Кезекті сессияда келелі мәселелер талқыланды

519

0

Сейсенбі күні облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен VII шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті 6-шы сессиясы өтті.  Оған облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов төрағалық етті.  Алдымен облыс басшысы сөз сөйлеп, Елбасының стратегиялық бастамалары мен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы аясында берілген тапсырмаларды іске асырудағы кешенді жұмыстарға тоқталды.

– Өңір бүгінде «жасыл» аймақта болса да, пандемиямен күрес негізгі міндет болып қала береді. Қазіргі таңда инфекциялық төсек-орын саны – 760, оның ішінде реанимациялық төсек-орын саны – 85, жүктеме 41% құрап отыр.

Облыста ұжымдық иммунитет қалыптастыру мақсатында екпе салдыруға қабілетті 401 мың тұрғынның 78,6%-і вакцина алды, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ 2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық пысықталғаны және қуаңшылыққа байланысты қолға алынған іс-әрекеттер електен өтті.

Арал ауданында қуаңшылық жағдайына орай төтенше жағдай жарияланғаны мәлім. Мал басы (596 бас) шығынға ұшырады. Осыған орай Үкімет резервінен мал азығына жұмсаған шығындарын ішінара субсидиялауға 1,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің резервінен 250 млн теңге қаржы бөлініп, шөп тасымалдайтын көлік шығындарын жабуға, мал суаты, жайылымдарды, шабындықтарды және Қамыстыбас пен Ақшатау көлдер жүйесіне су жеткізу мәселелерін шешуге жұмыс жасалды. Бұдан бөлек, жеңілдетілген бағада 7,4 мың тонна жем алуға тапсырыс беріліп, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ның айналым қаражаты есебінен 100 млн теңге бөлінді.

Облыс әкімі осы бір сындарлы уақыттан шығуға жергілікті шаруашылық төрағалары, кәсіпкерлер белсене араласқанын атап өтті. Арал ауданында «Аралым айдын шалқарым» атты қайырымдылық қоры ашылып, жергілікті кәсіпкерлер, фермерлер, түрлі қорлар арқылы 262,9 млн теңге қаражат түскен. Жамбыл, Шымкент, Ақтөбе облыстарынан және аймақтың барлық аудандарынан шөп жеткізіліп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үлестіріліп берілді.

– Осы орайда, жомарттық танытқан кәсіпкерлерге, жер-жерден ерікті түрде шөп орып, жеткізуге атсалысқан волонтерлерге алғыс білдіремін, – деді аймақ басшысы. Бүгінгі күні, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданымен 15 мың гектар жайылымдық жерге мал қыстату үшін 5 жылға жалға алу жұмыстары жасалуда. Қысқы мал азығын дайындау үшін 114 бригада құрылып, 1 мыңнан астам адам және 170-тен астам ауылшаруашылық техникасы жұмылдырылды. Осы қысқа түсетін 534,7 мың шартты мал басына 769,9 мың тонна азық дайындау жоспарланған. Бүгінде 734 мың тонна шөп дайындалып, қажеттіліктің 95,3%-ін құрап отыр.

Кейінгі жылдары аймақтағы вегетациялық кезең су тапшылығы жағдайында өтуде. Осыған байланысты суды аз қажет ететін көкөніс, бақша, майлы және мал азықтық дақылдар егісінің көлемі 11,1 мың гектарға ұлғайтылған.

Қазіргі күні күріштің 73685 гектарына (88,2%) орақ түсіп, 64823 гектары (88%) бастырылды. Әр гектардан орта есеппен 54,4 центнерден (2020 жылы 55 центнер) өнім алынуда. Күзгі егін жинау науқаны 15 қазанға дейін толық аяқталады деп күтілуде.

