Сырдария өзені – өлкенің өзегі

649

0

Су – тіршілік көзі. Қазіргі ғылыми-техникалық өркениет заманында суды тұтыну көздері толассыз көбейіп, шығыны да ұдайы өсіп тұрған кезде су проблемасы өзекті және күрделі болып барады. Бүгінгі күні Қызылорда өңірінде суармалы жер көлемі 185 мың гектарды құрайды. Әрине, мұның бәрі Сырдария өзеніне тәуелді.

Кеңес үкіметі тараған кез­ден бастап, мемлекетаралық су көздері, атап айтқанда, Сыр­дария өзенінің суы қыста мол­дығынан тасқын елді мекен­дер­ге қауіп төн­дірсе, нағыз егінге қажет ке­зеңде судың жетіспеуі ша­руаларға әб­ден қиындықтар ту­ғызды. Қыр­ғызстандағы ең ірі су қоймасы Тоқтағұлдың сы­йымдылығы 19,5 млрд тек­ше метр. Сол қоймадағы су электрстанциясынан халық ша­р­уашылығына қажетті электр жарығын өндіру мақ­сатында қыс мезгілінде 700 млн текше метр суды төменгі ағысқа тас­таса, егінге қажетті көктем, жаз ай­ла­рында 290-300 млн тек­ше метр су босатылады. Сыр­дария – мемлекетаралық, трансшекаралық өзен. Оның тө­менгі ағысы Тә­жі­кстандағы Қай­раққұм су қой­ма­сында 3,8 млрд текше метр су жиналып, қыс мезгілінде 708 млн текше метр, жаз айларында 250-300 млн текше метр су жіберіледі. Өзбекстанның келесі ірі су қоймасы – Әндіжан, оның сы­йым­дылығы – 1,75 млрд текше метр, қыста 7-10 млн, ал жазда 100-130 млн текше метр су жіберіледі. Сондай-ақ Шарбақ су қоймасынан қыста 150 млн, жаз айларында 100-120 млн су босатылады. Қазақстандағы екі облысты қамтамасыз ететін ірі Шардара су қоймасының сы­йым­дылығы – 5,7 млрд текше метр. Көксарай су реттегіші 1,5-1,7 млрд текше метр көлемде су жинауда. Көксарайдың атқа­ратын қызметі жаз айларында Қызылорданың егінін қосымша сумен қамтамасыз ету еді. Көк­сарай екі облыс аралығында орналасуына байланысты, Түр­кістан облысы да осы суды көкөніс-бақша шаруашылығын дамыту, суармалы егін көлемін арттыру мақсатында пайдала­нып отыр. Алайда, өзеннің тө­менгі ағысындағы Қызылорда облысына судың жіберілу мөл­шерінің жылма-жыл кемуі су тапшылығын тудырып келеді.

Бүгінде Қызылорда су то­рабы экс­плуатациялық мерзі­мі­нің келуі­не байланысты күр­­­делі жөн­деу­ді қажет етуде. Түркістан облысының суар­малы жер кө­лемі – 530 мың гектар. Қызыл­орда облысында 241 мың гек­тардың инженерлік жүйеге кел­­тірілгені – 185 мың гектар. Бұл арнайы күріш ауыспалы егісіне бейімделіп жасалған. Су тапшылығын жою мақса­тын­да облыс басшылығы тиіс­ті мамандармен бірлесе оты­рып көптеген жобаларды іске асыруда. Жаңақорған, Шие­лі аудан­дарының суармалы егіншілік жерлері теңіз дең­гейінен биік. Осыған орай екі ауданда Сырдария өзеніне үр­лемелі  тоспа қойылды.

