Кәсіптік білімнің көкжиегі кең, алайда…

561

0

…Біз «Тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Бүгінгі таңда NEET санатындағы 237 мың жас оқу да оқымайды, жұмыс та істемейді. Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85 пайызы –тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жағдайды түзету қажет. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың

халыққа Жолдауынан

Жақында күнделікті пайдаланып жүрген кір мәшинем істен шығып, жөндейтін шебер іздедім. Әлеуметтік желідегі жарнама арқылы біраз адамға хабарластым. Бірінің айтқан бағасы қалтаға сай келмесе, енді бірімен тіл табыса алмадым. Өзге ұлт өкілінің қазақ тілін түсінбеймін деген сөзіне ашуым келіп, телефон тұтқасын қоя салдым. Сөйтіп не керек, иманды бір шебер үйге келіп, бұзылған кір мәшинемді жөндеп беруге келісті.

Өзін Ержан Қалымбетов деп таныстырған электрик маманы  бұл салада жұмыс істегеніне 12 жыл болғанын айтады. Шиелінің тумасы бүгінде қалаға келіп, өзінің жеке кәсібін ашыпты. Інісі Руслан екеуі бірлесіп еңбек етеді.

– Тұрмыстық-техникалық зат­­тарды жөндеп, түрлі қызмет көрсетеміз. Шаңсорғыш маши­надан бастап мұздатқыш, үтік, құбыр тазалау сияқты қызметтерді де жасаймыз. Жұмыс барысында неше түрлі жағдайлар болады. Бірақ біз әрбір тапсырыс берушінің көңілінен шығуға тырысып, жасаған ісіміздің жемісті болғанын қалаймыз. Қалтаға қонымды бағаны айтамыз. Риза болған тапсырыс иелері тұрақты тұтынушымызға айналған. Жазғы уақытта көбіне мұздатқыш, кондиционер тез істен шығады. Тұрғындарды алдап, жұмыстарын шала орындап ақшасын қалтасына басып кететіндер де бар екен. Ал бізге керегі  – ең алдымен, халықтың сенімі. Сол үшін жұмысымызда мін болмауы керек, – дейді шебер.

Иә, сонау тоқсаныншы жылдары кәсіптік білім беру саласында да тоқырау болды. Небір техникалар тиынға сатылып, мамандар даярлайтын оқу орындарының саны бірнеше есе қысқарды. Осы саланың ыстық-суығына көніп, талай тер төккен сала ардагері Сексенәлі Раханов өз көзқарасын білдірді.

– Облыстық кәсіптік білім беру басқармасында орынбасар, кейін колледж­дерде директор болдым. Қа­зіргі көзі тірі жүргендер Нұрахмет Ерниязов, механик Шаки Сейтжаппаров, шиелілік Мұсахан Дүйсенов, Қазалыдағы осы саланың ардагері Оразғали Бекбанов, Темірбек Исмаилов, Молдабай Ақниязовтармен еңбек еттік.  Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кәсіптік білім саласында тың өзгерістер болды. Оның жақсы жағы болғанымен, кемшіліктері де қатар жүрді.

Облыстағы 18 училищені көп көріп, «осынша кадрдың қажетілігі қандай?» деген сылтаумен  оңтайландыру саясаты басталды. Кешегі жаны ашып жұмыс істеген азаматтардың орнына басқа адамдарды қойды. Сол уақытта 18 оқу орнының 13-ке дейін сақталып қалуы Қазақстандағы бірден-бір жаңалық еді. Шымкентте, Таразда, Өскеменде, Петропавлда мұндай көрсеткіш болмады. Бүгінде облыста кәсіптік білім беретін 30 оқу орны бар. Бірақ олардың жұмыс жасау барысына көңілім толмайды. Модульдік, дуальдық оқыту деген шықты. Ол бұрыннан бар саясат. Тек термині басқа. Бұрын ауылшаруашылық маманын даярласақ, сол дайын кадр әрі қарай жұмыс істеп кете беретін. Ал қазіргі жүйе бойынша 60 процент теорияны өндірістік базада,  40 процентін колледж негізінде оқу керек. Сонда теориялық пен тәжірибелік оқудың арасындағы байланыс қайда? Жүйе жоқ. Алысқа бармай-ақ қоялық, аспаз, кондитер тағамдарының маманын даярлайтын оқу орындары кішкентай прейскуранттың негізінде мейрамханада уақытша жұмыс жасайды. Өндірістік тәжірибеден өтеді. Емтихан тапсырып, қолына диплом алғаннан кейін оларды жұмысқа қабылдамайды. Өйткені, олардың бұрыннан жұмыс істеп келетін мамандары жетеді. Осындай ара жігі көп мәселе туындамас  үшін жас мамандар даярлаудың нақты бір жолға қойылған жүйесі болуы керек. Модульдік оқу деп шетелге жібереміз. Бір-бір жарым айда алған өндірістік тәжірибесін іске асыра ала ма? Бұрын Мәскеудің, Горький Челябинскінің трактор зауыттарына 6-7 ай жіберетінбіз. Механик, слесарь, трактор жөндейтін маман дайындайтынбыз. Ал қазіргідей 1-2 айлық оқу мерзімінде қандай маман болып шығады? – деп қынжылысын білдірді ардагер.

