Дәуір дамуының дидары

337

0

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде 28 маусым –  Бұқаралық ақпарат құралдары  қызметкерлері күніне орай брифинг ұйымдастырылып,  облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова журналистерді төл мерекесімен құттықтады.

– Қазір жаңа дәуірдің ақпарат әлемінде жаңалық көп. Қоғамның қайнаған тіршілігін, сан алуан оқиғаны шартарапқа шапшаң таратып, бәсекелестікке бой ұрған бұқаралық ақпарат құралдарының ролі өзгеше сипатқа ие болуда. Бұл – жаңғырулар әрине, қаламгер қауым мен баспа, телеарна, интернеттік желі болмасын ондағы барша қызметкерлердің білім мен тәжірибесі, қарымды қабілеті, бойдағы дарыны мен еселі жұмысының жемісі, – деді басқарма басшысы.

Қалың бұқара ақпарат құралдарын еліміздегі төртінші билік санап, тегеурінді күш ретінде танитыны ақиқат. Бұл журналистердің билік пен халықты байланыстыратын мызғымас алтын көпірдің қызметін атқаратынын айғақтайды. Өңіріміздің әлеу­мет­тік-экономикалық дамуы, күнделікті болып жатқан жаңа­лықтар мен оқиғалар, өзгерістер, қоғамдық ой таразысы, рухани, мәдени көзқарастар, сыни пікірлер бәрі-бәрі ақпарат құралдары арқы­лы елге жетіп жатыр. Демек, қандай да бір ақпарат көзінің сөзі мен ой-пікірі қоғамды қалыптастырудың әрі оны алға жетелеудің негізгі дәнекері болып табылады.

Мира Жомартқызы атап өткендей, бүгінде облыстың медиа кеңістігінде 100-ден аса (барлығы 101, оның ішінде 12 мемлекеттік, 89 тәуелсіз) бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс жасауда. Оның ішінде, 8 электронды, 3 ақпараттық агенттік, 3 интернет сайт, 87 баспа БАҚ бар.  Түрлі деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарына мемлекеттік тапсырыс беру арқылы бұл ортаны қолдау және ынталандыру шаралары жыл сайын кеңейіп келеді.

Жыл басында бекітілген «Облысы­мыздың әлеуметтік-эконо­микалық, қоғам­дық-саяси жағдайын ақпараттық сүйе­мел­деу жөніндегі Бас медиа-жоспарына» сәйкес барлық маңызды салаларды биылғы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен байланыстыра отырып, ақпараттандыру көздел­ген. Пандемия кезіндегі журналистер қауымының ерлікке тән еңбегін атап өткен М.Қазбекова тілшілер қаламы тудырып жатқан дүниелер –  өңіріміздің ғана емес, жалпы Қазақстанның тыныс-тіршілігінің бүгінгі айнасы, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болар ертеңгі тарихи шежіресі екенін жеткізіп, ізгі тілегін арнады.

Брифингте облыстық мәслихат депутаты, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Аманжол Оңғарбаев өзі басқарып отырған құрылымның тыныс-тіршілігінен хабардар етті. Серіктестік құрамындағы облыстық, қалалық, аудандық газеттер мен «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігі Елбасы мен Мемлекет басшысы бастамашысы саналатын бағдарламаларды, мемлекеттік тапсырыс аясында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты барлық саладағы іс-шараларды бұқара санасына сіңіруге үздіксіз үлес қосып жүргенін жеткізді. Одан бөлек, оқырман әрқайсысының сайты арқылы дер кезінде анық әрі сапалы ақпаратпен таныса алады.

«Сыр медиа» ЖШС бас директоры сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған бірнеше жоба қолға алынып жатқанына назар аударды. Соның бірі – «Сыр журналистикасының тарихы» атты бестомдық. Оларда тың деректер қамтылатын болады. Сондай-ақ «Сыр бойы» газеті жас журналис­тер арасында Қалқабай Әбенов атында, «Ақмешіт апталығы» газеті «Осыдан отыз жыл бұрын» тақырыбында эссе-естеліктер байқауын және «Ақмешіт жас­тары» газеті «Жастар жырлайды» атты жазба  айтыс байқауын ұйымдастыруда.

«Қазақстан» РТРК» АҚ облыстық филиалының директоры Жағыппар Қарабала аймақтың айнасы – «Qyzylorda» те­леранасының көрерменмен қауыш­­қанына 30 жыл толып отырғанын атап өтті. Осы ара­лықта даму кезеңінен өткен ұжым тың жобаларымен, толайым жетістіктерімен қуантып келеді. Техникалық тұрғыдан да, шығармашылық тұрғыдан да дамыған телеарна қазір тәулігіне 16 сағат хабар таратып отыр.

Кездесу соңында ҚР Журналис­тер одағы облыстық филиалының төрағасы А.Оңғарбаев бірқатар қалам иелеріне,  атап айтқанда – «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы Сәдуақас Аңсатовқа, «Сыр бойы» газетінің аға тілшісі, ақын Ғазиза Әбілдаға, «Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Көбегенұлына және «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Ақтолқын Нұрлыбайға Журналистер одағының Құрмет Грамотасын табыс етті. Сондай-ақ, М.Қазбекова мен Ж.Қарабала журналистерді Алғыс хаттармен марапаттады.

Олардың қатарында «Сыр бойы» газетінің жас талантты тілшісі Айдана Жұмадинова мен білікті дизайнер Гүлмира Өтешова да бар.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз