Экотуризмді дамытуға не кедергі?

1002

0

Адамның салауатты өмір сүруі үшін қажетті шарттардың бірі – дұрыс демала білу. Демалыс дегенде айтпағымыз жайлы орынға жатып алып, теледидар немесе смартфон қарау емес, әрине.

Таза ауада, табиғат аясында серуендеудің, дене шынықтырудың адам ағзасына тигізетін пайдасы зор. Әсіресе, қазіргі жағдайда шара­сыздықтан үйде таңылып отырғандар таза ауадағы әрбір сәттің қадірін білді десек, артық болмас. Айта кетейік, әңгіме сыртқы туризм жайында емес. Өйткені бұл бағытта турфирмалар, делдалдар жұмысын жолға қойып, тұрақты табыс тауып келеді. Десек те, қазіргі қауіпсіздік талаптарына сай уақытша тоқтап тұр. Ал ішкі туризмді дамытуға қаншалықты мән беріліп отыр?

Осыдан бес-алты жыл бұрын Қамбаш көлінің жағасы хан базарындай қайнап жататын. Жағажайда 100-ден аса демалыс үйі болса, онда 20-дан астам кәсіпкер қызмет көрсететін. Деректерге сүйенсек, 2019 жылы мұнда 90 мыңның үстінде демалушы болған. Ішкі туризмді қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша демалыс орнына сыртқы инженерлік инфрақұрылымдар жеткізілді. Алайда дәл қазіргі таңда көлдің суы күрт аза­йып, жағалауынан алыстап кеткен. Осыған байланысты көлдің экологиялық жағдайы бақылауға алынып, қалпына келтіру бағытында жұмыстар жүргізілуде.

«Бәйгеқұм» демалыс аймағы да – көпшіліктің көңілі қалайтын орын. 2017 жылдан бері мұнда 10 жеке кәсіпкер демалыс орындарын ашып, қызмет түрлерін ұсынып отыр. Айталық, 4 катер, 28 әртүрлі маркалы қайық және 22 шағын катамаранды жалға беру арқылы демалушыларға ақылы қызмет көрсетіледі. Демалыс үйі, сауда-саттық тиімді ұйымдастырылған. Бүгінде «Ханқожа» көлін жағалай орналасқан 56 демалыс орны бар. Оның ішінде 17 отбасы көлден  балық аулаумен айналысып, кәсіптерін жолға қойған. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының 2,5 процентінің тұрақты жұмыспен қамтылуына ықпал етсе, сол сияқты, жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржыландыру, өңірлерді дамыту жобаларын қамтып отыр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазір карантин талаптарына сәйкес аталған демалыс орындары уақытша жұмысын тоқтатып тұр.

Иә, осы ретте бір мәселеге назар аударайық, Ол не десеңіз, әлгі айтқан демалыс аймақтары тек ересек адамдарға қызмет көрсетеді. Оның өзі 800 мыңнан астам өңір тұрғыны үшін аздық ететіні айтпасақ та түсінікті. Ал балалар мен жасөспірімдер үшін жылда  қала, аудан сыртындағы
9 лагерь ұйымдастырылады, оның 6-ы жыл бойы жұмыс жасайтын лагерьлер. Жылдың басқа мезгілдерінде жасөспірімдер тек қаладағы кинотеатрлардың, одан қалды, қалалық парктің  қызметіне жүгінеді.

Сөзіміздің ұзын-ырғасын тү­сінген болсаңыздар, біздің айтпағымыз: аймағымызда ұлттық нақышқа сай ақбоз үй тігіп, айран-сүт, қымыз-шұбатын ұсынып, адамдар қалауынша ат үстінде сейіл құратын арнайы демалыс орнының жоқтығы. Жердің жайы, елдің тұрмыс-салты соншалықты ыңғайлы болғанымен, экотуризмді дамытуға әлі де жете мән берілмей келеді. Орайы келгенде айта кетейік, жерлесіміз, сенатор Н.Жүсіп қазақ халқының ежелден бергі өмір сүру дағдысында атқа мінудің маңызы ерекше екенін айтып, осы бағыттағы тәрбиелік шараларды арттыру жайында бас­тама көтерген болатын. Бұл бас­таманы бұқара түгел қолдады. Шындығында, бұл – қарапайым тұрғындардың да қалауы. Мәселен, қала тұрғыны Абзал Жәнібек:

