Екіжақты ынтымақтастық нығая түспек

545

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Германияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамының «Арал өңірінің экологияға бағытталған өңірлік дамуы» жобасының өңірлік басшысы Паул Шумахермен кездесті.

– Бүгінгі кездесу екіжақты жемісті ынтымақтастықты одан әрі кеңейтіп, жақсы дәстүрге айналады деп сенемін. 2021 жылы Қазақстан Республикасының экология, гео­логия және табиғи ресурстар министрлігі мен GIZ (Джи ай зэт) арасында «Арал өңірінің экологияға бағытталған өңірлік дамуы» өңірлік жобасын іске асыру туралы келісімге қол қойылғаны белгілі. Экологиялық жағдайды жақсарту, сондай-ақ Арал теңізінің құрғаған табанының қазақстандық бөлігінде құм қозғалуын болдырмау мақсатында донорлардың қаражаты есебінен фито-орман мелиорациялық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2030 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған табанына 1,1 млн га жерге сексеуіл отырғызу жос­парлануда, – деді аймақ басшысы.

Жоба Қазақстан мен Өзбекстан елдеріне Арал өңірінің транс­шекаралық, экологиялық, эконо­микалық дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерліктің әлеуетін арттыруға, министрліктер мен мемлекеттік ведомстволар өкілдерінің ахуалдың өзгеруіне төзімді және экологиялық бағдар­ланған инвестициялық шешімдер қабылдауына ықпал етеді.

Паул Шумахер жұмысшы топтың Қызылорда аймағына келу мақсаты Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту, жобалық серіктестермен танысу, ынтымақтастықты одан әрі талқылау екенін атап өтіп, әрі қарай да екіжақты әріптестікті дамытуға ниетті екенін айтты.

Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамы (GIZ) өз қызметін Қазақстанда 1990 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. Германияның экономикалық ынты­мақтастық және Даму Федералды министрлігінің (BMZ) тапсырмасы бойынша жұмыс істейді.

Кездесу соңында аймақ басшысы аталған жобаның шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қалдықсыз өңдеуге, тауарлы балық өсіруді, экологиялық туризм мен жобаларды дамытуға жұмыс жасайтынына сенім білдіріп, қолдайтынын жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<