Соңғы жылдары өңірде кү­ріш көлемін азайту туралы үл­кен сұрақтар туындап отыр. Өңірдің егіндік жер жағ­дайы негізінен шөл және шөлейт ай­мақ­тарда ор­наласқан. Күріш­тің эко­логиялық дақыл екендігін ға­лымдар да жан-жақты түсін­діруде. Тіпті базбіреулер дә­йексіз түсінікке май құйғандай болып отыр. Қысқасы, ертең сан соғып қалмайтындай әрекетті бүгіннен ойластырмасақ бол­май­ды. Өңірдегі күріш алқа­бының көлемін 70-80 мың гектардан кемітпеу, біріншіден, ар­найы инженерлік жүйеге кел­тірілген жерлерді сақтап қалу, жердің тұзданып, сортаң­данудан қорғау, сонымен қатар әртараптандыру мәселелеріне терең талдау жасап, ғылыми пікірлерге мән берілмесе, кеш болады.

Мемлекетаралық Сырдария өзенінің суын реттеу, әрине, үш мемлекет президенттерінің өзара келісім-шарттық негізін­де шешілетіндігі белгілі. Қыс мез­гілінде Сырдария өзені­не жо­ғарыдан түсетін су ел­ді мекендерге тасқын қаупін әке­­луде. Осындай қауіп­тер­ге тосқауыл қою үшін, Тоқта­ғұл­­дан суды қыс мезгілінде аз жіберу үшін, Қазақстан та­ра­пынан өтініш жасалады. Сон­дай-ақ Шардара су қойма­сынан тасталатын артық суды Арнасайға жіберу үшін де Өз­бекстанға өті­ніш жасауға тура келеді. Шардара су қоймасына күрделі жөндеу жүргізіліп, су­ды сақтау деңгейі артқан жағ­дайда, екі облыстың да суармалы егіншілігіндегі су тап­шылығын жою мүмкіндігі арта түскен болар еді.

Ескеретін және бір маңызды мәселе бар. Қазіргі кездегі су қорларының жетіспеушілігі мен суармалы алқаптардың ме­­­­лио­ративтік жағдайының на­­­шар­лауы күріш өсіруші шар­уа­­шы­лықтардың ахуалын тө­­мендетіп, ғылыми негіз­дел­ген тех­ноло­гияларын то­лық қол­­­дануға ке­дергі келті­ріп отыр. Ауыл ша­руа­шы­лығы са­ла­­сындағы эко­номи­­калық қаты­настардың қа­лыптасқан жағ­дайында, егін ша­руа­шылы­ғында ауыспалы егіс жүйе­сінің бұзылуы, күріш өсіру техно­логиясы мен су ре­жимінің дұ­рыс сақталмауы орын алуда.

Қазіргі кезде облыстағы суар­малы алқаптардың жағ­дайы өте төмен. Күріш атыз­дарының те­гіс­тігі талаптарға сай емес (+- 50 см-ге дейін ауытқиды), суару және қа­шырт­қы-кәріз же­лісі көміліп, жақтаулары құ­лап, қамыс ба­сып, гидротех­ни­калық құры­лыстар істен шық­­қан. Бұндай жағдайда егін алқап­тарында суды үнем­ді пай­даланып, өсі­рілетін дақыл­дар­дан жо­ғары өнім алу мүмкін емес.

Осы орайда Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі­нің баста­масымен Дүниежү­зілік Даму бан­­кінің қаржыланды­руымен іс­­ке асырылып жатқан «Ирри­га­­ция­лық және дренаждық жү­йе­лерді жетілдіру» (ПУИД-2) жоба­­сының екінші кезеңі аясында облыстағы су­армалы жер­лердің тұздану дә­режесін бол­дырмау үшін Жалағаш ау­данының Аққұм, Бұқарбай батыр, Мәдениет жөне Таң елді мекендеріндегі егін алқап­тарының 15123 гектарында ир­ригациялық және дренаждық жүйелерді қал­пына келтіру жұ­мыстары жүргі­зіліп жатқаны өте маңызды. Дегенмен, бұл жұмыстар тек қана суару ка­налдары мен қашыртқы-кәріз желілері, ондағы құ­­ры­­лыс­тар­­ды қалпына келтіру іс-әре­­кетін ғана қамтиды. Ал су қор­­ларын тиімді пайдалану мен күріш және ауыспалы егістегі басқа да дақылдардың өнім­ділігін арттыру үшін атыз бе­тінің тегістігінің орны ерекше. Осы бағытта институт ға­лым­дарының ұсыныстарымен об­лы­сымыздың ірі күріш өн­діруші шаруашылықтары ла­­зер­лі тегістегіштерді алып, кү­ріш атыздарының тегістігін та­лап­тарға сәйкестендіріп (+-5 см), гектарына 80 цент­нер­ден жоға­ры өнім алуға болатындығына көз жеткізіп отыр. Бірақ, көп­те­ген шаруа­шылықтардың қар­жылық-эко­номикалық жағдайы лазерлі тегістегіштерді сатып алу­ды көтермейді. Сондықтан, осы ғылыми негіздемені ескере отырып, экономикалық тиім­ділік­ке қол жеткізу үшін арнайы бағдарлама жасау қажет. Оның түрлі жолдары бар. Мысалы, ар­найы мамандандырылған ме­хани­калық серіктестіктер құру, тегіс­телген жерлерге кеткен шығын­дарды субсидиялау жә­не басқа амалдарын қарастыру.

