Көптің тілегіне көңіл бөлінеді

465

0

Ел тұғырының биік болуы жолында бүгінге дейін еселі еңбек атқарылғаны белгілі. Жүйелі жетістіктер, бағыты айқын бастамалар, жарқын жобалар әлем елдерімен иық тірестіре алардай деңгейге жетуге себеп болғаны сөзсіз.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы да, сындарлы саясатының негіз болуымен Тәуелсіз елімізде бүгінгідей биік белестерді бағындырдық. Елбасы «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ұсынған «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығы мен «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында өткен белестерді саралап, жас ұрпаққа құндылықтар қадірін білуге үндеу жасады.

Жалпы отыз жылдық белесте елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына, қала мен ауыл тіршілігінің түзу болуына жетекші партияның ықпалы зор болды. Осы орайда,«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа – лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы жүзеге асып, бағалы бастамаларға ден қойылуда.

Партия тарапынан жүзеге асырылатын бағдарламада елдің әлеуметтік ілгерілеуіне және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты әрі тиімді шаралар қамтылған. Әр бағытқа, әр салаға негізделген салмағы басым жобалар мен жұмыстар жоспарланып, әр елді мекеннің тіршілігіне сәйкес тірліктер орындалуда.  Осындай жұмыстарды Сыр өңірінің орталығынан аңғаруға болады.

Сайлауалды бағдарламадағы негізгі бағыттардың бірі – құрылыс саласы. Қалада жыл соңына дейін 730 пәтерлік 15 арендалық тұрғын үйді, баспанасы апатты жағдайдағы азаматтарға 50 пәтерлік 1 тұрғын үйді табыстау жоспарлануда. Сырдария өзенінің сол жағалауында №5 тұрғын кварталының егжей-тегжейлі жоспары әзірленуде. Аталған кварталда 13 тұрғын үй құрылысының сәулет келбеті бекітіліп, жоба-сметалық құжаттамалары дайындалуда. Сонымен бірге, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында СПМК-70/4 шағын ауданында қайтарымды қаражат есебінен 640 пәтерлік 13 тұрғын үй және СПМК-70/2 шағын ауданында қайтарымды қаражат есебінен 500 пәтерлік 10 тұрғын үй салынып жатыр.

Республикалық бюджеттен бөлінген 5,2 млрд теңгеге 151 және қайтарымды қаражат есебінен 811,4 млн теңгеге 21 тұрғын үйге жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Қалаға қарасты ауылдарды «көгілдір отынмен» қамту  мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Мәселен, Ж.Махамбетов және «Наурыз» елді мекендерін газдандыру жобасы қолға алынып, құрылыс басталды. Сәтін салса, 3 жыл ішінде елді мекен толық газдандырылады. Облыс орталығындағы 23 көшені жарықтандыру жұмыстарына 229 551 мың теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жасалды.

Қала тұрғындарын көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында Қарауылтөбе ауылдық округінен 10 гектар егістік жер бөлініп, ынта білдірген 87 тұрғын бақша дақылдарын егіп, өнімдерін жинап алды. Сондай-ақ, жас ұрпаққа сапалы білім беру, қала оқушыларының білім көкжиегін кеңейтуде белгіленген стандарттарға сәйкес жұмыстар жасалуы тиіс. Осы оқу жылында «Саяхат» шағын ауданында 348 орындық «Ұлағат білім ордасы» ашылса, 500 орындық «Зерде» және 320 орындық «Мансап» мектептері бой көтерді. Мұндай арнаулы мектептерге бүгінде сұраныс жоғары. Сондықтан білім беру мекемелерінің санын арттыруға бағытталған жұмыстарға көбірек мән беріліп отыр.

Бұқаралық спорттың дамуына бағытталған жобалар мен жоспарлардың да легі аз емес. Осыған дейін ойын алаңдарының жетіспеушілігі мәселе болып келген-ді. Көптің сұранысы ескеріліп биылдың өзінде қала бойынша 25 спорттық ойын алаңы пайдалануға берілді. Алдағы жылы тағы да 5 ойын алаңының құрылысы жүргізіледі.

Мәдениет саласында да ілкімді істер қатары аз емес. Ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді дәріптейтін жобалар көші жалғасуда. Жыл басынан бері түрлі бағытта 1161 мәдени іс-шара ұйымдастырылды, 90 үйірме жұмыс жасап, оған 1047 өнерпаз бала қатысуда.

Пртия бағдарламасына сәйкес кәсіпкерлік саласына негізделген біршама жұмыстар да жоспар бойынша орындалуда. Мәселен, 26 839 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 45,2%-і Қызылорда қаласының үлесінде. Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жалпы құны 20,1 млрд теңгені құрайтын 1739 жоба қолдау алды.

Ел игілігі үшін атқарылған осы жүйелі жұмыстар мен келешектің еншісіне тиесілі жарқын жоспарлар жүзеге аса береді. Көптің тілегіне басымдық беріп, алдымен халықтың тұрмысын жақсартуды мақсат еткен «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы мән-мазмұнымен құнды. Бұл тұрғыда, әр бағытқа негізделген тың бастамалар Қызылорда қаласында да нәтижелі болары анық.

Ғанибек ҚАЗАНТАЕВ,

«Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалының төрағасы,

Қызылорда қаласының әкімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<