Иә, расында біздің жергілікті оқу орын­дарында даярланған мамандарға сұраныс қандай? Олардың диплом алған­нан кейінгі жұмысқа орналасуы қай дең­гейде? Әлеуметтік желіде газ-электрмен дәне­керлеуші, токарьлар, слесарь, мотор жөн­деуші,  кранда жұмыс істейтіндер қажет дейтін құлақтандырулар өріп жүр. Техниканың маңайында жұмыс істейтіндер негізінен өзге ұлттың өкілдері. Кез келген техника жөндейтін жерде жергілікті ұлт өкілдерін ілуде бір кездестірер едіңіз. Ауылшаруашылық техникаларын былай қойғанда, жеңіл көліктің қосалқы бөлшектерін сататын да, салып, оңдап беретін де солар. Тіпті өзгесін былай қойғанның өзінде, сағат жөндеп отырған қазақ көргендеріңіз бар ма? Осы бір көптен бері айтылып жүрген көңілсіздеу әңгімені қозғағанда, ұлт бойындағы қабілетті жоққа шығарғымыз келмейді. Тек жоғары оқу орнын бітіртіп,  кейін дипломын құшақтап жүргеннен, жеке кәсіп иесі болып, азды-көпті табысы артса деген ой біздікі.

Облыстық білім басқармасының кәсіптік және техникалық білім бөлімінің бас маманы Жанар Төленованың берген мәліметтеріне көз салайық.

2020-2021 оқу жылында 30 колледжде аймақтың еңбек нарығына қажетті 97 мамандық бойынша барлығы  19775 студент білім алған. Бүгінде колледждерде 2165 инженер-педагог жұмыс жасаса, оның 418-і – өндірістік оқу шебері.

Өткен оқу жылы колледждерді мемлекеттік тапсырыспен бітірген 4067 студенттің 3459-ы жұмысқа орналасып, көрсеткіш 85,1 пайызды құрады.

Осы жылы 2-3 және бітіруші курстардың 11067 білім алушысы оқу-өндірістік практикадан, дипломалды іс-тәжірибеден өткен.

2021-2022 оқу жылында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрлар даярлау үшін 3108 орын мемлекеттік тапсырыс бөлінген.

Сандарды әрі қарай да тізбелей беруге болады, әрине. Алайда бұл деректер шынайы өмірдегі сөз бен істің үйлесімін көрсете ала ма? Мәселе осында. Себебі біздің өңірде даярланатын мамандардың көбі сұранысқа сай болмай тұр. Оларды бүгінгі заманауи тәсілмен жұмыс жасайтын зауыт-фабрикалар қайта даярлаудан өткізуге мәжбүр. Техниканың тілін табу үшін шетелден маман іздеп әуре болмас едік. Бір ғана қарапайым мысал келтірейін. Өңірде тігін мәшинесін жөндейтін шебер жоқ екенін естіп, ішіміз удай ашы­ғаны рас. Облыстық жеңіл өнеркәсіп қауым­дастығының төрайымы Дина Махатованың айтуынша, істен шыққан тігін мәшинесін жөндеу үшін бір ғана маманды күтіп жүреді екен. «Оның өзі қат» дегені бар. Демек, бізде жергілікті жердегі өндіріс орындары, шағын цехтар мен өзге мекемелерге қандай мамандар керектігі сараланбайды, талдау жүргізілмейді  деген сөз.

Уақыттың өзі дәлелдегендей, пандемия еңбек ырғағын едәуір өзгертті. Ең алдымен, қашықтан жұмыс істеу тәсілінің қарқынды дамуын көрсетті. Көптеген жеке кәсіптер пайда болып, цифрландырылып жатқан кезде бұл үрдіс тың серпінге ие болуда екенін Мемлекет басшысы да биылғы Жол­дауында айтты. Мамандықты жиі өзгерте білу және кәсіптерді игере алу арқылы ғана әркімнің бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ете аламыз деуі де бекер емес. Бұл бағытта Президент «Кәсіби біліктілік туралы» заң қажеттігін де алға тартты. Демек, енді өз ісінің мықтылары ғана еңбек нарығында өзгелерден оза шауып, бәсекелестерін ығыстыратыны сөзсіз.

Бүгінгі таңда техникалық маман­дықтардың, ғылым мен инновацияның айы оңынан туып тұр. Түптің түбінде ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен кешегі 2017-2021 жылдарға арналған   «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасының көздегені де сол болатын. Ал қоғамның өзі тудырып отырған сұранысты облыстағы 30 кәсіптік білім беру орны қаншалықты қанағаттандыра алуда?   Бұл сұрақ кәсіптік білім берудегі мамандар пікірімен әлі де талқыланатын тәрізді.

Айсәуле Қарапаева,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<