Қазалы: Басты мақсат – жұмыссыздықты болдырмау

1663

1

Өткен аптада Қазалы ауданында арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды. Аймақ тілшілері «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы негізінде қолға алынған бірнеше нысанның құрылысын көріп, атқарылған жұмыстармен танысты. Айтпақшы, аталған мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты – жұмыссыздардың санын азайту.

Бағдарлама арқылы ауданға келген қаржы 3 млрд теңгеден асады. Осының арқасында 42 жоба іске асырылуда. Нәтижесінде жүздеген тұрғынға жұмыс табылып, әлеуметтік нысандар жаңғыртылған. Мысалы, бағдарлама шеңберінде Ғ.Мұратбаев ауылына табиғи газ барып, Ақсуат ауылынан 150 орындық клуб жақында пайдалануға берілмек. Ауданды абаттандыру, көшелерді орташа жөндеу мен жарықтандыру, әлеуметтік нысандарды ағымдағы жөндеуден өткізу сияқты өзекті мәселелер биыл біртіндеп шешімін тауып келеді.

Баспана бітуге таяу

         Ірі жобаларды тізбектесек, аудан орталығы Әйтеке би кентіндегі 1 қабатты 4 пәтерлі 10 жалдамалы тұрғын үй құрылысын айтамыз. Биыл басталған жобаның құны 431,053 млн теңге. Салынып жатқан бір қабатты үйлер құрылысына несие есебінен республикалық бюджеттен 285 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, 125 млн теңгесі бүгінде игерілген. Жетіспейтін 96 млн теңге қаржыны облыстық бюджет қорынан қарауға өтінім тапсырылған. Оң шешімін тапса жыл соңына дейін баспаналар пайдалануға берілетін болады.

Құрылыс шілде айында басталды. Бас мердігері «Мұнай Құрылыс көпсалалы құрылыс фирмасы» ЖШС. Бұл тұрғын үйлер «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қолға алынып, баспана кезегінде тұрған аудан тұрғындарына берілмек. Тағы бір жаңалық, қазір бізде бір қабатты, екі пәтерлі 20 үйдің құрылысын салуға қаржы қарастырып отырмыз. Бұл жергілікті халықты баспанамен қамтуға көмектесері анық, дейді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаев.

Жобадағы он үйдің әрқайсысында 4 пәтерден, барлығы 40 пәтер қаралған. Жалпы ауданы 2284,6 шаршы метр. Оның ішінде бір үйде 2 бөлмелі 2 пәтер 48 шаршы метрден асса, 3 бөлмелі 2 пәтер 65,89 шаршы метр.

Ғаниға газ, Бекарыстан биге ауыз су барды

Қазалыдағы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен  атқарылған көп жобаның жеңімпаздары – аудан кәсіпкерлері. Мұны жергілікті бизнеске көрсетілген қолдау десек те болады.

Сондай көлемді жобаның бірі – Ғани Мұратбаев елді мекеніне газ тарту мәселесі толығымен шешілді. Бұған бюджеттен 270 млн теңгеден астам теңге қаржы бөлінген. Бүгінде бас мердігер «Сапақ» ЖШС көгілдір отынды тарту жұмысын аяқтапты. Жоспарға сәйкес жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары арқылы жергілікті тұрғындар еңбекке тартылған.

Елге газ тартылып, жақын күндері іске қосылмақ. Одан бөлек, ауылдағы «Ақарық» каналына 11 млн теңге қаржы бөлініп, төрт шақырымға жуық канал іші тазаланды. Аяқсу мәселесі осылай шешілді. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып, жұмыссыз жастар азайып, кәсіпкер жігіттер көбейді. Елді мекенде тұрғын саны да өсті, дейді ауылдық округ әкімдігінің маманы Ерасыл Дәстенов.

Иә, ауыл жылдан-жылға көркейген, бұдан 10 жылғы бұрынғысымен тіпті салыстыруға келмейді. Бағдарлама шеңберінде «Балдәурен» балабақшасы мен 7 көше жөнделген.

