Ауруханалардың ахуалы сараланды

585

0

Кейінгі кезде коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар саны артып, облыс «сары аймақ» қатарына қосылды. Бүгінде антиденеге төзімділігі жоғары «Дельта» штамы барлық өңірде тіркеліп отыр. Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова денсаулық сақтау нысандарының жағдайымен, вакциналау жұмыстарының барысымен танысты.

Аймақ басшысы алдымен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында болып, науқастарға төсек-орынның, медициналық құралдардың  жеткілікті болуын қадағалады.

Аурухананың бас дәрігері Айна Мұхамбетова кейінгі аптада инфекция жұқтырғандар саны көбейгенін айтты. Шілде басталғалы балалардың ыстығы көтерілу, дем жетпеу белгілерімен түсуі көбейіп, індет белгісі анықталуда.

– Қазір науқастар ем алуда.  Аурухананың сыйымдылығы 70 проценттен асқан жағдайда екінші стационар ашылады. Әзірге бұл көрсеткіш 65 процентті көрсетіп тұр. Бүгінде дәрі қоры жеткілікті. Екі бригада қызмет көрсетуде, тағы да науқастар қосылатын болса, үшінші бригаданы жұмысқа дайындаймыз, – деді ол.

Биылғы жылдың 5 айында жұқпалы аурулар ауруханасына 959 науқас түсіп, 875 азамат індеттен айыққан. Қазір ауруханада 185 науқас ем қабылдап жатыр. 200 төсек-орынға лайықталған ауруханада дәрі-дәрмектің қажетті қоры қалыптасып, оперативті мамандар жұмысы жолға қойылған.

Облыс әкімі соңғы уақытта өңірдегі вирус деңгейінің күрделеніп, үнділік «Дельта» штамы белгілерінің таралуы себепті сақтық шараларын қатаң түрде күшейтіп, науқастарды емдеуде қосымша төсек-орынды әзірлеп, алгоритмдерді жедел іске қосу қажеттігін қаперге салды.

– Қазір вирустың мутация­ланған белгілері анықталуда. Өкінішке қарай, «Дельта» штамы біздің өңірде де көрініс тауып жатыр. Індетті жеңу үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, тұрғындарды белсенді түрде екпе егуге шақыруымыз қажет. Егде азаматтарды, балаларды вирустан қорғау үшін медициналық ұйымдар қажетті шараларды қарқынды түрде іске асыруы қажет, – деді аймақ басшысы.

Мұнан кейін облыс әкімі «СК-Фармация» ЖШС-ның дәрі-дәрмек қоймасына барып, жағдайымен танысты. Одан соң №3 қалалық емханадағы екпе кабинеттерін аралап, жауапты мамандарға тұрғындарға қолайлы жағдай жасау керегін, күту залының ыстық болмауын тапсырды.

Аймақ басшысы облыстық балалар ауруханасына да барып, емделушілер арасында коронавирусты анықтау үшін қандай шаралар жасалғанымен танысып, дайындық барысын қадағалады.

Ауруханада фильтр бөлімшесі ашылған. Пациенттер қабылдау бөлімінен кейін бірден осында әкелінеді. Мұнда түскен кез келген бала ПТР-тест талдамасы дайын болғанша, фильтр кабинетінде ем алып, бақылауда болады. Талдаманың нәтижесі теріс болған жағдайда профильді бөлімге ауыстырылады. Ал, тест оң нәтиже көрсеткен жағдайда оқшауланады.

Ауруханадағы қазіргі жағ­даймен егжей-тегжейлі танысқан облыс әкімі коронавируспен келіп түскен науқастарға арналған артық төсек-орындар дайын болуы керек екенін атап өтті.

Жұғуы тез, антиденелерге төзімді «Дельта» штамының анықталуы қазір  халықпен бірге ақ халаттыларды да алаңдатып отырғаны белгілі.

– Облыс қазір «сары аймақта». Кейінгі аптада коронавирус инфекциясымен ауырған науқастар саны көбеюде. Егер жағдай одан әрі күрделенетін болса, 3200-ге дейін төсек-орын резерві дайын. Соған сәйкес денсаулық сақтау ұйымдарының  әзірлігін саралап жатырмыз. Қазір аймақта екі айлық дәрі-дәрмек қоры және қорғаныш құралдары сақталған. Маусым айының аяғында республикада «Дельта» штамы тіркелді. Бұл штамм тез жұғады әрі инкубациялық мерзімі 3-5 күнге дейін қысқарды.

Кез келген инфекцияны жеңу жолы – вакциналау. Қазір облыстың 170 мыңнан астам тұрғыны екпемен қамтылды. Сондықтан ұжымдық иммунитет қалыптастыруға, халықты вакцина алуға шақырамыз, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жангелді Шайымбетов.

Айта кету керек, өңірде «Дельта» штамы әзірге ересектер арасында тіркеліп отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<