«Көгілдір отынға» қосылған ауылдар көбейеді

423

0

Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев өткен 9 айдағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басты жаңалықтарды бөлісті. Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте аудан басшысы жоспарлы бюджеттің тағы да артқанын айтты. Мысалы, жыл басында аудан бюджеті 21,6 млрд теңге болып бекітілсе, 9 айда 22,9 млрд теңгеге жеткен.

Кәсіпкерлігі қарқынды Қазалы осы сала бойынша 12,6 млрд теңгенің өнімін өндірген. Жыл басынан есептесек, 723 адам түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында 2,9 млрд теңге қайтарымсыз грант пен несие алыпты. 13 кәсіпкерлік нысан пайдалануға беріліп, 63 адам жұмысқа тұрған.

– Жаңа өндіріс орындарын көбейту мақсатында ашылған «Өндірістік аймақта» 6 жоба жүзеге асуда. Бұл аумаққа газ желісін тарту үшін жоба-сметалық құжат әзірленген еді. Оған аудандық қазынадан 1,7 млн теңге ақша бөлдік. Бұдан бөлек, жоспарда тағы төрт жобамыз бар. Олар – балық қалдықтарынан жем шығару, азық-түлік және балық сақтайтын қоймалар. Жалпы биыл ауданда іске асуы тиіс 18 жоба жоспарға енген. Барлығының құны 979 млн теңгені құрайды. Осының аясында 100-ге жуық тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтуға болады. Жаңа айтылған 18 жобаның ішінде 15 жоба жүзеге асырылды. Қалған үшеуі, яғни, сауда үйі, мал бордақылау алаңы және «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолындағы сервистік кешен жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, – деді аудан әкімі М.Оразбаев.

Қазалы – ауыл шаруашылығына бейім өңір. Құрғақшылыққа қарамастан, биыл 6587 гектар күріш егілді. Әр гектарынан 44,9 центнер өнім жиналып, қамбаға 29,5 мың тоннадан астам астық құйған. Жыл қорытындысымен жеңімпаздар қатарынан көрініп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін биыл екінші рет қатарынан «Озат аудан» номинациясымен марапатталып отыр.

Сондай-ақ, атакәсіпті дамытуға ұмтылғандар көп. Төрт түлікте өсім байқалады. Мал шаруашылығымен дендеп айналысып жүргендердің арасында мемлекет көмегін алғандар бар.

Қазалыда жер кезегіне тұрушылар жылдан-жылға артып келеді. Аудан басшысы белгіленген аймақтың инженерлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі басты назарда екенін жеткізді.

– Бүгінде инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген учаскелерден 306 адамға жер берілді. Аудан бойынша жер алу үшін 11018 тұрғын кезегін тосуда. Сондай-ақ, баспанаға мұқтаж 1612 азамат бары анықталды. Биыл аталған мәселені шешу үшін жалға берілетін үйлерді сатып алуға 388 млн теңге қаржы қаралды. Бұған көлемі 60 шаршы метрден кем болмайтын 35 тұрғын үй сатып алу жоспарлануда. Ал былтыр бюджеттен қаржы бөлініп, Әйтеке би кентінен бір қабатты 4 пәтерлі 10 тұрғын үй салынғанын білесіздер. Қазір ауызсу, газ, жарық беру жұмыстары толығымен аяқталды, абаттандыру жұмыстары осы ай соңында бітеді. Бұл үйлер «Отбасы банктің» өз пилоттық жобасы аясында табысталатын болады, – дейді аудан басшысы.

Аудан бойынша Әйтеке би кенті мен Ғ.Мұратбаев ауылы «көгілдір отынның» игілігін көруде. Мұхтар Әуесұлының айтуынша, қазір Қазалы қаласын газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Келесі жылға өтпелі болса да бұл жұмыс жыл соңына дейін аяқталып, қалаға газ берілмек. Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов және Басықара ауылдарын газдандырудың жоба-сметалық құжаттары дайындалып, сараптама қорытындысын алу үшін 22,6 млн теңге бөлінген.

– Кейінгі жылдары ауыл арасындағы жолдар мен елді мекенішілік көшелердің жағдайы жақсарып келеді. Былтыр бөлінген 3,1 млрд теңгеге аудандық маңызы бар 50 шақырым жол мен елді мекенішілік 40 көше жөнделеді. Қазір Әйтеке би кентінен 19, Қазалы қаласынан 10 көшеге жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, ауылдық округтерде 11 көше қайта жаңғыртылып жатыр. Осы айтылған көшелердің ішінде 27 көшені пайдалануға бердік. Ал былтыр басталған қала мен кенттің екі аралығындағы жолды кеңейту жұмыстары тоқтамайды. Нысан келесі жылға өтпелі, қазір 2 темір-бетон көпір мен 2 су өткізгіш құбыр қайта жаңғыртудан өткізіліп, жолдың негізгі қабаты төселуде, – деді аудан әкімі.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тапсырысымен «Қарлан» көпірінің жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Республикалық бюджеттен құрылыс жұмыстарын бастауға қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары басталып кеткен.

Аудан бойынша 4 млрд теңгеге 12 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 6 құрылыс өз межесіне жеткен. Көп ұзамай бұл құрылыстар халық игілігіне айналмақ.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<