Ерлікке тән еңбек дастаны

144

0

Қызылордада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен ақ күріштің атасы атанған даңғайыр диқан, екі дүркін Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы және Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, Ыбырай Жақаевтың ұлы, еңбек ардагері Сейітбек Жақаев, Ресей, Өзбекстан және еліміздің белгілі ғалымдары қатысты.

Аталған шара барысында аймақ басшысы еселі еңбектің арқасында халық «дала академигі» атап кеткен Ыбырай Жақаевтың күріш дақылын өсіру, оны күтіп-баптау ісіне қосқан еңбегі ерекше екеніне тоқталды. Сол ізгілікті жолды ізбасарлары бүгінде жоғары деңгейде жаңғыртып келеді.

– Сыр өңірінде халық мақтан тұтатын біртуар тұлғалар аз емес. Солардың арасынан даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев еңбек адамды ер атандандыратынын дәлелдеп кетті. Туған жер төсіне қайың кетпенімен ерлікке тән еңбек дастанын жазып қалдырды. «Ақ күріштің атасы» атанды. Кеңестік кезеңдегі ең жоғары марапат – Социалистік Еңбек Ері атағын  екі дүркін иеленуі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атануы қарапайым еңбек адамын бағалаудың үлгісі болды, – деді облыс әкімі.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы іс-шараға қатысушыларды құттықтап, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Депутат өз сөзінде даңғайыр диқанның өмір жолы жас ұрпаққа өнеге болатынын жеткізді. Еселі еңбектің арқасында ел мерейін тасытқан Ыбырай Жақаев қашанда қарапайым қалпымен халықтың жүрегінде қалды. Сондықтан алдағы уақытта даңғайыр диқанды дәріптеу ісіне жеткілікті деңгейде мән берілуі тиіс. Осы орайда облыс орталығынан оған арналған музей мен еңселі ескерткіш бой көтергені артық емес.

Конференция барысында Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Қамбарбек Мүбараков «Қазақстанның күріш шаруашылығын дамыту перспективалары» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ, Ресей Федерациясының Күріш федералды ғылыми орталығының профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Максим Ладатко мен Өзбекстан Республикасындағы Қарақалпақ дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар Ғылыми зерттеу институтының ғылыми тәжірибе станциясының маманы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Есбосын Садықов өз өңірлеріндегі күріш өсіру бойынша селекциялық жұмыстар барысы мен өзара әріптестік мүмкіндігін таныстырды. 

Шарада Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Шолпан Бастаубаева елімізде малазықтық дақылдарын өсірудің озық технологияларын сөз етсе, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Теміржан Айтбаев картоп және көкөніс-бақша салаларын дамыту және қолдау шараларына тоқталды.

Одан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі Серікбай Өмірзақов Арал өңірінің су шаруашылығы саласындағы проблемаларды шешу жолдарын сөз етті. Ал Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы Раушан Рамазанова Қызылорда облысының топырақ құнарлылығын арттыру жолдарын сараласа, Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының төрағасы Бақытжан Дүйсембеков күріш дақылының ауыспалы егістігінде зиянды организмдерге қарсы өсімдік қорғау шараларын тиімді қолдану технологияларына талдау жасап, аймағымызда барлық ауылшаруашылық дақылдарын өсіруге мүмкін деп тұжырым жасады. Ал «Өндірістік микробиология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ерік Шорабаев ауыл шаруашылығы саласында қолданылатын биологиялық препараттар туралы баяндады.

Іс-шара соңында облыс әкімі бірқатар сала үздігі мен егін шаруашылығы мәселелерін зерттеп жүрген ғалымдарға Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығына арналған арнайы төсбелгіні табыстады.

Айта кетейік, өңірімізге даңғайыр диқан мерейтойын атап өтуге арнайы келген қонақтар облыс орталығындағы Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, іс-шара аясында атақты күрішшінің ескерткішіне гүл қою рәсімі өткізілді.

Еске салсақ, осыдан 5 жыл бұрын даңқты диқанның 125 жылдық мерейтойы аясында Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінің жаңа ғимараты пайдалануға берілген еді. Қазіргі таңда облыста «Жақаевшылар ізбасарлары» қозғалысы ауылдық ұжымдарда еңбек етуде.

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз