ІТ бағыттағы жаңа бизнес

344

0

Қазір пластиктен жасалған бұйым, ойыншықтар мен кәдесыйлардың түрі сан ­алуан. Бұл – ІТ саланың бір жетістігі. Айталық, 3Д модельдеу бағдарламасы арқылы бұйымның бейнесін компьютерде нақты өлшемде сызып, 3Д принтер арқылы суретті 3 түрлі бейнеде шығаруға болады.

22 жастағы Фархат Орынбасар қызық әрі күрделі саланы Қытайда жүріп үйренді. Мектеп бітірген соң көрші елдер Ресей немесе Қытайда оқимын деген шешімге келді. Бала күннен компьютерге бейім әрі ғылыми жобалардан қалмайтын Фархат Қытайдағы емтиханды сәтті тапсырды. Бұл таңдауына әпкесінің де Бейжіңде білім алуы әсер еткен болатын. Осылайша ол Геонау­ка университетіне «Автоматтандырылған басқару» мамандығы бойынша оқуға қабылданды.

Студент кезінен-ақ ІТ сала бойынша алыс-жақын шетелдердің тәжірибесін зерттей бастады. Оқуды аяқтап елге келген соң, 3Д принтер арқылы өнім жасауға қызықты. Ол үшін «Бастау бизнес» жобасында оқып, арнайы бинзес жоспар дайындады. Ерекше әрі тиянақты жоба бірден назарға ілікті. Осылайша, «Еңбек» бағдарламасы арқылы
3 мил­лион теңге грант ұтып алды.

–       Бұл кәсіпті наурыз айында бастадық. Керекті құрал-жаб­дық­тарды Қы­тай елінен алдырдық. Қазір пластиктің бір­неше түрінен терезе бөл­шек­терін, бассейн детальдарын, кәдесый, ойын­шық мүсіндер мен лампалар жасаймыз. Қызылорданың нарығы өте құбылмалы. Басқа қалаларға қара­ғанда, сұраныс та жоғары емес. Сондықтан нарықты зерттеп, зауыттармен бірлесіп жұмыс істеуді қолға алдық.  Жуырда осы бағытта америкалықтардың жүйесін пайдалану, тәжірибесін іске қосу мақсатында вебинар ұйымдастырдық. Нәтижесінде жаңа жоба әзірлеп жатырмыз, – деді ол.

Бүгінде медицина, құры­­лыс сынды салалар­да 3Д принтермен құрал-жаб­дық­тар жасау өндіріске енгізілген. ІТ саланың бұл бағытындағы маман­дықтар еліміздегі «Жаңа мамандықтар атласында» да бар. Сондықтан қызылордалық жас­тар­дың жаңа бағытта бизнес бастағаны қуантады.

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<