Бұл қиындық бірлескенде ғана еңсеріледі

488

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қуаңшылық кезеңінде малды шөппен қамтамасыз ету және егін жұмыстарын бақылау мақсатында Сырдария ауданы Шіркейлі ауылдық округіне қарасты «Мәді қажы» ЖШС-на барды.

Қожалықтың негізгі қызметі – күріш өсіру. Бұл жерде 250-ге жуық адам еңбек етуде. 2017 жылдан бас­тап тағы бір бағыт – құрылыс ма­териал­дарын өндіруді қолға алған. Онда қосымша 20 адам жұмыспен қамтылған.

Шаруашылық биыл 2840 гектар жерге дән сепкен. Оның 1900 гектары – күріш, 200 гектары – жаздық би­дай. Топырақ құнарын арттыру мақ­­­­сатында 540 гектар жерді ескі, 200 гек­тарды жаңа жоңышқа алып жатыр.

«Мәді қажы» шаруа қожа­лы­ғының басшысы Сейіткамал Сұл­танов­­тың айтуынша, Арал ауданына 5000 бау жоңышқа көмек ретінде жеткізілген.

Облыс әкімі қуаңшылықтан шығу үшін бірлесіп жұмыс атқару қажет екенін атап өтіп, бірқатар тапсырма берді.

– Аймақтағы шаруа қожалықтары шөпті басқа облыстарға сатпас бұрын осы екі ауданға қолжетімді бағада ұсынуы керек. Егіс алқабының атыз жағалауындағы шөптерді жинауға жастарды, ерік­­тілерді жұмылдыру қажет. Бір­лік көрсеткен жағдайда ғана бұл қиындықтан шығамыз, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Айта кету керек, облыс әкімі аймақтарды аралау барысында, аудан әкімдеріне шөптен тапшылық көрген шаруаларға көмектесу үшін және егістікке су жеткізуде қосымша шаралар қабылдауды тапсырды. Шаруаларды шөппен қамтамасыз етуге ерікті жастар атсалысуда.

Шиелі ауданының Ақмая ауыл­­­дық округінде аяқсумен қам­тамасыз ету үшін «Р-3-1» және «Р-3-2» каналына су айдайтын дизельді насос орнатылған. Сонымен қатар, «Ақмаяда» қысқы мал азығын да­йындау қарқынды жүргізілуде. Қазірге дейін шаруа­шылықта 7480 бау шөп жиналған, 2500 бау шөп ауыл тұрғындарына таратылды және бұл жұмыстар жалғасатын болады.

Ал Жаңақорған ауданында тау беткейіндегі ауылдық округтердің шаруаларына «Түгіскен» тұқым шаруа қожалығынан шөп орып алуына мүмкіндік жасалған. Бастаманы алғаш болып Қыраш, Қосүйеңкі ауылдық округтерінің жас­тары қолдап, шөп басына жетті. Жастар үшін жататын орын, дала асханасы бар.

Қармақшы ауданында бірінші ке­зекте жергілікті тұрғындарды шөп­­­­пен қамтамасыз ету шаралары жүр­­­гізілуде. Сондай-ақ, Арал ауда­ны­ның ерікті жастарынан құралған бри­­­гадаларға «Жаңажол» ЖШС-ның ау­­ма­ғынан шөп орғызу мәселесі қол­­ға алынып, ауыл жастары ұйым­дасуда.

Бұл жұмыстар облыстың басқа аудан­дарында да үйлестіріліп жатыр. Шөп дайындауға «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары да атсалысатын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<