Құт мекенім – Қызылорда

1212

0

Қызылорданың екі жүз жылдығын жұртшылық дүр­кірете атап өткені есімізде. Тарих тұрғысынан бағамдаса көп уақыт емес. Бірақ, болған уақиғалар мен атқарылған істерге жүгінер болса аз емес. «Ғасырдан да ұзақ күн бар» депті ғой ұлы жазушы Шыңғыс Айтматов. Қызылорда – Қоқан хандығының қиянат-зәбірін де, Ресей губернаторларының екіжүзді саясаты ауырт­па­лығын да, жағымды істерімен қатар көлеңкелі әрекеттері мол болған Кеңес дәуірінің салмағын да арқалаған қала. Мамыражай заманда жанынан ағып жатқан Сырдарияның шалқып-тасығанын, уақыт өте ниеті мен пейілі тарылғандар кесірінен қиналып, тартыл­ғанын да көрген. Енді міне, Егемендік алғалы болашаққа мол үмітпен қол созып, нық сеніммен ертеңге иек артады. Осындай киелі шаһарда тұрып жатырмыз.

Сұлутөбе ығындағы он бесінші разъезде туып-өсіп, сол ауылдағы М.Горький атындағы жетіжылдық орыс мектебін бітіргесін гидро­тех­никумға түстім. Содан бері осы қаладамын. Қызылорданы оның алдында шамамен он жасымда көрдім. Есімде қалғаны шойын жол вокзалы мен ірі тас төселген бір-екі көше. Қызыл­орда керемет өзгерген. Егер алыста тұрып, қалаға енді ғана көз тігер болсам, мүлде танымай қалар едім. Білетінім тек теміржол вокзалы мен Қызылорда плотинасы ғана шығар. Сол кездегі шағын шаһарға Тасбөгет қыстағы оншақты шақырым, Комсомол шаруашылығы соған шамалас, Киров атындағы ауыл көш жерден алыс жатар еді. Елу шақты жылда олардың баршасы Қызылордамен қо­сылады дегенге кім сенер еді сол кезде?! Ендеше соның бәрі болды, қала өсті, кеңейді, өркендеді, өндіріс, мәдениет, білім мен ғылым ордасына айналды.

Қызылорда табиғаты қы­зық. Онша қатал да емес. Кейбір қыстың бір мезгілдері болмаса қатты аязы жоқ. Көктем өзгеше, жанға жайлы. Шаруаны қуантып, жерді оятып, көкті дүркіретер, шаң басар жылы жаңбыры берекелі. Жаз ыстық. Бұл бір жағы қажет. Егіннің уақытылы пісуіне. Атақты Қызылорданың қауынына керек ыстық күндер. Елу жыл бұрынғы қауын дәмі әлі аузымда. Ыстық күндер бас байлығымыз – күріштің жеті­луіне де қажет. Шілде айтар­лықтай. Көлеңкеден тіп­ті ұзағың келмейді-ау!.. Аптапты күндері түннің өзінде тыныстау оңай емес. Көну керек. Амал жоқ, көнеміз. Өйткені, соңынан, шамалы уақта иықтап алтын күз де жетеді. Қазанның соңы мен қарашаның басындағы тал жапырақтарының ажарын айтсаңшы!.. Құдды, сары алтынды қолдап жалатып қойғандай. Сырдың күзі ерекше. Тамыздың соңынан басталып, кейде қарашаның аяғына жетіп жығылады. Биыл да солай болды. Жұрт арқа-жарқа, ел ырысы берекелі, салмақты.

Туған жер табиғатының жазғы аптабы егінге жайлы болғанымен, жанға қолайсыз. Дүниеде нендей күрделі құбылыстың өзіне лайықты жолы мен шешімі болады деген рас екен. Сөйтсек, шілденің ыстық аптабының зиянды әсерін адамға ыңғайлы бағытқа аудару мүмкіншілігі бар екен. Мұны Ресейдің әйгілі мелиоратор ғалымы А.Н.Костяков қолымызға ұстатып кетіпті. Соған көңіл аудара­йық.

