Алдын алу шаралары әлі де жеткіліксіз

332

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова әкімдік жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысын өткізді. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының басшылары және жауапты салалық басқарма басшылары қатысты. Сонымен бірге онлайн селекторлық режимде қала, аудан әкімдері қосылды.

Күн тәртібінде 2 мәселе қаралды. Алғашқысы кәмелетке толмағандар мен жастар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы бағытына арналды. Облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова өткен жылдың қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасында жасалған қылмыс саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 33, мектеп оқушыларының қылмысқа қатысу көрсеткіші 64,5, колледж студенттері жасаған қылмыс 48,1 пайызға төмендегенін жеткізді. Ал, жыл басынан бері аталған контингент бойынша қылмыс саны 18,2 пайызға азайған.

Жиында аймақ басшысы қасақана ауыр дене жарақатын салу қылмысының өсуі, кәмелетке толмағандардың өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің азаймай тұрғанын алға тартып, бұл мәселеге тиянақты түрде мән беру керектігін қаперге салды. Әсіресе, қылмыс себебін талдап, суицидке баратын және олардың құрбаны болатын тұлғалардың әлеуметтік портретін жасау мен оқушылар арасында психологиялық қолдау шараларын үйлестіру керектігін қадап айтты. Сондай-ақ, тәуекел топтағы балалармен жұмысты үйлестіріп, интернеттегі қылмысты жасырын қолдаушыларға қарсы кешенді жоспар құруды жүктеді.

Отырыста облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова жастар арасындағы криминогендік ахуал туралы есеп берді. Өңірде құқықбұзушылықтың алдын алуға арналған арнайы облыстық іс-шаралар жоспары бекітілген. Жоспар аясында жергілікті құқық қорғау органдарымен бірлесіп, қала және аудандарда «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасы, «Түнгі қаладағы балалар», «Stop Қылмыс!» түнгі рейдтік шаралары ұйымдастырылып, құқықтық, психологиялық кеңестер, түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

Облыс әкімі «NEET» санатындағы жастармен адресті түрде жұмысты үйлестіріп, әрбір мәселеге кешенді түрде қарау қажеттігін еске салды.

– Биыл қылмыстық жауапкершілікке тартылған 339 жас азаматтың 92%-ын (312-сі) «NEET» санатындағы жастар құрайды. Бұл осы санаттағы азаматтарға қатысты қабылданып жатқан профилактикалық шаралардың әлі де жеткіліксіз екендігін көрсетеді, – деді өңір басшысы.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселені қорытындылаған облыс әкімі жауапты сала басшыларына нақты тапсырма берді. Білім беру мекемелерін жеке күзет қызметінің қорғауы мәселесін пысықтап, бюджетке ұсыныс енгізуді, педагог-психолог мамандар қызметін күшейтуді және 1 қарашаға дейін кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу бойынша арнайы жоспар бекітуді міндеттеді.

Отырыста қаралған екінші мәселе құқық қорғау саласын цифрландыруға арналды. Облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шамшадин Әмитов саладағы атқарылған шаруаларды айтты.

Комиссия отырысында аймақ басшысы бейнебақылау тетіктерінің жұмысын жандандыру және жастар арасындағы қылмысты ұйымдастыруға мүдделі топтарды анықтау мәселелеріне ерекше назар аударуды міндеттеді.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы аталған саладағы олқылықтарды жоюды және жоспардағы міндеттерді уақытында аяқтауды тапсырды. Оның ішінде, автоматтандырылған бейнетіркегіш құрылғылар мен жаңа технологиялар енгізу есебінен құқықбұзушылық профилактикасының тиімділігін көтеру бар. Цифрландыру бағытында облыстық бюджеттен бөлінген қаржы мақсатты әрі мерзімінде игерілуі тиіс. Цифрлық технологиялар басқармасымен бірлесе заманауи талаптарға сай жаңа технологиялардың жобаларын ұсыну алдында олардың іске қосудан кейінгі болжамы мен тиімділігін зерттеуді міндеттеді.

Аймақ басшысы аталған мәселелер келесі жылдың бірінші тоқсанында комиссия отырысында қаралатынын ескертті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<