Биыл «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы бойынша Бекарыстан би ауылының әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 930,4 млн теңге бөлінгені белгілі. Мұндай үлкен қаржы елді мекенге біраз көмек екені сөзсіз. Санамалап айтсақ, ауылдағы №24 орта мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, жекелеген тұрғын үйлерге сервистік су желілері тартылды. Сондай-ақ жеті көше орташа жөндеуден өтіп, 8 көше жарықтандырылған.

Бұл ауыл көптен күткен жаңалықтың бірі – ауыз су. Оған 170 млн теңгеге жуық қаржы берілді. Жоба бойынша 464 тұрғын үйге және 5 мекемеге ауыз су сервистік желісі  тартылыпты, 154 құдық  орнатылған. Өмірі жөндеу түгілі жол түспеген, ала шаңы шығып жатқан көшелер бар еді. Жері саз аралас қара топырақ. Сәл күн бұзылып, жаңбыр сіркіреп өтсе, мектепке баратын оқушы біткен лай кешуге мәжбүр. Ауылда 9 көшеге асфальт төселіп, ірі үш көшеге тротуар салынды.

–Көше жолдарын жаңартуға 582 млн теңгеден астам қаржы берілді. Елді мекен ішіндегі жолға орташа жөндеу жүргізілді. Мердігер мекемелер «Нұрас и К» және «Сыр Маржаны» ЖШС жұмыстарын толығымен уақытылы атқарып келді. Қазір 9, яғни С.Сейфуллин, Қ.Сариев, Ә.Нұрпейісов, З.Қалиева, Ү.Түктібаев, М.Ізмағамбетова, Қ.Макенов, Ғ.Мұратбаев, Ә.Тілеубаев көшелерін жөндеп бітірдік. Мердігер мекеме өкілдеріне кеткен кемшіліктер тұрғындар тарапынан айтылып жатады. Оны өзіміз де бақылап, жұмыс барысында түзеттік, –дейді ауыл әкімі Қонысбек Құрманбаев.

         Айтпақшы, жоғарыда айтқандай, Бекарыстан биде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша үш көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр. Барлығы үш шақырымды құрайтын тротуарға 45,5 млн қаржы берілген. Қазір Түктібаев, Е.Тілеубаев көшелерінің жұмысы біткен. Енді 1,8 шақырым М.Күзембаев көшесіне жаяу  жүргіншілер жолы істелуде.

Қала мен кент арасындағы қарекет

Аудан орталығы мен Қазалы қаласының арасы тым жақындап келеді. Екі арадағы құрылыс қарқыны жоғары. Төрт жолақты жолдың құрылысы басталып кетті. Газ бен суы, жолы мен жарығы әлдеқашан тартылған мұнда өзгеріс көп. Қос шаһардың ортасынан екі күн жүрмесеңіз, жаңа нысан пайда болады. Бір аптадан соң қайта соқсаңыз, он шақты үйдің қабырғасы қаланғанын бір-ақ байқайсыз. Тұрғындар осылай дейді.

         Екі араға сәулетті ғимараттар түседі. Соның бірі – 600 орындық мәдениет үйі. Құны 948 млн теңгеден асатын  ғимарат құрылысына  биыл 360 млн теңгеден артық қаржы бөлінген. Бас мердігері «ҚазқұрылысСервис» ЖШС.

Нысанның іргетасы әлдеқашан қаланып, кірпіш қалау жұмыстары біткен. Шатыры жабылып, терезелері салынған. Қазірдің өзінде ішкі әрлеу және кафель жапсыру жұмыстары, кіреберіс баспалдақтары жүргізіліпті. Кезек сыртқы жұмыстарына, жылу жүйесін орнатуға, көрермендер залына, сахнаны абаттандыруға келген.

Екі қабатты ғимаратта көрермендер, мерекелік және салт-дәстүрді насихаттау залы, хор, бейнелеу, өнер, кітапхана, оқу және стол ойындарына арналған бөлмелер орналасқан.

Осы екі ортада тағы бір еңселі ғимарат бой көтеруде. Құрылысы жүріп жатқан жаңа емхана ауысымына 250 келушіге қызмет көрсетуге лайықталған. Бұған 2,5 млрд теңге қаржы бөлінген, биыл құрылысты бастау үшін республикалық бюджеттен 550 млн теңге беріліпті. Жоспарға сәйкес емхананың құрылысы келесі жылы аяқталады. Мердігер мекеме – «SCS  Инжиниринг» ЖШС.