Облыс әкімі азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қатысты басты шараларды да атап өтті. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына байланысты өңірлік тұрақтандыру қорымен жыл басынан осы күнге дейін 131,2 млн теңгенің 988,2 тонна азық-түлік тауарлары сатылды. Бүгінгі күнге қорда 1041,4 тонна өнім сақталып, төмен бағада сатылуда. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін 2020-2021 жылдар аралығында облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінді. Нан бағасын тұрақтандыру мақсатында «айналым» схемасы арқылы облыс наубайханалары арзандатылған ұнмен қамтамасыз етілетін болады. Осы ретте облыстық бюджеттен қосымша 700 млн теңге бөлу қарастырылуда.

– Аймақта осы жылдың 8 айында негізгі экономикалық макрокөрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Сегіз ай қорытындысымен негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 158,1 млрд теңгені құрап, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 3,3%-ке жоғарылады. Есепті кезеңде жеке инвестициялар көлемі 114,8 млрд теңгені құрап, өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда 11,1%-ке артты. Тұрғын үй салу жоспары 644,7 мың шаршы метр болса, 8 айда тұрғын үйді пайдалануға берудің болжамды көлемі 443,3 мың шаршы метрді құрап отыр. 2021 жылы 36 әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі күнге 4 нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 15 әлеуметтік нысанның құрылысын аяқтау көзделіп отыр, – деді облыс әкімі.

Биыл  Тереңөзек, Жосалы және Жалағаш кенттері газдандырылды. Жыл соңына дейін Қазалы қаласы мен Шиелі ауданындағы Бекежанов және Қодаманов ауылдарын газдандыру жұмыстары толығымен аяқталады. Көптен күткен Қызылорда қаласына қарасты Наурыз және Махамбетов ауылдарын газдандыруға республикалық бюджеттен 500 млн теңге қаржы бөлініп, мердігер анықталды. Құрылыс жұмыстары осы айда басталады. Қазіргі күні облысты газдандыру 65% болса, жыл соңына дейін 67,4%-ке жеткізу жоспарда тұр.

Сондай-ақ «Жезқазған-Қызылорда» автомобиль жолының жаңа жобасы Қызылордадан бастау алатынын айтқан облыс әкімі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында бірқатар маңызды шаралар өткізіліп, әлеуметтік нысандарды ашу жоспарланып отырғанын жеткізді.

– Сессияның қарауына 2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджетті кезекті нақтылау мәселесін ұсынып отырмыз. Облыстық бюджеттің кіріс көзі 3,5 млрд теңгеге ұлғайтылып, бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің пайдаланылмаған және үнемделген 3,8 млрд теңге қаржысы есебінен облыстық бюджетті 7,3 млрд теңгеге нақтылау ұсынылуда, – деді облыс әкімі.

Сессияның күн тәртібіне сай алдымен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаевтың есебі тыңдалды. Оның атап өткеніндей, биыл осы кезге дейін 48 мыңнан астам тұрғын табиғи газ пайдалану мүмкіндігіне ие болған. Бұл жұмыстарға 4,1 млрд теңге бөлінген. Жыл соңына дейін Қазалы қаласы, Шиелі ауданындағы Бекежанов, Қодаманов ауылдары газға қосылады.

Газдандыру жұмыстарының алдағы жоспарына сессияға дейін өткен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысына қатысқан депутаттар тарапынан бірқатар ұсыныстар енгізілді. Осы отырыста халық қалаулылары «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның газ бағасына қатысты сот шешімдерін орындамай отырғанын ашына жеткізіп, салаға жетекшілік ететін жауапты тұлғалар нақты жұмыстар жүргізу керектігін қадап айтты.

Облыстық мәслихат депутаты С.Бихожа қала бойынша  газдандыру жұмыстары 100% жүргізілмегендігін, тұрғындардың бірқатары сұйытылған газ баллонмен отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, жатақхана типінде салынған үйлердің газдандыруға қосылмағанын қаперге алуды сұрады.

Ал басқарма басшысының айтуынша, қаладағы қалып қойған көшелер бойынша қала әкімдігіне ұсыныс берілген, алдағы уақытта олар жоба әзірлейді.

