Оңалту бойынша оң нәтиже бар

441

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау мәселелері бойынша жиын өтті. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндап, бірқатар проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдарын ұсынды.

Өңірде мүгедектік санатымен 30881-ден астам адам тіркелген, оның 5 мыңнан астамы 18 жасқа толмаған балалар. Олардың еңбекке жарамдысы – 19421, зейнеткерлер – 6088, жұмыс істейтіндер – 5432.

Биыл мүгедектігі бар азаматтарды оңалтудың техникалық құралдары және қызметтерімен қамтамасыз етуге республикалық және облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге бағытталды. 12 шілдеде республикалық ақпараттық жүйе­ден алынған мәлімет бо­йынша  оңалтудың 19147 жеке бағ­дарламасы даярланып, өткен жылдың есебінен ауыспалы 11982 жеке бағдарлама орындалған. Көрсеткіш 62,6%-ті құрап, респуб­лика бойынша  ІІ орынға шықты. Ал, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 9588 мүгедектігі бар адам оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес техникалық оңалту құрал­дарымен қамтылған.

Жыл басынан бері 550 мүге­дектігі бар азамат жұмыспен қам­тылды. Өткен жылдың қара­ша айында облыста 595 мекеме мен кәсіпорындардың тізбесі нақты­ланып, мүгедектерді квотаға сәйкес жұмыспен қамту мақ­сатында облыс әкімінің «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды 2-4% мөлшерінде квота бойынша жұмыспен қамту мақсатында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу жөніндегі іс-шаралар» жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде 163 мекемеге 344 мүгедекті жұмыспен қамту белгіленді. 

Басқарма басшысы Г.Қал­мақова мүгедектігі бар азамат­тарды жұмысқа орналастыру барысында ұсынылатын жұмыс орындары жұмыссыздың немесе жұмыс іздеп жүрген адамның келісімімен ғана іске асатынын атап өтті. «Nur Otan» партиясының «Өзгеру жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасына сәйкес облыста 2021-2025 жылға бейімдеуге жататын әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерінің жоспарлы саны 1294-ті құрайды. Жартыжылдық нәтижесімен биылға жоспарланған 258 объектінің 163-ге бейімдеу жұмыстары жүргізілгені, қалған 95 объектіге бейімдеу жұмыстары қажет екені анықталды.

Облыс әкімі басқарма басшысына мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамту жұмыстарын кезең-кезеңімен және уақытылы жүргізуді тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<