Майлыбаста мәдениет үйі түрғызылды

Майлыбас ауылдық округіне қарасты Ақсуат ауылында 150 орындық клубтың құрылысы аяқталып қалды. 1954 жылы күйдірілмеген кірпіштен салынған бұрынғы клуб үйі апаттық жағдайда еді. Жаңа мәдениет үйінің құрылысын «Болашақ» ЖШС жүргізіп жатыр. Нысанның жалпы құны 230 млн теңгеден асады. Қазіргі кезде құрылыс аяқталуға жақын. Жоба бойынша жергілікті жерден 12 адам жұмысқа алыныпты.

– Жұмысты шілдеде бастадық. Құрылыс басында 50-60 адам болды. Бүгінде 95 процент жұмыс бітті. Енді аумағын тазалау, клубқа қажетті музыкалық жабдықтар мен қызметкерлерге арналған қажетті құралдарды орналастыру қана қалды. Нысанды Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында ел игілігіне тапсырсақ дейміз, – дейді Панабек Әлиев.

Атакәсіппен айналысатын ауылда екі мыңға жуық адам тұрады. Жылқы мен түйе шаруашылығын дамытып жүрген тұрғындар көп. «Жұмыспен қамтудың жол картасы»  бағдарламасымен жаңа клубтан бөлек, мектептің жылу жүйесіне күрделу жөндеу жүргізіліпті.

Біздің Ақсуатта жыл сайын жаңа ғимараттар салынуда. Осыған дейін саябақ салынып, 90 орындық балабақша құрылысы бітті. Жолдар жөнделіп, жұмыссыз тұрғындар да азайды. Енді басталған мәдениет үйінің құрылысына да ауыл азаматтары жұмысқа тұрып үлгерді, дейді Майлыбас ауылдық округінің әкімі Алмат Әбілхан.

Басқа ауданда жоқ

Аудан халқының кәсіпкерлікке қабілетті екенін ескерсек, бұл тіршілік өздеріне таңсық болмауы мүмкін. Ал осыны бағалай білсек, экономикаға үлкен мүмкіндік, тың серпін берері анық. Өйткені, жұмыссыздықты жоюға осындай шағын кәсіпорындар ауадай қажет. Қазалылықтар бұл жағынан біршама үлгі болып тұр.

Әйтеке би кентіндегі «Өндірістік аймақта» тағы бір кәсіпкерлік нысан іске қосылды. Ол – сыйымдылығы 500 тоннаға арналған көкөніс, жеміс-жидек сақтау қоймасы. Облыстағы өзге аудандарда жоқ қойманы «АгроОптСервис» ЖШС салған. Қойма салудағы негізгі мақсат – ауданда азық-түлік бағасын тұрақтандыру.

– Қоймада сақталған көкөніс пен жеміс-жидек халыққа базар бағасынан 10-15 процентке төмен бағада сатылады. Мысалы, картоп базарда 150 теңге болса, бізде 110 теңге. Пияз бағасы бізде 60, базарда 90 теңге.  Ал жеке тұрғын 50 мың теңгеден артық қаражатқа өнім алса, үйіне тегін жеткізіп беруге көмек көрсетеміз. Сондай-ақ, аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдарға барып, өнімдерді арзан бағада сату жоспарда бар. Көкөністер Түркістан облысынан, Ресейден, жемістер Шымкент қаласынан, Түркия мен Польшадан тасымалданады, – дейді жеке кәсіпкер Бекболат Бибалаев.

Қоймада жеміс сақтайтын екі орын қарастырылған. Оған қажетті температураны ұстап тұру үшін 2 тоңазытқыш сатып алыныпты. Бұл үшін жеке кәсіпкер «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның Байқоңыр филиалы арқылы 21 млн теңге несие алған. Алдағы уақытта тоңазытқыштар орнатылатын қосалқы ғимарат салу, екі рефрижератор жүк көлігін алу көзделуде.

Қазір қоймада Ресейден әкелінген бірнеше тонна картоп, жуа, қырыққабат тұр. Бұған қоса арнайы жәшікке қатталып жиналған алма, жүзім, құрма сияқты жеміс-жидектер де жеткілікті.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<