Көне ғасыр күмбірі

654

0

Жер-дүниені шарлап жүрген жиһанкез ертеде «Сырдың бойын жағалап жүрген адам көптеген шаһарға кезігеді.  «Бесқаладан қашқан лақ Таразға дейін тек үйдің үстімен жүгіріп жетеді. Сырдың аяғынан ұшқан бұлбұл басына дейін тек гүлге қонып жетеді» деген екен. Бұл дарияның жағасы құт қонған, гүлденген қасиетті мекен болғанын айшықтай түседі. Алаш жұртының түп-төркінін түгендеген белгілі ғалым Әлкей Марғұлан көне кезеңнің шежіресін таразыға тартқан шығармасының бірінде «Сыр бойында мыңнан астам көне қаланың орны бар» деп айрықша атап өткен.

Кезіндегі солақай сая­сат­тың салқыны көне жәдігер­лерге кері әсерін тигізді. Өт­кен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін ұлтымыз ұлық тұтқан дүниелер көз ал­дымызда жетім күйге түс­ті. Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағ­дарламасы сол олқылықтың орнын толтыруға оң ықпалын тигізді. Бүгінде археологтар түрен тимеген тың ізденістерге назар аударып отыр.

Биыл Алтын Орданың 750 жылдығына орай Сыр өңі­рінде де ескерткіштерді тү­гендеуге мән берілді. Оған қатысты тарихи құндылық­тардың санын анықтау жә­не зерттеу ісі қолға алынды. Облыстық мәдениет басқар­масының қолдауымен Қор­қыт ата атындағы Қызыл­орда уни­верситетінің жа­­­нын­­дағы «Археология және этно­­­­графия» ғылыми-зерттеу орта­­­­лы­ғының маман­дары Аса­нас ша­­һарын зерттеу­ді қолға алды. Ор­талық же­текшісі, PhD док­тор Әзілхан Тәжекеев бізбен әңгіме­сінде тарихи ме­кеннің ежелгі заманда ұлан-ғайыр даламызда үстемдік ет­кен Алтын Орда дәуіріндегі ірі қаланың бірі болғанын алға тартты.

– Асанас Сырдария ау­данына қарасты Айдарлы ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 8 шақырымда орналас­қан. Облыс аумағында жатқан көне шаһарлар арасында Сы­ға­нақтың тарихта алатын ор­ны ерекше. Ол Алтын Орда дәуірінде де Алаш жұртының айбынды шаһарының біріне айналды. Асанас та – сол за­мандағы ірі қаланың бірі. Де­се де, оған көп жылдар бойы археологтар тарапынан назар аударылған жоқ. Ке­шенді қазба жұмыстары тұ­рақты жүргізілмеген. Қолда­ғы мәлімет деректеріне сүйе­ніп, біз оның моңғол шап­қын­шылығына дейінгі орта ға­сыр­лық қала болғанын нақ­тылай түстік. Биыл Аса­наста кешенді жұмыстар атқарылды. Зерттеу жұмыстары енді ғана басталды. Көне ша­һар төңірегіндегі бар­лау шара­лары аяқталып, бұл аумақта бірнеше қаланың ор­ны бар екені белгілі болды. Оларға Асанас-1, Асанас-2, Асанас-3 және Ахмет қала деген атау берілді. Осылайша қаланың ескі орнынан бөлек тағы  көне 4 шаһардың іргелес жат­қаны нақтыланды, – деді Ә. Тәжекеев.

Ғалымның айтуынша, Аса­нас маңайындағы қорым жә­не Асанас ата кесенесі сол дә­уір­дің сәулет өнері мен ар­хитек­турасынан хабар бере­тін ес­керткіштер деп есептеледі.