Сол ғалым кезінде жеті жүз гектарлық ауылшаруашылық дақылдар егісінде зерттеулер жасап, пайдаланудан бос жатқан көршілес аймаққа қарағанда мұнда ауа ылғалдылығы жоғарылығын, жылулығы 3-4 градус төмен болатынын анықтап, дәлелдепті. Көкорай алқап көлемі өскен сайын жазда жылулық көрсеткіші төмендей береді. Казір қала ауданы жоғарыдағы тәжірибелік алқап көлемімен салыстырғанда шамамен жиырма есе үлкен. Сондықтан, қаланың көшелерінде аяқсу ағып жатса, екпе талдар мен көкөніс жайқалып өсіп тұрса, қала төңірегінде ауа ыстықтығы шілдеде 4-5 градусқа төмендейді. Бұл, сөз жоқ, қала тұрғындары денсаулығына мықты көмек болар еді.

Ертеде бір жылдай отбасыммен Астанада тұрдым. Күзде бардық. Кешікпей қыс та келді. Зейнетке шыққан кезім. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық уни­вер­ситетінде ұстаздық жұ­мысымды жалғастырдым. Жаңа жер, басқа ұжым өз әсерімен қызықтырды. Көктем де келіп, жаз да шықты. Ауа таза. Жел аз. Көкорай шалғын. Қоңыр салқын. Аптап атымен жоқ. Бәрі жақсы. Бірақ, бір нәрсе жетіспейді. Не екені белгісіз. Кейін түсіндім. Адам баласы кіндік қаны тамған жеріне лайық өседі екен. Туған жер ауа райына, жер мен суына, топырағына, адамдарына, сол өңірдің ерекше салт-дәстүріне қарай. Бұрындары жаз соңында жылулық отыздан төмендеп кеткенде қоңылтақситыным бар еді. Соның әсері ме, қайдам, жаз бойы шай ішкенде терлеп, жіпсімедім. Сөйтсем, ыстыққа үйренген адам салқынға көндікпейді екен.
Білмедім, Сыр бойына бір күш тартты да тұрды. Шамасы, сонша жыл қызмет істеп, үйренісіп қалған ұжымым ба? Әлде, туған жердің мен білмейтін қасиетті күші ме? Болмаса, бабаларым жатқан топырақтың иісі ме? Әлде, жас уағымда лай суы майдай жаққан Сырдария ма? Немесе, жыңғылы мен жидесі аралас өзен қолтығы алаңшасында бірін бірі қуып жүретін қызыл-көк қырғауыл шиқылы ма? Ауылға оралдым да, қалалық мәслихат мәжілісінде шаһар экологиясы жөнінде сөз айттым. Сол ойымның шет-жағасын бүгін де жалғастырғым бар.

Жас уақытымызда орыс тілін биіктеткен Кеңестер Одағында «Лучший город Земли» деген сөз тіркесі жиі қолданыста жүретін. Киноларда, концерттерде ең жақсы қала Ленинград, Париж, Рим деп жатушы еді. Ол кезде ойымызға жақсы қала таңдау келмепті. Жұрт қатарлы жүре бердік. Сонымен Астанадан ауылға ораларда осы ұғым жөнінде түйін жасағандай болдым. Өзім үшін Қызылорда ең тәуір қала екенін түсіндім. Шамалаймын, көп жерлестерім осыны қолдайды. Өйткені, мұнда терең сыр жатыр. Мәселе ауа райының өмірге жайлы-жайсыздығында емес. Бас­ты гәп бала кезіңнен есіңде қалған ауыл жанындағы үстіне бір өрлеп, бір төмен зулаған кішкентай төбешікте болуы мүмкін немесе дарияның суы мол кезінде достарыңмен суға шомылып, қайырдағы құмға соншалықты аунаған, кейін салынып кеткен үйлердің астында қалған, бірақ ойыңнан кетпес сол құмшауыт жазықта да болар. Мүмкін, өміріңдегі мол жақсылықтарыңмен қатар, кейде шаршап, қиналған кезіңде жаныңнан көрінген ағалар мен інілердің осы қаладан табылғандығында да шығар.

Туған қаламыз – Қызылор­да­ға барынша борыштымыз. Қолымыздан келер игі істерді жасаудан аянарымыз жоқ. Мұның ең жеңілі өз ауламызды, үйіміздің маңын жақсарту, көгерту, гүлдендіру. Үйіміздің алдына еккен әрбір тал ағашымыз біздің туған жерге, туған шаһарға деген ізгі перзенттік адал ықыласымыздың көрінісі мен дәлелі болар. Ендеше осыған көп шығын қажет те емес. Бастысы, біздің шынайы пейіліміз бен қала жағдайына көрсеткен ыстық ықыласымыз.

Қала ішімен жаяулап келеміз. Көшенің екі жағында да гүлзарлар. Көңіліміз өзінен өзі көтеріліп сала берді, қолымызға гүл шоғын ұстатқандай. Жақсы ойлар да орала бастады санамызға. Рахаттана әрі қарай жылжи түстік. Көшенің екі жағын тамылжи өскен тал жаулапты. Құлаққа жағымды сыбдыр мен әсем шу. Сөйтсек ол торғай сайраны екен тал ішіндегі. Ағаш жапырақтары самалдың әсері ме әлде өрмелеген құрт-құмырсқаны аңдып жүрген құстарға ақтарған ризашылығы ма, болмаса өтіп бара жатқан адамға көрсеткен ықыласы ма, дыбыссыз қол бұлғайды. Бұл көңілімізді одан сайын көтере түсті. Жүре бердік. Екінші көшеге де жеттік. Гүлзар көзден ғайып болған. Ол түгілі өсіп тұрған тал да аз, сиректеу. Маңдайымызға ыстық күн шаңқиды. Жаңа ғана жадыраңқы күйіміз пәс. Жақсы ойлар да шашырап, ыдырай жөнелді.

АҚШ-та болғанмын. Чи­каго қаласында. Аспанмен таласқан биік үйлер көлең­кесінде келемін. Алдымнан американдық кезікті. Жасы менімен қатар ма, қалай? Жақындай келе күле қарап оң қолын көтеріп сәлем берді. Мен де сүйттім сасқанымнан. Жаңа ғана түрлі ой жетегінде келе жатыр едім, жадырап қоя бердім. Алдымнан кезіккен екіншісі де қол бұлғады. Танымайтын қазаққа. Қандай керемет көрініс!.. Адамды адамға жақындататын құбылыс емес пе? Сөйтсек, бұл үйреншікті әдеті екен. Өзге жұртқа сәлем беріп, жақсылық тілейді екен олар. Ал, осыны бізге бабаларымыз өсиеттеді емес пе?!.. «Өзіңе тілемейтінді өзгеге тілеме. Өзіңе тілейтінді, өзгеге де тіле» деп. Мүмкін, осыдан да болар, сол елдің қазір өркениет алдына шығып, дүниеде ең бай, қуатты мемлекет болуы! Ендеше, бүгіннен бастап, қадірлі қызылордалықтар, кө­шеде бірімізді біріміз жыға танымасақ та сәлем білді­рейік! Бұл, шындап келгенде бірлігімізді нығайтады, пейілімізді кеңітеді, көңілі­мізді өсіреді. Ендеше, осыдан ұтпасақ, ұтылмаймыз!

Арман мен қиялға кім берілмеген? Елу жылда шаһар халқы үш есе көбейіпті. Енді елу жылда сол жалғасуы мүмкін ғой. Онда осы өңірдің нағыз өмірге жайлы, қай жағынан алғанда да адам баласының қажетіне толық сай қалаға айналатын шығар Қызылордамыз. Ендеше, бұл – баршамыз­ға түсер үлкен жүк пен мол салмақ. Онда қолдан келген игілікті ісімізді аямайық, ағайын!

Еуропаның өркениетті елдерінде жүріп, көшеге бір кішкентай қағаз тас­тасаң, артыңда келе жатқан 7-10 жасар бала ескерту жасайды. Міне, Еуропа елдерінің тазалық сыры осында, әр азаматтың елге, өзі тұрған мекеніне деген перзенттік көзқарасында. Ал біздегі жағдай қалай? Біз көлік ішінен босаған қорапты, бөтелкені, шылым қалдығын лақтыра саламыз. Көшеде келе жатқан жастардың шемішке шағып, оңды-солды түкіруі үйреншікті құбылыс. Біздің көргеніміз, мәдениетіміз, бі­ліміміз еуропалықтардан тө­мен болғаны ма, сонда?! Олай болса атамыз қазақ­тың «Су ішетін құдығыңа түкірме!», «Ер туған жеріне», «Туған жерге туың тік» деген қағидаларын қайда қоямыз? Демек, біздің тегіміз, көргеніміз, біліміміз, мәдениетіміз ешкімнен төмен емес. Бізге ортақ іске шамалы да болса немқұрайлылық кедергі болуда. Қала болашағына деген жанашырлық, жүрек жылуы жетіспей жатады.

