Қызылордада әр сенбіде жәрмеңке өтеді

426

0

Өткен сенбіде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев облыс орталығындағы азық-түлік жәрмеңкесін аралап, тұрғындармен тілдесіп, шаруалармен жүздесті. Аймақ басшысы алдымен Астана даңғылының бойындағы Шиелі ауданы шаруа қожалықтарының өнімдері ұсынылған жәрмеңкеге келіп, халықпен бірге азық-түлік өнімдерін сатып алды.

Мұнда 22 ауылдық округтен және Шиелі кентінен жинақталған барлығы 47 көлікке тиелген 239 тонна өнім әкелінді. Жалпы құны 38,4 млн теңгеден астам 25 өнім түрі саудаланды. Биыл Шиелі ауданы бойынша 31189 гектар егін егілген. Оның ішінде негізгі дақыл күріш – 12039 гектар, қалғаны – бақша өнімдері, дәнді дақылдар мен малазықтық дақылдар.

– Ауданның табиғи өнімдерін әкелдік. Шаруалар, диқандар ерте көктемнен бастап еңбек етіп, бүгін өнімдерін ұсынуда. Сонымен қатар, ет пен сүт, құс еті, жұмыртқа, тірі құс пен шұжық өнімдері төмен бағамен сатылуда, – дейді Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов.

Атап айтқанда, 36 тонна ақ күріш, 63 тонна көкөніс, 73 тонна бақша өнімдері, 61 тонна картоп, 1 тонна балық және т.б өнімдер төмен бағамен сатылды. Кәсіпкерлердің бірі Патима Маханбет өз өнімдеріне қала тұрғындарының сұранысы жоғары екенін айтады.

– Жәрмеңкеге шұжықтың 7 түрін әкелдік. Бағасы 1000-2500 теңге аралығында. Тұрғындар сұранысы жоғары. «Шиелі Шұжық» цехымыз былтыр өз жұмысын бастады. Серіктес ретінде «Байқоңыр» ӘКК жобаға 32 млн теңге қаржылай қолдау көрсетті. Цехымыз заманауи құрылғылармен жабдықталған. Тәулігіне 500 келіге дейін шұжық шығарамыз, тапсырыс болса, одан көп өнім дайындай аламыз. Негізі 12 түрлі шұжық дайындаймыз. Қазір барлық талапқа сай өнімдеріміз нарыққа шыға бастады. Шұжық түрлері Шиелінің өзінде ғана сатылып жатқан жоқ, облыс орталығындағы әлеуметтік дүкен сөрелерінде де бар, – дейді ол.

Жәрмеңкеде қарбыз-қауын, балық, құрт, ірімшік, күріш, көкөніс пен жеміс-жидектерге сұраныс жоғары болды.

Облыс әкімі «Тағзым» алаңында ұйымдастырылған Қызылорда қаласы шаруа қожалықтарының жәрмеңкесіне де қатысты. Табиғи тағам – қолдың өнімдерін сатып алып, сауда жасады. Жергілікті өнімдер қатарын көбейткен қауыннан жасалған чипсы, бұқтырылған ет, бал өнімдерін көріп, кәсіпкерлермен пікірлесті. Жәрмеңке алаңына келген халықпен тілдесті.

Тұрғындар үшін жәрмеңкеде 50 тоннадан астам ақталған күріш, 80 тоннадан астам картоп, 30 тонна пияз, 25 тонна сәбіз, 30 тоннадан астам көкөніс, 80 тоннадай бақша өнімдері, 10 тоннаға жуық ет пен шұжық, 5 тоннадан астам балық өнімдері, 3 тоннаға жуық нан және макарон өнімдері, 1 тоннадан астам сүт өнімі және 15 тонна кондитер өнімдері әкелінді.

Аймақ басшысына қала шаруаларының жеңілдетілген бағамен ұсынған жәрмеңкесін таныстырған Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қонысбекұлы әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тұрғындарға нарықтағыдан 15-20 пайыз төмен бағамен босатылып жатқанын жеткізді.

Облыс әкімі ауылдардан жеткізілген өнімдердің сапасы мен бағасын бағамдап, жауаптыларға бағаның негізсіз көтерілмеуін қадағалауды тапсырды.

Жәрменкеде қалаға қарасты кент пен ауылдық округтер, ауылшаруашылық құрылымдары, қала кәсіпкерлері және «Байқоңыр» ӘКК» ҰҚ» АҚ тарапынан тұрақтандыру қоры арқылы алынған азық-түлік өнімдері төмендетілген бағада тұтынушыларға ұсынылды. Онда күріштен бастап көкөніс, бақша дақылдары, ет, балық, сүт өнімдері мен мал азығы сынды 40-тан аса өнім түрі бар.

Жалпы Қызылорда қаласының  жәрмеңкесіне 60-тан аса автокөліктермен барлығы 116 тонна азық-түлік тауарлары жеткізілген. Атап айтқанда, 16,5 тонна картоп, 9,6 тонна сәбіз, 7,5 тонна жуа, 3,1 тонна қырыққабат, 2,5 тонна қызылша, 20 тонна ақ күріш, 800 келі нан және нан өнімдері, 0,5 тонна макарон өнімдері 4,3 тонна сиыр еті, 500 келі қой еті, 1,1 тонна жылқы еті, 200 келі шұжық, 4,4 тонна балық және басқа да өнімдерден бөлек, 40 бас қой қала тұрғындарына базар нарығынан 15-20 пайыз арзан ұсынылды.

Айта кетейік, жыл басынан бері 15 рет ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді. 12-13 қыркүйекте Сыр елінің Нұр-Cұлтан қаласындағы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 400 тонна өнім саудаланды. Сондай-ақ, 4 желтоқсанға дейін облыс орталығының тұрғындарына апта сайын аудандардың қатысуымен жәрмеңке өткізілетін болады.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<