Бірлік пен бейбітшіліктің 30 жылы

895

0

Қазақстанда этностардың құқығын шектейтін бірде-бір заң жоқ. Керісінше, барлық азаматтардың теңдігі Ата Заңда тайға таңба басқандай жазулы тұр. Әртүрлі ұлт өкілдерінің өз тілінде сөйлеуіне, құндылықтарын дәріптеуге, дәстүрлерін жаңғыртуға тыйым жоқ.


Жалпыхалықтық инсти­тут­қа айналған ассамблея – құндылықтар мен азаматтық ұстанымдардың тұтастығын ны­ғайтты және ортақ мақ­саттар мен міндеттер аясында ел тұрғындарының мызғымас бірлігін қамтамасыз етіп келеді.


Қазақстан халқы Ассам­блеясының XXIX сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 30 жыл бұрын көпұлтты әрі көп­конфессиялы Қазақстан халқы маңызды таңдау жа­сап, болашаққа бірлікпен, татулық және келісіммен бет бұрғанын айтқан бола­тын. Сессия бекіткен мін­деттерді талқылау және жүзеге асыру үшін «Достық үйінде» облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Гүлшара Әбдіқалықованың төр­ағалығымен «Бірлік пен бейбітшіліктің 30 жылы» та­қырыбындағы облыс­тық Қа­зақ­стан халқы ассам­блея­сы­ның ХХIII сессиясы өтті. Оған ассамблея мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев, бейне­байланыс арқылы аудан әкім­дері, этномәдени бірлес­тіктердің басшылары мен бел­сенділері, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты.
Сессия модераторы, облыс әкімінің орынбасары, об­лыс­тық Қазақстан халқы ассамблеясы төр­аға­сының орын­басары Серік Ахмет күн тәртібіндегі мәсе­лелерге тоқталды. Мұнан кейін облыс әкімі алдағы мін­деттер туралы баяндады.


– Биыл бірлігі бекем, татулығы жарасқан Қазақстан халқы тәуелсіздіктің 30 жыл­дығын атап өтуде. Тәуелсіздік – бұл, ең алдымен, біздің ортақ тарихымызға тағзым, кемел келешегімізге нық сенім. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында саяси жүйесі тұрақты, экономикалық әлеуеті мықты, халықаралық беделге ие қуатты мемлекетті қалыптастырдық.


Өткен жылы пандемия жағдайында халқымыз ін­детті еңсеру жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды. Облыстық ассамблея мүшелері осы істің бел ортасында болып, үлкен қолдау көрсетті. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады» деген сөзінің мазмұны терең. Іргелі мемлекет атануымызда, бірлік, келісім және өзара қолдау қағидаттарына негіз­делген Қазақстан халқы Ассамблеясының ролі ерекше. Бүгінде «Алаштың анасы» Сыр өңірінде 35 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Осы ретте, қазақстандық патриотизм, азаматтық теңқұқықтық қағи­даттарын, мемлекеттік тіл­дің біріктіруші ролін, алуан түрліліктегі бірлікті ілгерілету, ұлтты тұрақты жаңғырту жөнінде шаралар қабылдану қажет. Этномәдени бірлестік мүшелерін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комис­сияның жұмысына тартып, этно­әлеуметтік процестерге мо­ниторинг жүргізіп, қоғам­дық келісімді бұзу ықтималдығы жоғары көріністерге талдау жасау арқылы оларды шешу бойынша ұсыныстар әзірленуі керек.

Қайырымдылықпен айна­лысып жүрген кәсіп­керлер мен меценаттарды ынта­­ландырудың және қайы­рымдылықты дамытудың жаңа форматты шараларын ұйым­дастыру маңызды, – деді аймақ басшысы.


Облыс әкімі «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жұмысын жандандыру мақ­сатында аймақтық жастар ұйым­дарымен бірлескен іс-ша­ралар кешенін жүзе­ге асырып, облыстық ас­сам­блеяның Аналар және Қоғамдық келісім кеңес­­терін этносаралық байла­ныс алаңы ретінде пайда­лануды тапсырды. Этнос­аралық қарым-қатынас, қа­­йы­­рым­дылық, волонтерлік және мемлекеттік тілді үйрену орта­лықтары ретінде «Достық үйлерінің» жұмысын күшейту қажет екенін атап өтті.
Сессияда аймақ басшысы облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы ретінде Ирина Шекті төрағаның қоғам­дық негіздегі орынбасары қызметіне таға­йындап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, осы қызметте болған Ильдар Гафуровқа алғысын білдірді.
Мұнан кейін облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов сөз алып, тәуел­сіздігіміздің үшінші он­жылдығы жаңа міндеттер жүктейтінін атап өтті.


– Ұлттың жаңа болмысын, адами әлеуетін нығайту бағы­тында «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясындағы жұ­мыстарды жандандырып, қоғамдық сананы жаңғырту негізінде ұлттық бірегейліктің қайнар көзін ашуымыз керек. Бұл бағытта билік пен халықтың сындарлы диалогын қалыптастыру – біздің мін­детіміз. Әйтпесе, ассамблея әлеуметтік желіні белсенді пайдаланатын сыншылардың тақырыбына айналып кетуі ықтимал. Сынағанның бәрі сыншыл, шымшығанның бәрі шыншыл емес. Біреу үшін қасиетті көрінетін нәрсе, екінші біреу үшін әзіл-оспақ немесе кекетудің тақырыбы болмауы тиіс. Бұл – ренішке бастайтын төте жол. Кез келген нәтижесі оң жобаларға сын ере жүреді. Сын қоғамның қозғаушы күші десек те, оның ықпалында кетуге болмайды, – деді мәслихат хатшысы.


Отырыста Ирина Шек тәуелсіздік жылдарында ассам­блея жаңа белеске кө­теріл­генін атап өтті.


– Мен 20 жылдан бері ассамблея мүшесімін. Сонымен қатар «Возрождение» деп аталатын неміс этномәдени бірлестігінің жетекшісімін. Біз Отанымыздың өркендеп өсуіне өз үлесімізді қосып, еңбек етіп келеміз. Татулығы жарасқан Қазақстан мемлекетінің ба­қыт­ты тұрғыны екенімді мақ­та­нышпен айта аламын,– деді ол.
Ал облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Олег Ким денсаулық саласының дамуына қосқан үлесін аза­маттық борышы санайды.


– Бүгінде ана мен бала өлімі азайды. Өткен жылы біздің ұжым орталықтың жұқпалы аурулар бөлімшесіне түскен 152 науқасты, оның ішінде COVID белгісі анықталған 72 әйелді емдеді. Жыл басынан 40 әйел дәл осындай белгімен біздің бөлімшеге түсті. Әріптестерім аянбай еңбек етті. Олардың арасында екі дәрігер «Халық алғысы» медалімен мара­пат­талды. Медицина қызмет­кер­лерінің еңбегі лайықты ба­ға­ланып келе жатқанына қуа­­ныштымын,– деді бас дәрігер.


Сессияны қорытын­ды­лаған аймақ басшысы ал­дымызда кемел келешекке, жарқын болашаққа жету жо­лында атқарылуы тиіс маңызды істер барын атап өтті. Сонымен қатар, ел тұрақтылығын сақтауда, індеттің күшеюіне байланысты вакциналау жұ­мыстарын насихаттауға атса­лысуда, қуаңшылық кезеңінде елді бірлікке шақыруда ассам­блея ролі ерекше екенін назарға салды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<