Аймақта айтыс өтті дүбірлеген

601

0

Қазақ хандығының бес ғасырдан астам тарихында Тәуелсіздіктің 30 жылдығының өзіндік салмағы бар. Иә, ата-бабамыздың армандап, аңсап өткен азат күні бүгінгі ұрпақтың бақытына бұйырды. Сондықтан Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін тарихымызды терең танып, салт-сана, әдет-ғұрып сынды рухани құндылығымызды көздің қарашығындай қорғауымыз қажет. Осы жолда қазақ айтысы ұлттық өнердің байрағын биік ұстап келеді.

Өткен аптада Сыр елінде Тәуелсіздік құндылықтарын қастер­леген аламан айтыс болғанын айт­қан едік. Сөз сайысында ақындар ел бірлігін жырлап, егемендіктің үш онжылдығындағы жетістіктерді тізбеледі.

– Тауы жоқ, таудан биік тұлғалар көп,

Мәшһүр Жүсіптің айтсам тіліменен,

Кете Жүсіптей ешкім жырлаған жоқ.

Қарасақал Ерімбет сөйлегенде,

Қараға мал бітіпті, құлға дәулет.

Кімдер бар, Шораяқтың Омарындай?

Бір өзі өте салған бір ғалам боп.

Жиенбайды тудырған бұл топырақ,

Қасиеті әлі де құрғаған жоқ.

Орнына өзім барып жатар едім,

Тұрып кететін болса Тұрма­ғам­бет. Айтыс десе, арқа­ланып кететін Аспанбек Шұғатаев ой мәйегін осылай төгіп салды. 

– Тарихы шежірелі шерге тұнған,

Қойнауы қазыналы көмбе тұнған.

Ертелі-кеш еңбектен белін жазбай,

Несібесін тапқан жан дән-дақылдан, – деп Сырдың қарапайым халқына сипаттама берген ақын Нұрмат Мансұров әдеттегідей тақы­рып аясын терең толғауға тырысты.

Елдің ерек ықыласына бөленген ақын Айбек Қалиев пен айтыс алаңына енді ғана қадам басқан Сырдың перзенті, қазалылық Нұрзат Қарудың айтысы шұрайлы да көркем ойларымен баурап алды. Ағалығын білдіріп, айтыста ақ жол тілеп, жүрегінің төрінен орын берген Айбек ағасына Нұрзаттың да ілтипаты ерекше болды. Әйтсе де, әдептен озбаған әдемі әзіл-қалжыңдарымен  көрерменді күлкі­ге қарық қылды. Әлбетте, оның ар жағында Тәуелсіздіктің тарихын­дағы маңызды қадамдармен бірге, қазіргі жан жарасына айналып отырған мәселелерді қозғады. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтін халқымыздың биылғы мал басына келген қиын жағдайдан зардап шегіп отырғанын орамды ойларымен орнықты жеткізді.

Өрімдей жап-жас десек те Асанқайғы бабамыздың сарынымен төкпелей жырла­ған Нұрзаттың мына сөздерін тыңдаңызшы:

– Асанқайғы бабамдай, қайғысын елдің көтерсем,

Қызыңа мына кім не дер?

Жемі менен шөбі жоқ жылқым қайтіп күн көрер?

Жылқысынан айырылса,

Қазы жеп өскен, қазақтай ұлтым қайтіп күн көрер?

Терең жүзер суы жоқ, балық қайтіп күн көрер?

Малынан басқа пұлы жоқ, халық қайтіп күн көрер?

Мінәжат қылып тапсырдым, сөзімді ұқса мінбелер,

Қазаққа қазақ болмаса, қолының ұшын кім берер?! – дейді ол. Тәуелсіздік перзентінің бойынан осындай табандылықты, еркіндікті аңғарып, ерекше қуандық. Айтыс дейтін киелі өнерге енді ғана ат қосып жүр екен. Бақ жұлдызы биік болсын деп тілейік.

Айтыстың ақтаңгері, үш мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов пен Айшолпан Тілеутай айтысындағы қазақы қалжың, бір-бірінің аузынан шыққан сөзді дереу іліп әкетіп, жылдам жауаптасып, жұрттың назарын аударуы ескіден келе жатқан қыз бен жігіт айтысын еске салды. Өрелі ой, өрнекті сөз қолданыстарында өзгеше ұстаным бар.

Иә, бүгінгі күні Сыр өңірінің басты проблемасы – Сырдария өзенінің  тартылуы. Семейдің ақын қызы Әсем Ережеқызы өзі­нің қарсыласы Бекарыс Шойбекке «Сырдың суы тартылып жатқанда, Түр­­кістаннан «Венеция» ашудың не керегі бар?» дегендей әзіл тастады. Оған Бекарыстың жауабы дөп келгендей:

– Өзіңдей ғалымдардың айтуынша,

Қақтығыс судан келсе жаман дер ек,

Жиырма бірінші ғасырда мемлекеттер

Су үшін соғысатын заман келед.

Сол «соғыстан» аман-сау алып шығар

Салиқалы, салмақты қадам керек.

Судың пірі Сүлеймен болмаса да,

Біздерге бір майталман Ақылымен мойындатып алты Алашты,

Ақысын әперетін адам керек!

Жұрт ду етіп, қол соқты. Иә, сөздің шындығы осы емес пе?! Қазақ айтысында көп жылдан бері көрерменнің көңіл төрінен орын ал­ған  қос ақын осылайша тағы бір мәрте тамаша айтыстың үлгісін көр­сетті.

Бауыржан Ширимеденұлының  мына шумақ­тары жүрегімізге ерекше жылылық ұялатқандай:

– Хазардан әрі жатқан, Сырдан бері,

Тұран ғой Ақмешіттің тұрған жері.

Ассалаумағалейкүм, Қызылорда,

Жұлдыздан емес, жырдан тұнған көгі.

Ей, шіркін, Сейхундария жағасында

Кімдердің өтпеп еді жыр дәурені?

Сүлейлері түгілі бұл даланың

Сөйлейтіндей соғып тұрған желі, – дейді Бауыржан ақын. Иә, бұл – ақиқат. Сыр сүлейлерінің сарыны – бүгінде ғасырдан ғасырға жетіп отырған ғажайып құндылық.

Осылайша Сырдың бойын дү­бірлеткен айтыс өтті. Былтырдан бері еңсені басқан қиындықтан қажыған халық бір серпіліп қал­ды. Ақындардың жүрегінен көрік­ті ой, көркем сөз ағытылды. Қа­зақта: «Көз жетпеген жерге сөз жетеді» деген тәмсіл бар. Демек, ақындардың аузынан шыққан сөз алысқа жететініне шүбәміз жоқ.

«Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты республи­калық ақындар ай­ты­сының қорытындысымен бас жүлдені Қазалы ауданынан қа­тыс­қан жас ақын Нұрзат Қару жеңіп алды. Ал бірінші орынды айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязов иеленді. Екінші орынды белгілі айтыскер Бекарыс Шойбек, үшінші орынды Аспанбек Шұғатаев, Әсем Ережеқызы, Айбек Қалиев сынды ақындар иеленді. Айтыс аламанында өзіндік орны бар Нұрмат Мансұр бұл айтыста Жүрсін Ерман атындағы арнайы жүлдені қанжығасына байлады. Жүзден жүйрік шыққан жүлдегерлерді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова марапаттады.

Айтысқа ақын, республикалық «Жұл­дыз» журналының бас редакторы, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, Ха­лықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығы директорының орын­басары, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің респуб­ли­калық одағы Жамбыл облыстық фи­лиалының төрағасы, Мәде­ниет сала­сының үздігі   Ахметжан Өзбеков, айтыскер ақын, Мәде­ниет саласының үздігі Серік Ыды­рысов, ақын, режиссер-сценарист, Қызылорда қалалық Жастар театрының көркемдік жетек­шісі, Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов, айтыскер ақын, Қ.Мыр­залиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық өнер орталығының директоры, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бауыржан Халиолла қазылық етті.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<