«Тарихи деректер бойын­ша, Шыңғыс хан әскері Сыға­нақтан кейін Аса­насты өз ық­палына қаратқан.  Одан кейін ел­шілер Жентке жіберілді делі­неді. Итальяндық жиһанкез Джованни Плано Карпини өзінің саяхат жолында Бар­шын­кент, Жанкент және Аса­нас жайында мол деректер қалдырған. Көне жазба бетте­рінде жиі кездесетін Асанас археологтар мен тарихшылар қызығушылығын осылайша туғызып отыр. Сырдың бо­йын­да Сауран, Сығанақ, Бар­шын­кент, Жент, Жанкент және Аса­нас сынды тарихи атауын сақтап қалған санаулы ғана қастерлі мекен бар. Ал Жетіасар, Шірік-Рабат, Бә­біш мола, Қосқала, Сорлы­төбе, Сортөбе атаулары бері­де қойылған. Қолымызда Аса­нас туралы тарихи дерек­тер жетерлік. Енді қазба жұ­мыстары барысында сол мә­­лі­меттердің табылған жәді­гер­лермен сәйкестігі зерде­ле­неді. Ол зерттеуіміздің нә­ти­желі болуына оң әсерін ти­гі­зеді деген сенімдемін, – де­ді археолог.

Көне тарих беттерінде кез­десетін мына бір дерек те назар аударуға тұрарлық. Сы­ғанақты моңғолдар басып ал­ғаннан кейін Асанаста, одан кейін Жентте 1-1,5 жыл әскер жинап аялдап, Хорезмге жо­рыққа аттанған дейді. Асанас атауы ортағасырлық Өзгент, Сығанақ, Жент, Баршынкент қалаларымен бірге кездеседі. Орта ғасырда өмір сүрген парсы тарихшысы әл Жувей­нидің еңбегінде оны 1219 жылы моңғол әскерінің Сыға­нақтан Жентке қарай бара жатқан жолда жаулап алғаны жөнінде сипаттама беріледі.

Асанас Ұлы Жібек жолы­ның бойында орналасқан. Ірі экономикалық, сауда-сат­тық, аумақтық маңызы бар орта­лықтарда қазандай қайнаған тіршіліктің бәрі осы тарихи шаһарлар арқылы жалғасып жатыр. Жазба деректерде моң­ғол шапқыншылығынан бас­тап белгілі. Жауға табанды қарсылық көрсеткендіктен, жермен жексен қиратылып, хал­қының көпшілігі қырғынға ұшы­раған. Сырдарияның бо­йындағы басқа да қалалар сияқты көп ұзамай қайта қал­пына келтіріліп, ХІV-ХV ға­сырларға дейін өмір сүрген.

Сырдың төменгі ағысы бойымен жүріп өткен Плано Карпини «Моңғолдар тарихы» атты еңбегінде: «Бұл жерде біз сансыз қиратылған қалалар мен қамалдарды, көптеген бос қалған қоныстарды кез­дес­тірдік. Осы аумақта үл­кен өзен бар, оның аты бізге белгісіз. Жағалауында Янкинт деп аталатын қала бар. Тағы біреуінің аты Бархин, үшін­шісі Орнас деп аталады жә­не бізге белгісіз қалалар бар» деп жазған. Ресей шы­ғыс­­танушысы Павел Лерх атал­ған қоныстарды Сыр­да­­рияның төменгі ағысын­да­ғы қалалармен сәйкестен­діріп Орнас-Асанас, Ян­­кинт-Янгикент, Бархин-Бар­­­шын­кент қалалары болуы мүм­кін дейді. Ал, ресей­лік зерт­теуші Василий Каллаур 1899 жылы Асанас қаласы орнын анық­таған. Топо­гра­фиялық си­паттамасын жаса­ған. Қа­лаға тартылған су жа­йында жазған. Қызылқұм ішіндегі сең­гірге дейін жететін арықтың бірін ауызсу десе, екіншісін егістікке тартылған арық деп жорамалдайды.

