Еңбек мәселелері талқыланды

714

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен облыстық әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова, құқық қорғау органдарының басшылары, салалық басқарма басшылары мен мұнай-газ компаниясының өкілдері қатысты.

Комиссия отырысында облыстық  еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Төреахмет Жолымбетов мұнай-газ кәсіпорындарындағы әлеуметтік-еңбек жағдайы бойынша талдау жасаса, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарын аяқтаған жастарды жұмысқа орналастыру туралы баяндады.

Қазір еңбек ұжымдарында әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету және ұжымдық дауға жол бермеу – ең өзекті мәселелердің бірі. Бұл ретте мұнай-газ саласына қатысты кәсіпорындардағы еңбек қатынастары, жалақы көбейту  мәселелері бойынша тұрақты мониторинг жүргізілуде. Т.Жолымбетовтың айтуынша, кейбір кәсіпорындарда жалақыны көбейтуді талап етуде, яғни, бүгінгі күнге облыс бойынша әлеуметтік еңбек дауы мен шиеленіс жағдайының орын алуы мүмкін қосымша мәселелерге де талдау жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, «ҚуатАмлонМұнай БК», «ТұзкөлМунайГазОперейтинг» ЖШС-інде, «СНПС Айдан Мұнай» АҚ-да және «Кazpetrol Group» ЖШС-де еңбек жанжалдарының болуы ықтимал.

Жиналыста облыс әкімі кәсіпорын өкілдерін жеке-жеке тыңдап, жұмысшылар көтеріп отырған мәселелерді нақты шешу жолдарын қарап, заң шеңберінде әрекет етуді жүктеді. Бұл ретте әрбір кәсіпорын басшылығы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын ескере отырып, жұмысшыларға сыйақы беру мүмкіндіктерін қарастыруға және кәсіподақпен бірлесіп оң шешім қабылдауға мүдделік танытуы қажет.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша баяндаған Гаухар Қалмақова Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларындағы жоғары оқу орнын биыл бітірген 77 студенттің дерекқоры жасақталғанын айтты. Бітірушілер – техникалық мамандық иелері.

Олар жыл басынан 62 рет ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысып, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 9-ы мамандықтарына сәйкес жастар практикасына орналастырылған. Солтүстік өңірлердегі бос жұмыс орындары бойынша мәліметтер ұсынылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Облысқа 2021 жылға шетелдік жұмыс күшін тарту үшін 335 бірлік квота бөлінген. Жыл басынан 25 жұмыс берушіге 217 бірлікке рұқсат берілді. Олар – басым бағытта бұрғылау және жөндеу, ретке келтіру және сынақтар, өндірісті басқару жөніндегі инженерлер.

Комиссия отырысында аймақ басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың әлсіз жүргізіліп жатқанын ескертті. Облыстық индустриялық-инновациялық даму, ішкі саясат басқармасы басшыларына түлектерді жұмысқа орналастырудың нақты механизмі бойынша жұмысты үйлестіріп, жастармен кездесу ұйымдастыру арқылы оларды еңбекпен қамтудың қосымша жолдарын қарастыруды міндеттеді.

Берілген тапсырмалардың орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменоваға жүктелді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<