Құрылтай қарсаңында

312

0

Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен «Достық үйінде» Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Конференцияға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Өңірде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытында қоғам атқарған жұмыстар туралы есеп берілді. Алдағы міндеттер нақтыланып,  тексеру комиссиясының құрамы,  қоғамның кезекті VI құрылтайына делегаттар сайланды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, VI құрылтай 26 қарашада Түркістан қаласында өтеді. Осыған сәйкес ұйымның қалалық, аудандық филиалдарында, бастауыш ұйымдарда жиындар болды.  

Конференцияда облыстық филиалдың төрағасы Сәдуақас Аңсат есепті баяндама жасады. 7 аудан мен 2 қалалық филиалдағы 796 бастауыш ұйым 38973 адамды мүше етіп біріктіріп отыр. 2012 жылдан бері қоғамдық ұйымның жұмысы жолға қойылған. Жылына 2 рет мәжіліс өткізетін басқарма мен алқа атқарылған істерді сараптап, жұмыс жоспарын белгілейді, төрағалардың есебін тыңдайды. Осы уақытта 3 республикалық конференция өтті, әр ауданда 2 жылда 1 рет облыстық семинар-кеңес ұйымдастырылуда.

Қызылорда қаласында және аудан орталықтарында «Тіл сақшысы» рейді үздіксіз жүрді. Түрлі меншіктегі мекеме, қызмет көрсету орындарындағы маңдайшадағы жазудан бастап сыртқы жарнамадағы заңбұзушылық пен қателіктерді анықтап, ескерту жасалуда. Облыстық филиалдың «Тіл сақшысы» газеті 2013 жылдан бастап шығуда. Ондағы таңдаулы мақалалар «Тіл сақшысы» – Намыс қамшысы» жинағына топтасып, жылына екі кітап шығарылады. Сондай-ақ «М.Әуезов шығармалары – қазақтың қоғамдық өмірінің энциклопедиясы» конференциясы, «Қызылорда облыстық «Қазақ тілі» қоғамының 2011-2013 жылдары өткізген іс-шарасы», «Мемлекеттік тілдің қазіргі жайы және оның қолданыс аясын арттырудағы міндеттері», «Журналист әдебі» брошюралары шығарылды.

Бұдан соң қоғамның тексеру комиссиясының төрайымы Қ.Әбділәзизованың есебі тыңдалып, облыстық филиалдың жаңа басқармасы, алқасы, тексеру комиссиясының құрамы мен құрылтайға делегаттар белгіленді. «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы болып С.Аңсат қайта сайланды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<