Ы.Жақаев атындағы Қазақ кү­ріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдары су ресурстарын үнемдеу мақ­сатында, суды аз талап ететін, вегетациялық қысқа кезеңдегі күріш сорттарын шығарып, өн­діріске енгізумен қатар, ауыс­­палы егіс жүйесінде күріш­тің үлесін азайтып, әрта­рап­­­тандыру дақылдарын ор­на­ластыру жө­нінде де ұсы­ныс­тар жасауда.

Қазіргі уақытта барлық ауыл шаруашылығының өнді­ріс­­­тік салаларында жоғары өнім­ді техникалар қолданысы үл­кен сұранысқа ие. Оның ішін­де, әсіресе, суармалы жүйедегі судың ағынын реттеу­дің ма­ңызы зор. Өкінішке орай, бүгінге дейін отандық өндіріс мұндай санаттағы қондыр­ғы­­ларды шығармайды. Ал, ше­телдік өндіріс орындарына қым­баттығына орай тапсырыс жоқ.

Аймағымыздағы ауыспалы егіс жүйесі элементтерінің та­­лап­тарға сай болмауына бай­ланысты, күріш егісіне бе­рілетін судың көп бөлігі тиім­сіз, яғ­ни 50%-ға жақын мөл­шері есеп­сіз қашыртқыға тасталуда. Сон­дықтан күріш алқаптарында су ресурстарын рационалды пайдалануды қам­тамасыз ету үшін атыздарға су беру, қашыртқылау және үнемі есепке алуды құрал-жаб­дықтармен қамтамасыз ету күр­делі мәселе болып отыр.

Институт ғалымдары кү­рішті суару кезеңінде қажетті су рет­тегіш құрылғыларын жа­сап, өн­дірістік жағдайда көр­сетіліп, Сырдария ауда­нының «Шаған-Жер» және Жалағаш ауданының «Ер-Әлі» шаруашылықтарының кү­­ріш атыздарына орнатып, сы­­­нақтан өткізді. Бұл авто­мат­­тандырылған құрыл­ғылар күріш атыздарына су беруді, есепке алуды және қа­шырт­қылауды тәулік бойы қам­тамасыз етеді. Сонымен қа­тар су­шының жұ­мысын же­ңіл­детіп, еңбек өнім­ділігін арт­тырады және құ­рас­тырылуы мен басқарылуы оңай құрыл­ғының бағасы да қол­жетімді.

Сонымен, қазіргі су тағды­рына және оның ықпалы­нан орын алатын егін шаруа­шы­лы­ғына қатысты ғылым мен нақты еңбек арасындағы үй­лесім ерекше мәнге ие болып отыр. Өйткені, судың, яғни Сырдария өзенінің тағдыры – Сыр елінің тағдыры. Бұл орайда белгілі ғалымдар мен мамандар, тікелей жұмыс жа­сап отырған өкілдер пікір-пайымын, дәлел-дәйегін ұсы­нады, тәуір тұжырым жасалады деп ойлаймыз.

Қ.Бегалиев,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты,

Ж.Байманов,

техника ғылымдарының

кандидаты, доцент

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз