­кеттеріне қиындық келтірді. Айта кетсек, Қырғызстанда суармалы жер аз екенін бәріміз білеміз. Алайда, онда өз елінің жағдайына байланысты электр энергиясын өндіру жолға қойылған. Рас, қырғыздарға да биылғы су тапшылығы бірқатар кедергісін жасады. Электр энергиясын өндіру жет­кілікті деңгейде орын­дала қой­мауы мүмкін. Дегенмен, электр қуа­тымен айырбас негізінде қажетті суды алуды көздеп отырмыз, – деді С.Қожаниязов.

Білуімізше, тәжік жеріндегі «Қайраққұм» су қоймасы жөн­деу­ді қажет етеді. Оған Қазақстан мен Өзбекстан қол ұшын созуды көздеп отыр. Тәжікстан 2008 жылға дейін су ағынын реттеуде Қа­зақстан және Өзбекстанмен бір­лесіп жұмыс істеп келген еді. Екі ел оларға Сырдария суын жинауда тиісті көмек көр­сет­кен. Тәжікстанның Соғды және Өзбекстанның Ферғана облыс­тарының аумағында 1950 жылдары іске қосылған «Қайрақ­құм» – тәжік жеріндегі ең ірі су қоймасы. Ол Сыр­дария өзенінің ағысын реттеу үшін салынған. Оның құрамына су бөге­тінен өзге су электрстанциясы кіреді.

Арал-Сырдария бассейндік инс­пекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетовтің айтуын­ша, қазіргі уақытта «Шардараға» жоғары бөліктен секундына 90 текше метр су келіп жатыр. Өткен жылы дәл осы кезеңде ол секундына 415 текше метрді құ­раған. Оның үстіне қазір «Шардара» су қоймасында 4,3 млрд текше метр су бар. Былтырғыдан 500 млн текше метрге аз. Ал «Көксарай» су реттегішінде 1,2 млн текше метр су жиналған. Сәуір айының екінші он күндігінде еліміздің аумағында орналасқан аталған екі су қоймасында 7 млрд текше метрге жуық су бар еді. Вегетациялық кезеңде Қызылорда облысына 4,1 млрд текше метр су белгіленген. Бүгінгі күндері облыс аумағына 555 текше метр су келіп жатыр. Ал өңірде каналдар мен егіске 440 текше метр су алынуда. Егілген күріштің 67%-і суға бастырылған. Жыл басынан бері қазіргі күнге дейін каналдар арқылы тұрақты суаруға 719 млн текше метр су алынса, экологиялық жағдайды жақсартуға 475 млн текше метр су пайдаланылған. 

Қазір Қызылорда қаласы мен әрбір аудан бойынша егілетін күріш дақылының ротациясын сақтау бақылауға алынды. Осы мақ­сатта аудан әкімдері және шаруа­шылық басшыларымен ақыл­даса отырып, арнайы кесте жасалып отыр. Онда магистральды және шаруашылықаралық канал­дарды кезектестіріп су беру ойластырылған.

– Шаруашылық құрылымдары ішкі каналдар мен қашыртқы жүйесін тазартуға бақылау жа­сайды. Сондай-ақ, су беру кезеңінде оны үнемді пайдалану мақсатында қашыртқыларға артық су жібермеуге қадағалау жүргізіледі. Оған қоса елді мекендерді аяқсумен қамтамасыз ету жағдайын жақсартуға мән беріліп отыр. Осы бағытта облыстық бюджеттен ұзындығы 45 шақырым болатын 8 каналды реттеуге қаржы бөлінген. Облыс­тық бюджеттен елді мекендерге 43 дана насос қондырғысын са­тып алу белгіленген, – деді «Қазсушар» республикалық мем­ле­кеттік кәсіпорны Қызылорда филиалының директоры Хамит Биімбетов.

Биыл өңірде ауыл шаруа­шы­лығы дақылдарын әр­тарап­тандыруға баса назар аударылып отыр.

– Суды үнемді пайда­лану үшін биыл күріштің тиімді сорттарын егуге көңіл бөлінді. Біз диқандарға жергілікті селек­цияның ерте мерзімде пісетін сорттарын орналастыруды ұсын­ған едік. Қазір күрішті егу жұмыстары жалғасуда. Басқарма тарапынан егін шаруашылығын әр­тараптандыру ісіне қолдау көрсетілді. Өткен жылмен салыс­тырғанда күріш көлемі 5,1 мың гектарға қысқартылды. Оның орнына суды аз қажет ете­тін дақылдарға басымдылық беріл­ді. Осы бағытта су үнемдеу тех­нологиясына көңіл бөлініп, жем-шөптік дақылдармен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қам­та­масыз ететін майлы және картоп, көкөніс, бақша дақылдарының егісін ұлғайту қолға алынды, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Тілеулеева.

Жиын соңында шаруашылық басшылары пікірлерін айтты. Аймақ басшысы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінен вегетациялық кезеңде жоғарыдан «Шардара» су қоймасына 2,7 млрд текше метр су түсуін қамтамасыз ету жөнінде ұсыныс білдірді.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-ми­нистрі Серік Қожаниязов облыс әкім­дігіндегі мәжілістен кейін өңірлік коммуникациялар қызметінде журна­листерге арнап брифинг өткізді.

Сырдариядағы су тапшылығын тек Қазақстан ғана емес, жоғарыдағы Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдері де  көріп отыр. Осыған орай үкіметаралық келісімдер мен бағдарламалар жасалуда. Еліміз тарапынан Қырғызстанға электр қуатын бөлуге назар аударылуда. Оған қоса Тәжікстан мемлекетімен де тиімді келіссөздер жүргізілуде. Оларға қажетті техника және жанар-жағармай беріп, тиісінше маусым, шілде айларында Сырдария өзенімен қосымша 300-400 млн текше метр  су  алу мүмкіндігі туындамақ.

– Сырдариядағы ортақ суды бөлісу үшін 4 мемлекетпен комиссия бекітілген. Арнайы ведомство жы­лына 2 рет кездесу өткізеді. Ол жерде қай мемлекет қанша мөлшерде су алатындығы жөніндегі болжамдар  кеңінен талқыланады. Өзендегі судың бөлінісін бақылайтын  «Сырдария» бассейндік су шаруашылығы ұйымы бар. Өзбекстанда орна­лас­қан мекемеге біздің елден 2 қыз­мет­керді өкіл ретінде жібердік. Мақсатымыз – әрбір тамшы судың реттелуін бақылау. Айта кетейік, судан тек біздің ел емес жоғарыдағы мемлекеттер де  зардап шегуде.  Экологияға да, егінге де зиян тимеу үшін өзен суының қалыптылығын сақтау мақсатында үкімет деңгейінде жан-жақты шаралар қабылдануда, – деді Серік Салауатұлы.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<