Мәслихат депутаты Т.Шаутай «Жиделі» топтық су құбыры Бірлестік ауылына дейін келуі керектігін, қазір жергілікті судың өзімен қамтамасыз етіліп отырғанын айтты. «Ал сол жоба қайда? Оны кім қаржыландырып отыр?» деді ол.

– «Жиделіге» қатысты қазір қолға алып жатқан жоба бойынша «Тақыркөл» бас су айдау станциясынан диаметрі 400 мл болатын 32 шақырым Шиелі кентіндегі №3 насос станциясына дейін екінші желісінің құрылысын салуымыз керек. Қазір мемлекеттік сатып алу жұмыстарында мердігерлер арасында талас болып жатыр. Бұл су ресурстары комитетінің тікелей тапсырысымен жасалады, – деді бұл ретте басқарма басшысы.

Облыстық мәслихат депутаты І.Тілептің Аралда Сексеуіл, Қамыстыбас елді мекендерін газдандыру қай жылы жүргізіледі деген сұрағына басқарма басшысы барлығы қаражатқа әкеліп тірелетінін, мемлекеттік сараптамадан өткен жобалар 3 жыл ішінде қаржыландырылмаса, мерзімі өткен болып, қайта жасалынуы тиіс екенін мәлімдеді.

– Төменарық елді мекеніне дейін жоғары қысымды газ жеткізу құбырларын салу және ауылішілік газ тарату құбырларын жүргізу жобасының құжаттарын әзірлеуге ашық конкурс жарияланып, 30 млн 297 мың теңге қарастырылған. Бұл жерде 5 млн 346 мың теңге қаржы үнемделіп отыр. Сол қаржыны Жаңақорған ауданының Бірлік елді мекеніндегі кентішілік газ тарату желілеріне осы жылы мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілсе, – деді ендігі кезекте депутат Ж.Ысқақ.

Осындай сұрақ-жауаптан кейін тұтынушылар құқын қорғаудың жайы туралы департамент басшысы Е.Сүлейменов хабарлама жасап, мәслихат депутаттарының сауалдарына жауап берді.

Сессияда негізгі мәселе болған 2021-2023 жылдарға арналған үшжылдық облыстық бюджетке енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бойынша оған дейін өткен тұрақты комиссия отырысында бірқатар мәселе айтылған болатын. Депутат І.Тілеп облыстағы жекеменшік балабақшалардағы тәрбиешілердің 9 айдан бері жалақыларын толық ала алмай отырғанын, коммуналдық төлемдерді де ішінара төлеуге ғана мүмкіндіктері бар екенін жеткізген болатын. Әсіресе ауылдық жерлерде қатты қиындық сезілуде. Өйткені, осы мақсатта қаралған 1,2 млрд теңге әлі бөлінбеген. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай осы жолы аталған қаржының 700 млн теңгеден астамы берілетінін мәлімдеді. Ал депутат Шакизада Әбдікәрімов Марал ишан кесенесіне дейін жол салу бүгінгі күні өзекті болып тұрғанын еске салды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешов бұл мәселе келесі жылы «Киелі жер» бағдарламасына енгізілетінін айтты. Осы және өзекті деген бірқатар мәселелерге қатысты басқарма басшысы дәйектеме келтірді.

– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 5 спорт кешені мен 1 денешынықтыру сауықтыру кешенін ұстау шығындарына байланысты 22,6 млн теңге көлемінде бюджеттік өтінім ұсынылды. Оны бюджет жобасына енгізуді жоспарлап отырмыз. Жаңақорған ауданындағы Төменарық елді мекеніне дейінгі жоғары қысымды газ жеткізу құбырларын салу және ауылішілік газ тарату құбырларын салу жобасына жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу барысында үнемделген 5,3 млн теңгені Жаңақорған ауданы Бірлік елді мекенінде кентішілік газ тарату желілерін Жаңақорған АГТС-тан бастап, жоғары қысымда таратылатын газ құбырын салу жобасы құрылысын бастауға қайта бағытталуда. 1 инновациялық жобаны қаржыландыруға 12 млн теңге қаралуда. Сондай-ақ, Арал ауданында аудандық маңызы бар Қызылжар елді мекеніне кіреберіс автомобиль жолының орташа жөндеу жобасын қаржыландыру ұсынылған болатын. Бұл мәселені алдағы уақытта облыстық бюджеттің келесі нақтылауында қарасақ деген ұсыныс бар. Қармақшы ауданында балық цехының сыртқы электр жобасын қамтамасыз етуге 1 млн теңге бөлінеді. Жаңақорған ауданындағы облыстық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жаңақорған-Түгіскен-Келінтөбе» автомобиль жолдарының орташа жөндеу жұмыстарын аяқтауға 17,6 млн теңге, Сырдария ауданындағы аудандық маңызы бар «Қызылорда-Қоғалыкөл-Шіркейлі» автожолын орташа жөндеу жұмыстарын аяқтауға 104 млн теңге, Шиелі ауданындағы «Шиелі-Жеміс-Жидек» автомобиль жолының 14-ші шақырымында орналасқан көпірді күрделі жөндеуге 10 млн теңге, «Шиелі-Қарғалы-Байкенже-Жаңақорған» автомобиль жолында орналасқан көпірді күрделі жөндеуге 10 млн теңге, Қазалы агротехникалық колледжінің спорттық және акт залының шатырын ағымдағы жөндеуге 9,5 млн теңге, Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі автоматтандырылған электронды емтихан алаңын абаттандыруға 5 млн теңге, Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарындағы 1 топтағы мүгедектерге қызмет көрсететін жеке көмекшілердің қызметіне ақы төлеуге оның ішінде 614 адамға 41,4 млн теңге қаралуда, – деді  Н. Қордабай.

Осы орайда облыс әкімі биылғы салықтың түсіміне байланысты бюджетке өзгерістер енгізілетінін, кейбір объектілер бойынша республикалық бюджеттен қаражат сұрап, жоба құжаттамалары негізінде уақытын оздырып алмау мүмкіндіктері қарастырылып отырғанын жеткізді.

Мұнан кейін облыстағы жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау, қалалар және елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын бекітуге сәйкес, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменовтың хабарламасы тыңдалды.

Жалпы, аймақты көркейту жұмыстарында жүйелілік, нақты қағида қажет. Ол біріншіден бюджетті жоспарлауға, екіншіден талап пен есептерді анықтауға мүмкіндік береді. Бұл мәселе комиссия отырысында талқыланып, арнайы қағида бекітілген болатын.

Одан кейінгі өзекті мәселе – жерүсті су көздері үшін төленетін төлемақы мөлшерін бекітуге байланысты. Ауыл шаруашылығындағы жерлерге пайдаланылатын су үшін шаруашылықтар осы кезге дейін мың текше метріне 5,4 теңгеден төлеп келген. Енді оның құнын 117,7 теңгеге өсіру жөнінде ұсыныс айтылды. Бұл бұған дейін төлеп келген төлемақы құнынан 21 есе көп. Бұған халық қалаулылары қарсылық білдіріп, төлемақыны бұрынғысынша қалдыруды бірауыздан мақұлдады.

Сессия барысында сонымен қатар, тұрақты комиссияда талқыланған облыс әкімдігінің дербес құрамын бекіту, облыс әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы облыстық комиссияның құрамын бекіту, Жаңарық ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы, мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы облыстық Үйлестіру кеңесінің дербес құрамын бекіту, ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына облыстық білім беру және мәдениет ұйымдарына атау беру жөніндегі ұсыныстарды енгізу, сондай-ақ, ономастика комиссиясының дербес құрамын бекіту туралы мәселелер көтерілді. Бұл орайда мәслихат депутаттары ой-пікірлерін білдірді. Олардың тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, тиісті шешімдер қабылданды.

Айта кетейік осы сессия барысында ең маңызды – білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, құрылыс, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары сынды салалар бойынша депутаттар тарапынан барлығы 2,1 млрд теңге болатын 44 жоба ұсынылып, оның ішінде 1,5 млрд теңгеден асатын 41 жоба мақұлданған.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<