«Кабинетте отыратын емес, креативті ойлайтын жастар керек»

464

0

Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асқан «Президенттің кадрлық резерві» сынақтан өтіп, шыңдалған, білікті де білімді жастарды мемлекеттік қызметке тартуды көздейді. Бұл – ел ертеңі жастар екенін ұмытпай, эстафетаны қабылдап алатын лайықты буын тәрбиелеуге қадам. Осы айдан бастап резервке іріктеудің екінші кезеңі басталды, қазір өңір-өңірде түсіндірме жұмыстары жалғасын табуда.

Облыстық «Жастар ресурстық орталығындағы» кездесуде де ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Рафхат Бисенов, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының директоры Мұрат Әйтімов пен облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Әбілдаев тіркеуден өтуге санаулы күн қалғанын айтып, жиынға қатысушыларға бастаманың басты талабын тарқатты. Спикерлердің хабарлауынша, 30 қыркүйекке дейін іріктеуге өтініш қалдыру керек. Бұдан кейін де бірнеше кезең күтіп тұр. Үміткер алдымен теориялық білімін дәлелдейді, яғни жобаны таныстыру, арнайы сұхбаттан өту арқылы көшбасшылық қасиет, сыни ойлау деңгейі, стратегиялық көзқарасын танытады. Содан соң Президент әкімшілігінің сарапшылық комиссиясында әңгімелесуден өтіп, ізінше оның кандидатурасы Президент жанындағы кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында қаралады. Кандидат ретінде таңдалған азаматтар резервке 3 жылдық мерзімге қабылданады. Осы уақыт ішінде тиісті мемлекеттік лауазым босаған жағдайда резервтегі азаматтардың кандидатурасы қарастырылады. Ал, кемінде 5 жыл жұмыс өтілі болуы керек деген талап тек мемлекеттік қызметке қатысты емес. Бұл шарт – кез келген еңбек өтілін қамтиды, яғни кез келген сала мен мекемедегі немесе жеке сектордағы 5 жылдық еңбек үміткер болуға мүмкіндік бермек. Тұтастай алғанда, 35-ке дейінгі талантты жастардың экономикада, ғылымда, өнерде, спорт пен мәдениет саласында өзін танытатын сәт туды.

Бұл ретте Аяулым Мырзахан есімді мектеп мұғалімі «жоба таныстамыр арқылы көтерілгендердің емес, өз күшімен пісіп-жетілген жастардың іріктелуіне себепкер болмақ» деген пікір білдірді. Айтуынша, өзі де үміткер ретінде бақ сынауға қарсы емес, бірақ еңбек өтілінің жеткіліксіздігі қолбайлау болып тұр. Сондықтан Аяулым кабинетте отырып ойлайтын емес, халықпен етене араласатын, креативке бай, қолынан іс келетін замандастарын мүмкіндікті жібермеуге шақырады.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<