Қызылорда қазір танымастай өзгерген. Түнде орталық көшелерде автокөлікпен келе жатқанда көзімізге Алматы елестейді. Бұл – бұрынғы және қазіргі өңір мен қала басшылығының айтулы еңбек­терінің арқасында бол­ған сауапты дүние. Өңірді он­шақты жыл басқарып, бабалар өсиетін қалтқысыз орындап, алдыңғы қарымды аза­маттардың ауқымды іс­терін биік парасаттылықпен жалғастырып, жер­лестерінің ыстық ықыласына сола­йы­мен бөленген Қырымбек Көшербаевтың қала келешегін көрегендікпен болжап, Сол­жағаны ашып бергенін әрбір қызылордалық жүрегінде сақ­тамақ. Соңғы оншақты жыл ішінде қала әкімі Нұрлыбек Нәлі­баевтың шаршамай-талмай атқарып келе жатқан, жанашырлық, жаңашыл еңбегі де ұшан-теңіз. Ендеше, баршамыз осыған қолдау көрсетуіміз қажет-ақ!

Басты парыз, негізгі мақсат деген ұғым келеді бұрыннан. Сол айтқандай, біздің, қызылордалықтардың, басты міндеті – ол туған қаламызды көркейтуге бір адамдай қатысу, үлес қосу. Солай болып жатса күнде өсіп, кеңейіп келе жатқан құтты мекеніміздің шет-шеті мен түкпір-түкпірі гүлденеді, көгереді, жайқалады. Сөйт­кенде Ұлы Құдірет барша­мыздың ықыласымызды қол­дап, қаламызға нұр төгеді. Шаһарымыз шөлейт даланың кіндігінде орныққан, адамзат өміріне жағымды ерекше көгал оазиске айналады. Бұл даусыз. Осыған сенейік. Соған ат салысайық!

Ғалымдардың зерттеу­ле­ріне сү­йенер болсақ, онжылдық тал екі-үш адамға жетер оттегі өндіретін көрінеді. Сондықтан, қаламызда талдың көп болғаны қажет. Осы тұста «Ботқаны маймен бүлдірмейсің» деген қағида жадымызға оралады. Дәл біздің жағдайымызда бір адамға 2-3 тал тиесілі болса да артық болмайды. Егде кісілер өте ыстық күндері «ауа жетпейді» дегенді көп айтады. Бірақ, мұны қора-жайы жайқалған, үйінің сыртында өскен талы көп кісілер айт­қанын көрген жоқпыз. Бұл сөзді өзі түгіл, үйінің күннен қорғанар талы жоқ кісілердің айтары анық. Сөйтсек, ауа жетпейді дегені оттегінің аздығы екен. Ендеше, талдың қалада көп болуы тұрғындардың денсаулығына өте қажет. Енді біз өз олқылығымызды айқын байқап, үйіміздің алдында бос жатқан жерге тал егеміз, көгертеміз. Сөйтіп, көршіміздің ертеде егіп қойған талдары шығарған, өздеріне ғана жетіп жатқан оттегіге бұрынғыша тіпті жармаспаймыз.

Есімде, осы өңірде болған үлкен жиында сөйлеген сөзінде Қызылордада бұрын біраз еңбек етіп кеткен белгілі азамат аймақ тұрғындарына жағымды сөз айтқысы келді ме, былай деп еді: «Менің еркімде болса Қызылордада тұрып жатқан азаматтарға тек сол үшін ғана медаль берген болар едім». Біразы осыны қолдағандай сияқты күлді. Көпшілігі ойланды. Мүмкін, сол уақта бұл азаматтың санасында бөтен ой да болмаған шығар. Бірақ, осы сөзге өз басым іштей шамдандым. Өзіме сонда сұрақ қойдым. Неге мен өз жерімде, дүние есігін ашқан атырапта туып-өсіп, азамат болып күн-көрісімді айырып, ұрпағымды өсіріп қызығын көріп жүрген топырақта туғаным үшін ғана марапат дәметуім керек?! Қайта мен сол туған өлкеме қолымнан келсе неге жақсылық жасап көмектеспеймін?! Ендеше, осы істеріміз сол бас­ты мінде­тіміздің кепіл­демесі болары анық, ағайын!

