Өңірлік комиссия өнімді еңбек етуде

516

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссия отырысы өтті. Жиынға өңірлік комиссия және облыстық жұмысшы тобының мүшелері, онлайн форматта қала және аудандық жұмысшы топ мүшелері қатысты.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Өңірлік комиссия және жұмысшы топ мүшелерінің облыс көлеміндегі саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар жерленген орындарды анықтау, жазықсыз сотталған және қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды ақтау мәселесін ғылыми тұрғыда зерделеу жұмыстары туралы облыстық мәслихат хатшысы, республикалық комиссия мүшесі Наурызбай Байқадамов баяндап берді. Өңірлік комиссия жұмысын үйлестіру бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы, өңірлік комиссия хатшысы Мира Қазбекова айтты.

Аймақ басшысы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытында біршама жұмыстардың атқарылғанын тілге тиек етіп, алдағы міндеттерді айқындады.

– Қазақ халқының асылдарын қынадай қырған нәубет Сыр жұртшылығын да айналып өткен жоқ. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, тоталитарлық жүйе жүргізген саясаттың салдарынан облыс бойынша 4038 отбасы қуғынға ұшырап, 1153 адам атылған. Құрбандарды ақтау жөнінде біршама жұмыстар жүргізілді, алдағы уақытта да өз жалғасын табуы қажет, – деді облыс әкімі.

Наурызбай Байқадамов өңірлік комиссияның жұмыс тобы құпия қорлардан көптеген материалға қол жеткізгенін атап өтіп, ғалымдар мен зерттеушілердің пайым-пікірлері негізінде ортақ ойды ортаға салды. Мәселен, облыстық полиция департаменті мұрағатында 3 қор бойынша 4669 адамға қатысты 3016 қылмыстық іс бар, сақтау бірлігі 6058 дананы құрайды. Жұмыс барысында ХХ ғасырдың өн бойында өткен ұлт-азаттық қозғалыс және саяси қуғын-сүргін құрбандарын, күштеп көшірілген халықтар мен арнайы қоныстанушылар бойынша құжаттарды анықтау, соғыс жылдары кеңестік әскери тұтқындардан құрылған Түркістан легионы сарбаздарының істері негізінде азаматтарды ақтау бойынша ұсыныстар әзірленуде.

Басқарма басшысы Мира Қазбекованың айтуынша, бүгінге дейін өңірлік комиссия және жұмысшы топтың 4 отырысы өткізілген. Қазір комиссия және жұмысшы топ құрамындағы ғалымдар бекітілген кестеге сәйкес тиісті мемлекеттік мекемелер мен облыстық архивте әр сәрсенбі және бейсенбі күндері құпия құжаттармен танысуда.

Жұмысшы топ мүшелерінің, ғалымдардың тиімді әрі нәтижелі жұмыс жүргізуі үшін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасындағы «Мұстафа Шоқай» ғылыми-зерттеу орталығы жанынан және облыс орталығындағы архивтерде, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапхананың базасында арнайы жұмыс бөлмелері белгіленген. Өңірлік комиссияның жұмысын үйлестіруге облыстық бюджеттен қаржы қаралып, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік экспедиция жұмысын үйлестіру» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі комиссия жұмысын жандандыру мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасына бірқатар тапсырма жүктеді.

– Республикалық комиссия тарапынан берілген ұсыныстар хаттамалық тапсырмаға енгізілсін және облыстық жұмысшы топ мүшелерінің зерттеген материалдары, тың жазбалары туралы жинақ шығаруға қажетті қаржы ұсыныстарын берсін. Алдағы жылға жұмысшы топ құрамын қайта қарап, мәдениет, архив және музей саласының мамандарын қосуды қамтамасыз ету қажет. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі топ жұмысын келесі жылы ақпараттандыруға арналған кешенді медиа-жоспар әзірлеп, бекітуге ұсыныңыздар, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына облыс көлеміндегі архивтердегі саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы құжаттарға қосымша зерделеу жұмыстарын жүргізіп, жұмысшы топпен бірлесіп талдау тапсырылды. Құрбандар жаппай жерленген орындарға белгі қою, батырлар мен қоғам қайраткерлері туралы арнайы ақпараттық кітапшалар әзірлеу міндеттелді. Ал, облыстық прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер департаментіне саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы жабық архив қорларындағы құжаттарды жан-жақты зерделеу және оларды кезең-кезеңімен құпиясыздандыру жөнінде тиісті жұмыстардың жүргізілуіне ықпал жасау жүктелді.

Жиын соңында аймақ басшысы қала және аудан әкімдіктеріне аудандық жұмысшы топтар атқарған жұмыстар туралы ақпараттарды желтоқсан айының 15-не дейін облыстық ішкі саясат басқармасына жолдап, белгі қою жұмыстарына орай облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен бірлесіп, ұсыныс беруді тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<