– Қала мықты мұнарасы бар қабырғамен бекінгені аң­ғарылады. Оның сырты ор­мен қоршалған. Қорғаныс қабыр­ғаның қазіргі сақталған биіктігі 5 метрге жуық. Қабырғаның ені іргетасымен есептегенде 15 метр. 1960-1961 жылдары Хорезм археологиялық-этно­графиялық экспедициясы Аса­нас қаласын есепке алып, барлау жұмыстарын жүр­­гіз­ген. Ал, 1968 жылы ғалым Нина Вак­тур­ская қалаға екі мәрте зерттеу жүргізді. Қазба барысында табыл­ған қыш ыдыстар ХІІ-ХV ға­сыр­ларға жатқызылды. Ал екін­ші қазбадағы кера­мика­ларды VІІ-ІХ ғасырдағы оғыз заманымен сәйкес деп ба­ға­лады. Нәтижесінде Аса­нас қаласы VII-IX ғасыр­да пайда болып XV ға­сырға дейін өмір сүрген деген бол­­жам айтылды. Хорезм экс­­педициясының зерт­теуі­не де­­­йін тарихи әдебиет­тер­де Аса­насты соғдылық сауда­гер­лер тұрғызды деген пікірлер басым болған еді. Кейінгі қазба жұмыстарында оны қа­ла тұрғындары мен оғыздар тұр­ғызғаны нақтыланды, – деді Ә.Тәжекеев.

Зерттеушілер көне ша­һар­дың оңтүстік іргесінен өтетін Іңкәрдарияның солтүстік саға­сы табанынан магистральды канал қазылғанына назар ау­дарды. Оған Асанасөзек не­месе Тораңғылысай деп атау берілген. Аталған су жүйесі Іңкәрдарияның барлық иінін немесе бұрылысын қай­та­лап отырады. Ол ескі арна­дан бірнеше рет кіші, жағала­рының арасы 10-15, тереңдігі 3-5 метрге жетеді. Кейбір жерден шығыр шұңқырының ізін, бөгеттерді және басқа да жасанды суландыру құры­лыстарын байқауға болады.

Ортағасырларға жататын егістік алқаптар осы каналдар арқылы сумен қамтамасыз етілген. Аталған су жүйесі ша­мамен 60 шақырымға созы­лады. Сырлытам және Заңғар қалалары оазисіне дейін же­теді. Көне шаһар аумағында қала типтес бірнеше ірі қо­ныс орналасқан. Олардың ай­наласында орналасқан ирри­гациялық желінің барлығына осы Асанасөзек магистральды каналы арқылы су жеткізілген. 

– Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­верситетінің аға оқытушысы Тәңірберген Мәмиев 2000 жы­лы барлау қазба жұмыс­тарын жүргізіп, көптеген нақты мә­ліметтерге қол жеткізді, – деді Ә.Тәжекеев бізбен әң­гімесінде. – Ол шахристан дуалының орташа биіктігі 3, қалыңдығы 5 метр екенін атап көрсетті. Ал мұнара саны 20-ға жуық екеніне тоқталып, олардың арасы 6 метр жиі бекіністік сипатта екендігіне назар аударды. Ал, 2005 және 2012 жылдары Шірікрабат археологиялық экспедициясы ескерткішке қайта барлау жұ­мыстарын жүргізді. Сол ар­қылы жинақталған мәлі­меттер облыстық ескерткіштер жи­нағына енгізілді. Ғалымдар Асанас қалашықтарының то­бын айқындап, ғылыми мақала жа­риялады.

Оның айтуынша, биылғы жылдың тамыз-қыркүйек ай­ларында мұндай кешенді зерт­теу шаралары қайта жалғасты. Оған облыстық мәдениет, ар­хивтер және құжаттама бас­қармасы қолдау көрсетті.

Алтын Орда дәуірінің эта­лонды ескерткішінің бірі са­налған Асанас қалашығын ар­хеологиялық зерттеу бұдан ке­йінгі жылдары да жалғасады. Оған қоса қорғау аймағына сәйкес қалашықтың аумағын қоршау жоспарланып отыр. Көне қала «Қазақстанның кие­лі жерлерінің геогра­фия­сы» жобасына енгізілген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<