Үйіміздің көше бетіндегі жағдайды егжей-тегжейлі тарқаттық. Енді қорамыздың ішіне енейік. Аула ішіндегі жерге көкөніс өсіретін әдетіміз бар. Бұл дұрыс та шығар. Бірақ, сол көкөніс өсіруді арасына жеміс ағаштарын көгертумен ұтымды ұйқас­тыруға әбден болады. Сөйткенде қора ішінің экологиясын күрт жақсартамыз және бұл қосымша жеміс алудың да жолы. Сондықтан, аула шағындығына қарамастан мұнда кем дегенде оншақты түп алма, алмұрт, өрік ағаштарын өсіргеніміз абзал. Сонда үйіміздің сырты мен іші мол экологиялық жарасымдықта болары анық.

Біреулер айтуы да мүмкін: «Біздің күнделікті жұмысымыз, еңбегіміз Қызылордаға істеген жақсылығымыз сол» деп. Жоқ, ол қате! Адам күнкөрісін қайда жүрсе де айырады. Оған дау жоқ. Бірақ, туған жер, туған шаһар үшін біздің әрқайсымыз болмағанда бір тал ағаш егіп, бір тал гүл өсіріп, ауламызда шаң-тозаң мен қоқыстың болмауын қадағалау біздің басты парызымыз. Осыны балаларымызға, немерелерімізге үйретіп, тәрбиелесек, онда келер ұрпақ ықыласына бөленеміз.
Мақаланың атын «Құт мекенім – Қызылорда» де­дім. Мекенімнің орнына «Мекеніміз» деп те қайыруыма болар еді. Бірақ, арнайы солай жаздым. Өйткені Қызылорданы барынша өзіме бұрып, жақын тұтқым келді. Жалпылама, ортақ дүниедей емес. Кәдімгі жеке меншігімдей. Сонда, әркім жанын салады емес пе? «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деп бабалар бекер айтпаған шығар. Өйткені, «Құт мекенім – Қызылорда» деп осындағы әрбір тұрғынның жеке-жеке айтарында еш күмәнім жоқ! Қызылорда – олардың да меншігі. Мен солардың бірімін. Олай болса әрқайсымыз өз шаһарымызға, өз мекенімізге бас иіп, жақсылық істегіміз келіп тұрады әрдайым. Қолымыздан келер ең оңайы – жоғарыда айтқанымдай қаланың күн өткен сайын көгеріп, көгал­дануына нақты үлесімізді қосу. Менің осы сөзімді кешке оқыған қызылордалық келесі күні ертемен ауласына шығып, өзінің ісіне сын көзбен баға беріп, алдыңғы игілікті ісі мен қимылын болжайды деп сенемін. Басқа да сауапты істер атқара алсақ құба-құп. Тіпті болмағанда жанымыздағы әрбір қызылордалықтарға олар­дың өнегелі істері мен жақсы сөздері үшін жылы ықыласты, игілікті қолдау ақ ние­тімізді аямайық, аға­йын! Осының өзі түсінгенге үлкен, сауапты іс.

Көктемгі көшеде әріптесім кез болды. Жүре әңгімелестік. Табиғаттың оянуы жөнінде. Ол бастады сөзді. «Жаңа ғана бір аула тұсынан өттім. Үй жанында жеміс ағаштар – алма, алмұрт, шие. Гүлдеп тұр екен. Гүлдері қандай, тамаша!» – деді ол көтеріңкілеу үнмен. «Сонша таңғалдың ғой, не болды?» – дедім, қарап тұрмай. «Сол үй иесі жаман адам емес. Ол көшемен өткендер жүрегіне жылулық пен жақсылық, әдемілік пен мейірім сыйлап тұр. Әйтпесе, осыдан келер оған өзге пайда жоқ» – деп жауап қайырды досым. Ол тағы мүдірмеді: «Сен білесің бе, не болар еді, әгәраки жұрттың баршасы осыны қолдап үйлерінің тұсына жеміс ағаш өсіріп, гүлзар орнатса?» – деді. Амалсыз ойландым. Шынында, не болар еді?! Қаламыз одан сайын құлпырар еді. Табиғат пен адамның үйлесімділігі биіктер еді. Азаматтың рухани игілігі де салмақтанар еді. Өзіміз де шамалы өзгеріп, өмір сүруіміз жұмсарар еді. Бәлкім, іске асар, орындалар арман шығар?!

Серікбай ҚОШҚАРОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры,

Қызылорда қаласының
Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<