– Әдетте ойлана бермейді екенбіз, кешегі қиын-қыстау уақытта өзіміз де, балаларымыз да үйден шықпай қалғанда, «Шіркін, таза ауада, (көлікті тастап), атқа мініп, бала-шағамызбен бірге демалатын жер болса ғой» деп армандаған едік. Сонда ғана бізде ондай демалыс орындарының жоқ екенін біліп, қынжылғанымыз рас. Иә, ауыл баласы үшін атқа міну таңсық емес шығар, әйт­се де қалада өскен, көпқабатты үйден ұзап шықпаған бала үшін бұл өте қажет. Ең бастысы, – денсаулыққа пайдасы зор. «Жамбы ату», «Теңге алу» сияқты ойындар ұйымдастырылса, сонымен қатар, ұлттық тағамдардан дәм татып, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, қолөнер жайында танымын кеңейтетін болса, керемет емес пе?! – дейді. Әрине, керемет! Алайда, бұл бағытта білек сыбанып, белсеніп тұрған кәсіпкерлер жоқ сияқты. Сауалымызға жауап алу үшін облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының туризмді дамыту бөлімінің басшысы Біржан Байқожаевқа жолыққан едік.

– Бүгінде  облыста  заңды  түрде 10 турагент, 2 туроператор қыз­мет көрсетеді. Олардың қызметі туралы айтар болсақ, туроператорлар туризм бағытындағы жобаны өзі жасақтап, турагенттерге сатады. Ал турагенттер жүзеге асырады. Екі туроператордың бірі ішкі, екіншісі сыртқы туризммен айналысады. Сырт­қы туризмнің жұмысы көп жылдан бері жүйеленіп, қалыптасқан. Шет елдерге демалыс сапарларын жүзеге асырып келеді. Біздің мақсатымыз – жалпы республика көлемінде ішкі туризмді қалыптастыру.

Негізінде түрлі жобалар ұсынылады. Олардың ішінен қолдау­ға лайық жобалар қаржыландырылып жатады. Дегенмен, этноауыл бағытында демалыс орнын ашуға байланысты нақты жобалар қабылданған жоқ. Егер ондай бастама болса, қолдау табатынына сенемін. Өзіміздің тарапымыздан этноауылдар жасақтау жөнінде өңірдегі кәсіпкерлерге ұсыныстар айтып келеміз. Әйтсе де, әзір қолға алынбай отыр. Дегенмен, өзге облыстармен өзара келісім арқылы тұрақты түрде туристік сапарлар ұйымдас­тырылып тұрады. Биылға да жоспарланған бірнеше шаралар бар. Мысалы, аймақтың қолөнершілер көрмесін ұйымдастыру, мектеп оқушыларын жылына бірнеше рет Байқоңыр ғарыш айлағына туристік сапарларға апару, аймақтың туристік әлеуетін танытатын бейнетүсірілімдер жасау, тағы басқа жұмыстар кезегін күтіп тұр,– дейді ол.

Бұл орайда кәсіпкерлік мақсатта жалға берілген жерлердің экологиялық, санитарлық тұрғыда сақталуы жауапты орындар тарапынан қаншалықты қадағаланып отыратыны жайлы да сұраған едік.

– Осы күнге дейін қолданыста болған заңда жерді 49 жылға дейін жалға беру қарастырылған, дегенмен бізде ондай ұзақ мерзімге жер берілген емес. Сондықтан кәсіп иесі жалға алынған жерді мақсатқа сай пайдаланбаған жағдайда келісім бұзылып, қайтарып алынады, – дейді Б.Байқожаев.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – қазіргідей ұлттық құндылықтарымыздың, ата дәстүр, ана тіліміздің,  тарихи танымымыздың «жаһандану соққысына» ұшыраған уақытында жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне терең мән берілуі керек сияқты. Бұл орайда этноауыл келбетіндегі демалыс орындарын көбірек ашатын болсақ, ол кәсіптің табысты боларына күмән жоқ. Иә, аймақта экотуризмді дамытуға еш кедергі жоқ, тек ынта, ықылас, жаңашыл көзқарас қажет.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<